Жиында айтылған мәселелерді оңтайлы шешу, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту туралы Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Раушан Нұрғалиқызы пікірін айтты.
Президентіміздің кез келген тіл – Жаратқанның адамға берген нығметі деген ойымен толық келісемін. Әр халықтың тілі құрметке лайық. Қазақ тілін дамытуда да осы өзара сыйластықты сақтап, тілімізді бірлік пен ынтымақ тілі ретінде нығайтуымыз керек.
Алаш қайраткері, ақын Мағжан Жұмабаев: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу», – деген. Мен үшін бұл сөздің мәні терең. Тіл арқылы бала халқымыздың тарихын, дүниетанымын, құндылығын бойына сіңіреді. Сондықтан ана тілімді білу, күнделікті қолдану және балаларыма жеткізу – менің жеке жауапкершілігім. Ал мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі – барша қазақстандыққа ортақ құндылық.
Мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін күнделікті өмірден көріп жүрміз. Өз тәжірибемде де бұрын жұмыс барысында құжаттардың басым бөлігі орыс тілінде жүргізілетін. Бүгінде қазақша сөйлейтін, жазатын, іс жүргізетін адамдар көбейді. Қазақ тілінің қоғамдық және кәсіби ортадағы орны нығайып келеді. Бұл – мемлекеттік тіл саясатының нәтижесі, қоғамдағы сұраныстың да көрінісі. Енді осы оң бетбұрысты жүйелі жалғастырып, сапаға баса мән беруіміз қажет.
Мен үш бағытты ерекше атар едім.
Біріншісі – балалардың тілдік ортасы. Ана ретінде баламыздың қазақ тілін жақсы көріп өскенін қалаймын. Оның негізі отбасында қаланады. Баламен әңгімелесу, бірге кітап оқу, ертегі айту күнделікті дағдымызға айналғаны жөн.
Сонымен бірге бүгінгі баланың қызығушылығына YouTube, әлеуметтік желілер мен ойындар да ықпал етеді. Бала өзіне қызықты дүниені таңдайды. Сондықтан қазақша мультфильмнің оқиғасы тартымды, кейіпкерлері есте қаларлық, суреті мен дыбысталуы сапалы болуы қажет. Балаларға арналған өнімнің нәтижесін қанша мультфильм шығарылғанымен ғана өлшемей, оны балалардың қаншалықты қызығып көретініне де қарау керек. Бала өзі іздеп көретін, келесі бөлімін асыға күтетін дүниелерді көбейтуіміз қажет. Осындай өнім жасайтын шығармашылық ұжымдарға жүйелі қолдау көрсетіп, еңбектерінің кең таралуына жағдай жасаған жөн.
Екіншісі – кітап пен заманауи білім. Өзім кітап оқығанды жақсы көремін. Қазір «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысып, қазақ тіліндегі кітаптарды сүйсініп оқып жүрмін. Бұған дейін «Қазақ тіліндегі 100 бизнес-кітап» жобасы аясында бизнес-кітапты қазақ тіліне аудару жұмысына атсалыстым. Кәсіпкерлік тәжірибемнен білемін: қазақ тіліндегі сапалы кәсіби әдебиет іскер азаматтарға білімін толықтырып, оны өз ісінде қолдануға мүмкіндік береді.
Сондықтан көркем әдебиетпен қатар кәсіпкерлік, құқық, медицина, инженерия және басқа салалардағы сапалы еңбектерді көбейту қажет. Олардың тілі түсінікті, емлесі мен терминдері бірізді болғаны маңызды. Қазақша оқитын жас өзіне қажетті заманауи білімге еркін қол жеткізуі керек. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласында да қазақ тілінің мүмкіндігін кеңейтуіміз қажет.
Үшіншісі – қазақ тілін үйренгісі келетін әр адамға қолжетімді әрі нәтижелі оқу мүмкіндігін ұсыну. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері тұрады. Мемлекеттік тіл – баршамызға ортақ. Сондықтан адамның ұлтына, жасына немесе тілді қаншалықты білетініне қарамастан, үйренуге деген ниетін қолдауымыз қажет.
Бұл бағытта Ахмет Байтұрсынұлының еңбегінен алар тағылым мол. Ол қазақ жазуын жүйелеп, оқулықтар әзірлеп, оқыту әдістемесіне ерекше көңіл бөлді. Бүгінде де қазақ тілінің байлығын сақтай отырып, оны үйренушіге түсінікті жолмен, кезең-кезеңімен меңгерту маңызды.
Әлемдік тәжірибедегі тиімді тәсілдерді пайдаланып, қолданыстағы оқыту бағдарламаларын жетілдірген жөн. Бастапқы деңгейден жалғастырып оқуға мүмкіндік беретін тегін курстар, жұмыс істейтін азаматтарға ыңғайлы кешкі және онлайн сабақтар қажет. Еңбек ұжымдарында мамандыққа бейімделген тіл сабақтарын, кітапханалар мен оқу орындарында тұрақты сөйлесу клубтарын ұйымдастыруға болады.
Оқу күнделікті қажеттілікке негізделуі керек: адам өзін таныстырып, сұрақ қойып, ойын жеткізіп, жұмысына қатысты әңгімеге қатыса алсын. Сабақта үйренгенін күнделікті қарым-қатынаста қолдануына мүмкіндік жасасақ, нәтижесі де орнықты болады. Курстардың тиімділігін бағалағанда қатысушылар санымен шектелмей, олардың қазақша сөйлесу дағдысының қаншалықты қалыптасқанын ескерген жөн. Ең бастысы – үйренушіні жатсынбай, қатесіне түсіністікпен қарап, сөйлесуге тарту.
Әрине, жасалған мүмкіндікті өзіміз де пайдалануымыз керек. Тіл үйрену адамның ықыласын, уақытын және тұрақты еңбегін қажет етеді. Әрқайсымыз «Қазақ тілін күнделікті қаншалықты қолданып жүрмін? Балаларымның тілге қызығушылығын қалай арттырып жүрмін?» деген сұрақтарды өзімізге қойып отырғанымыз жөн.
Тілді білетін азаматтың да үлесі маңызды: үйреніп жүрген адаммен қазақша сөйлесіп, сөзін сабырмен тыңдап, қажет жерде көмектесу. Біріміз үйренуге күш салсақ, біріміз қолдау көрсетсек, ортақ еңбегіміздің нәтижесі де артады.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі ретінде қазақ тілінің қоғамды біріктіретін рөліне ерекше мән беремін. Мемлекеттік тілді дамыту – баршамызға ортақ жауапкершілік. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмысты жүйелі жалғастырып, тіліміздің қолданысын кеңейте беруіміз керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді.
Мен қазақ тілінің болашағына сенемін. Ұрпағымыз ана тілін мақтан тұтып, барша азамат қазақ тілін өзіне жақын сезінетін орта қалыптастыру – бәрімізге ортақ мұрат. Қазақ тілі бірлігіміз бен ынтымағымызды нығайтып, баршамызды жақындастыратын тіл болсын!