Прокуратура оқушылар арасындағы бопсалау әрекеттері мен балалардың қазасы арасында тікелей байланыс бар екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қылмыстық іс бойынша жеті адамға айып тағылды.
Қайғылы оқиға Қордай ауданына қарасты Қаракемер ауылында болған. Тергеу барысында ауыл мектептерінде «Система» деп аталатын бейресми құрылымның әрекет еткені анықталған. Оның өзіндік иерархиясы, оқушылардың бір-біріне бағыну тәртібі және белгіленген ережелерді бұзғандарға жаза қолдану жүйесі болған.
Жамбыл облысы прокуратурасының мәліметінше, арнайы прокурорлар оқушылар арасындағы бопсалау деректерін зерттеп, олардың үш жасөспірімнің өлімімен байланысын анықтаған.
– Жиналған дәлелдемелердің жиынтығы бопсалау әрекеттері мен үш кәмелетке толмағанның қазасы арасында себеп-салдарлық байланыстың бар екенін көрсетеді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Тергеу қорытындысы бойынша екі күдіктіге Қылмыстық кодекстің 194-бабының 2-бөлігі (қорқытып алу) және 105-бабының 2-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша айып тағылды. Екеуі де қамауға алынған.
Тағы бес адамға қорқытып алу бабы бойынша айып тағылып, оларға қатысты өзге бұлтартпау шаралары қолданылды.
Прокуратураның хабарлауынша, қазіргі уақытта оқушылар арасындағы «Система» құрылымының қызметі тоқтатылған. Сонымен қатар құқық қорғау органдары жауапты мекемелердің әрекеттеріне құқықтық баға беріп, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу үшін тиісті ұсыныстар енгізген.
Қылмыстық іс 23 қазанда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жолданды.
Айыпталушылардың кінәсі сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана анықталады. Тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.