«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ақпараты бойынша, егін егуге ақша алу, асыл тұқымды мал сатып алу немесе ферма салу – осы міндеттердің әрқайсысы үшін аграршыларға әртүрлі қаржыландыру шарттары қажет, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірушілері «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның бірнеше бағдарламасын пайдалана алады. Олар түрлі міндеттерді шешуге көмектеседі: көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу, айналым қаражатын толықтыру, асыл тұқымды мал сатып алу немесе өндірісті дамытуға қаражат салу.
Себуге арналған ақша – жылдық 5%-бен.
Егін егу немесе егін жинау науқанына дайындалу үшін шаруашылыққа қаражат қажет болса, «Кең дала 2» бағдарламасына назар аудару керек.
Алынған ақшаны тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыш және өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұмсауға болады. Бағдарлама сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындар үшін көктемгі дала жұмыстарын жүргізуі үшін өсімдік шаруашылығы өнімдерін сатып алуға аванс беруді көздейді.
Кредит бойынша мөлшерлеме – жылдық 5%. Бір транш 18 айға дейінгі мерзімге беріледі, ал кредиттік желі 36 айға дейін қолданыла алады.
Ақшаны қайтару ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын ескере отырып көзделген. Өсімдік шаруашылығы негізгі борышты екі төлеммен өтейді: 5 желтоқсанға дейін және келесі жылдың 5 наурызына дейін.
Қарыз алушыға қойылатын талаптар да бар: әдетте, ауыл шаруашылығындағы жұмыс тәжірибесі кемінде үш жылды құрауы тиіс. Егер шаруашылық аз жұмыс істесе, бағдарламаға қатысу үшін облыс әкімдігінің қолдауы талап етіледі.
Құрылыс пен шаруашылықты дамытуға – 15 млрд теңгеге дейін.
Өндірісті кеңейтуді, ауыл шаруашылығы нысандарын салуды немесе жаңғыртуды жоспарлап отырғандарға «Агробизнес 2.0» бағдарламасы қолайлы.
Қаржыландыруды ауыл шаруашылығы нысандарын салуға және жаңғыртуға, суаруды дамытуға, қарқынды бақтар салуға, өнеркәсіптік жылыжайлар, қоймалар мен қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға алуға болады.
Тікелей қарыз алушылар үшін мөлшерлеме жылдық 12,6%-ды құрайды, ал несиенің ең жоғары сомасы – 15 млрд теңге.
Мерзім қаржыландыру мақсатына байланысты. Егер инвестициялық жобаға ақша қажет болса, несиені 15 жылға дейін рәсімдеуге болады. Егер айналым қаражатын толықтыруға – төрт жылға дейін.
Өтінімді қарау кезінде мамандар жобаның қаншалықты жақсы ойластырылғанын бағалайды. Кәсіпкердің өзінің қатысуы, салымдардың экономикалық негізділігі, өзін-өзі ақтау мерзімі, шикізаттың және өткізу нарықтарының болуы, сондай-ақ жабдықтар мен жеткізушілердің дайындығы ескеріледі.
Асыл тұқымды малды сатып алуға – жылдық 6%-бен.
Мал өсірушілер үшін «Игілік» және «Береке» бағдарламалары қарастырылған. Екеуі де асыл тұқымды мал басын сатып алуға көмектеседі, бірақ әртүрлі көлемдегі шаруашылықтарға арналған.
«Игілік» бағдарламасы 100–499 бас ірі қара мал (ІҚМ) немесе 500–999 бас ұсақ мал (ІҚМ) бар шаруашылықтарға жарамды.
«Береке» ірі шаруашылықтарға арналған: 500 бас ІҚМ немесе 1000 бас ҰҚМ.
Екі бағдарлама бойынша да шарттар бірдей: жылдық 6%, қарыздың ең көп сомасы - 5 млрд теңге, несиелендіру мерзімі – жеті жылға дейін. Бұл ретте негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең үш жылға жетуі мүмкін.
Бұл бағдарламалар асыл тұқымды малдарды сатып алуға арналғанын ескеру маңызды. Мұндай қаржыландыру есебінен тауарлы мал сатып алуға болмайды.
Қандай бағдарламаны таңдау және не дайындау керек?
Өтінім бермес бұрын, шаруашылықтың қарызды қашан қайтара алатынын және не үшін қажет екенін анықтау маңызды.
Сондай-ақ шаруашылықтың қаржылық мүмкіндіктерін алдын ала бағалап, құжаттарды дайындап, қарыз алушыға және кепілдікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды тексеру керек. Қаржыландыру алу үшін ауыл шаруашылығындағы жұмыс тәжірибесінің, жобаға өзінің қатысуының және оның экономикалық негізділігінің маңызы болуы мүмкін.
Ең бастысы – шаруашылықтың нақты міндетіне бағдарламаны таңдау және қарызды қайтару қаншалықты ыңғайлы болатынын алдын ала есептеу. Несиені рәсімдеу алдында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-да өзекті пайыздық мөлшерлемелерді, талаптарды және өтінім беру тәртібін нақтылау қажет.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.