Қытайдың сауда балансының профициті 1 трлн доллардан асты: әлем экономикасы дайынсың ба?

Елдің сыртқы саудадағы оң сальдосы 2026 жылдың алғашқы он айында-ақ 1 трлн доллардан асып, жаңа рекордқа жақындаған. Қытайдың әлемдік нарықтағы үстемдігі күшейген сайын Еуропа мен АҚШ-та алаңдаушылық күшейді.

Бас кеден басқармасы мен The New York Times деректеріне сүйенген Aikyn.kz Қытайдың экспорттық табысының себептері мен оның әлемдік саудаға ықпалын талдайды. 

Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қытайдың сыртқы саудадағы оң сальдосы 1,04 трлн долларға жетті. Яғни елдің шетелге сатқан тауарларының құны шетелдерден сатып алған тауар көлемінен осыншалықты көп болған. Тек қазан айында Қытай 412,3 млрд долларлық тауар экспорттап, сырттан 307,1 млрд долларлық өнім сатып алған. Экспорт бір жылда 35,2%-ға, импорт 41,6%-ға өсті. Айлық сауда профициті 105,3 млрд долларды құрады.

Қытайдың басты артықшылығы – арзан өндіріс пен озық технологияның ұштасуы. Автоматтандырылған зауыттар, дамыған логистика, мемлекеттік қолдау және әлсіз юань қытайлық тауарлардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуде.

Әсіресе күн панельдеріне, электромобильдерге, микрочиптерге және жасанды интеллектке арналған деректер орталықтарының жабдықтарына сұраныс жоғары.

Қытай экономикасындағы ең үлкен қайшылық – экспорттың қарқынды өсуіне қарамастан, ішкі тұтынудың әлсіздігі. Жылжымайтын мүлік нарығындағы ұзаққа созылған дағдарыс миллиондаған отбасының қаржылық жағдайына кері әсер етуде. Тұрғын үй бағасының құлдырауы халықтың жинаған ақшасының құнын төмендетіп, тұтынушыларды үнемдеуге мәжбүрледі. Нәтижесінде қытайлық кәсіпорындар ішкі нарықта жеткілікті сұраныс таба алмаған өнімдерін шетелге сатуда. Бейжіңнің импортты отандық өндіріспен алмастыру саясаты да шетелдік тауарлар мен бөлшектерге тәуелділікті азайтқан. Hinrich Foundation сарапшысы Дебора Элмстің пікірінше, Қытайдың өндірістік тізбектері дамыған сайын шетелден қосалқы бөлшектер сатып алу қажеттілік төмендеуде.

Қытайдың саудадағы басымдығы әсіресе Еуропаға қиындық туғызды. Алғашқы он айда Қытайдың Еуропамен саудадағы оң сальдосы 320,8 млрд долларға жеткен. Ал АҚШ-пен саудадағы көрсеткіш 266,5 млрд долларды құрады.

Германия мен Францияның өнеркәсібі Қытайдың арзан тауарларымен бәсекелесе алмай отыр. Жақында Германия өнеркәсібіндегі жұмыс орындары ай сайын 14 мыңға қысқарып жатқаны хабарланды. Ал Қытайдың өзінде 2020 жылдан бері өңдеу өнеркәсібінде еңбек ететіндер саны 71 млн адамға жеткен.

Бүгінде Қытай әлемдік өндірістегі үлесін ұлғайтып, өз экономикасын экспорт арқылы күшейте бастады. Бірақ бір елдің саудадағы рекорды өзге мемлекеттердің өндірістік әлеуеті мен жұмыс орындарына қысым түсіруі мүмкін.

Қазақ Елі үшін де бұның маңызы зор. Қытаймен сауда байланыстары жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, отандық өндірістің арзан импортқа тәуелді болып қалмауы үкіметтің стратегиялық міндетіне айналуы тиіс.