Құрылтай Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған энергия жүйесінің тұрақтылығын нығайту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Бірқатар салалық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл туралы Aikyn.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, «Электр энергетикасы туралы» заңға енгізілетін түзетулер электр энергиясын жинақтау жүйелерінің жұмыс істеуіне және оларды көтерме нарыққа интеграциялауға құқықтық негіз қалыптастырады. Мұндай жүйелерді салу жобаларын аукцион арқылы іріктеу тетігі енгізіледі. Сондай-ақ олардың электр қуатының қолжетімділігін қолдау жөніндегі қызметтерді көрсету және электр энергиясына тиісті тарифтерді қалыптастыру тәртібі айқындалады.
Сонымен қатар электр энергиясын жинақтау жүйелері операторларының құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Олардың қатарында қуат пен сыйымдылықты аттестаттаудан өткізу, сондай-ақ электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін орнатуды қамтамасыз ету талаптары бар.
Өз кезегінде «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңға енгізілетін өзгерістер оның реттеу аясын кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, заңның атауын «Баламалы энергетиканы дамыту туралы» деп өзгерту ұсынылады. Оның нормаларын сутегі және атом энергетикасына, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға, шығарылатын жылуды пайдалануға және энергия өндірудің өзге де технологияларына қолдану көзделген.
Бұл ретте заң жобасына сәйкес атом энергетикасын құқықтық реттеу жеке заңнама шеңберінде сақталады.
Бұдан бөлек, «баламалы энергетика», «жаңартылмайтын энергия көздері» және «баламалы энергетика объектілері» деген жаңа ұғымдар енгізіледі. Осы саладағы мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен нысандары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақтыланады.