Кезбе жүйке мазасыздық пен психологиялық күйзелістен құтқарады

Адам ағзасында ғалымдар кезбе жүйке деп атайтын ерекше жүйе бар. Осы табиғи тетікті электр импульстары арқылы ынталандырып, мазасыздық пен психологиялық күйзелісті азайтуға болады екен.

BBC Science Focus материалы негізінде Aikyn.kz кезбе жүйкенің адам ағзасындағы қызметін, оны ынталандыратын жаңа технологиялардың тиімділігін бағалайды.

Кезбе жүйке (vagus nerve) – адам ағзасындағы ең ұзын бассүйек жүйкесі. Ол мидан басталып, жүрек, өкпе, асқазан және ішек сияқты маңызды мүшелермен байланысады. Ғалымдар оны кейде ағзадағы «ақпараттық күретамыр» деп сипаттайды. Өйткені осы жүйке арқылы ішкі мүшелер мен ми арасында үздіксіз ақпарат алмасу жүріп отырады.

Кезбе жүйке парасимпатикалық жүйке жүйесінің маңызды бөлігі саналады. Бұл жүйе ағзаның тынығуына, ас қорытуына және күйзелістен кейін қалпына келуіне көмектеседі. Адам қауіп-қатерге тап болғанда немесе қатты қобалжығанда жүрек соғысы жиілеп, тыныс алуы жылдамдайды. Қауіп сейілген соң парасимпатикалық жүйе ағзаны біртіндеп қалыпты жағдайға қайтарады. Бұл да Жаратушының үлкен сыйы болар.

Nurosym құрылғысын әзірлеген Parasym компаниясының зерттеу бөлімінің жетекшісі Элизабетта Бурчидің айтуынша, кезбе жүйке ағзаның күйзеліске қарсы табиғи жауабында маңызды рөл атқарады.

Кезбе жүйкені әлсіз электр импульстары арқылы ынталандыру технологиясы медицинада бұрыннан белгілі. Хирургиялық жолмен орнатылатын құрылғылар эпилепсияны және кейбір ауыр депрессиялық жағдайларды емдеуде қолданылып жүр. Ал жаңа құрылғылар операцияны қажет етпейді. Солардың бірі – Nurosym. Құлаққа тағылатын шағын құрылғы жүйкенің құлақ аймағындағы тармағына әлсіз электр импульстарын жібереді. Дәрігерлер оны күніне 30-60 минут пайдалануды ұсынады.

Құрылғыны кітап оқығанда, сабақ оқығанда немесе демалып отырғанда тағуға болады. Бірақ оның тиімділігі толық дәлелденген жоқ.

2025 жылы Техас университетінің ғалымдары жарақаттан кейінгі күйзелістік бұзылысы бар 9 адамға жүргізілген тәжірибенің нәтижелерін жариялады. Дәстүрлі психотерапиямен бірге қолданылған кезбе жүйкені ынталандыру тәсілі қатысушылардың жағдайын жақсартқан. Оң нәтижелер 6 ай бойы сақталған.

Төмендегі әзіл видео да адамның жүйке жүйесін тыныштандыруға көмектесетін болар. Алайда бұл тәжірибеде құлаққа тағылатын Nurosym емес, хирургиялық жолмен орнатылған басқа құрылғы пайдаланылған. Сондықтан нәтижені Nurosym тиімділігінің тікелей дәлелі ретінде қарастыруға болмайды.

2026 жылы жарияланған ғылыми шолулар кезбе жүйкені құлақ арқылы ынталандыру кейбір адамдарда мазасыздық белгілерін азайтып, ұйқы сапасын жақсартуы мүмкін екенін көрсеткен. Бірақ зерттеулердің көлемі мен әдістемесі әртүрлі. Сондықтан ғалымдар бұндай технологиялардың ұзақмерзімді тиімділігі мен қауіпсіздігін анықтау үшін ауқымды клиникалық сынақтар қажет екенін ескертеді.

Ең маңыздысы – кезбе жүйкені ынталандыратын құрылғыларды мазасыздықты біржола жоятын ғажайып ем деп қабылдамау. Олар болашақта дәстүрлі емдеуді толықтыратын тиімді құралға айналуы мүмкін. Әзірге ғылыми зерттеу мен медициналық бақылауды қажет етеді.