Қазақстанның ұлттық павильонында өткен сессияда ол циркулярлық экономиканы дамытудың негізгі бағыттарын, қалдықтарды басқару жүйесін цифрландыру жоспарларын және қайта өңдеу саласына инвестиция тарту тетіктерін таныстырды.
Ержан Сәрсенбай Қазақстанның ресурстарды ұтымды пайдалануға, қалдықтардың түзілуін азайтуға және оларды өндірістік айналымға қайтаруға негізделген экономикалық модельге кезең-кезеңімен көшіп жатқанын атап өтті.
Бұл бағыттағы негізгі жұмыстардың бірі 2026-2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасын іске асыру болып отыр. Саланы басқарудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру аясында «Жасыл даму» АҚ 2026 жылы Қалдықтарды басқарудың ұлттық орталығы мәртебесін алды.
Жаңа тәсіл коммуналдық, өнеркәсіптік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де қалдықтарды кешенді есепке алуды көздейді. Сонымен қатар олардың қозғалысын бақылауға және қайта өңдеу мүмкіндіктерін бағалауға арналған цифрлық құралдар әзірленеді.
Атап айтқанда, 2028 жылға қарай ел көлемінде қалдықтарды түгендеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр. Жиналған деректер негізінде жасанды интеллект қолданылатын бірыңғай цифрлық жүйе дамытылады. Ол қалдықтардың түзілген сәтінен бастап қайта өңделуіне немесе қауіпсіз жойылуына дейінгі бүкіл жолын қадағалауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ұлттық инвестициялық карта әзірлеу көзделген. Онда қолжетімді қайталама шикізат көлемі, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қайта өңдеу қуаты және жаңа өндіріс орындарын ашудың перспективалы бағыттары көрсетіледі.
«Біздің міндетіміз ресурстардың қозғалысын жекелеген деректер мен шешімдер негізінде емес, тұтастай қарастыруға көшу. Инвестиция салу және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі шешімдер нақты әрі объективті ақпаратқа сүйенуі тиіс», - деп атап өтті Ержан Сәрсенбай.
Баяндамада қайта өңдеу саласының даму нәтижелеріне де назар аударылды. Қазақстанда жыл сайын шамамен 5 млн тонна коммуналдық қалдық түзіледі. Сұрыпталған және қайта өңделген қалдықтардың үлесі 2019 жылғы 15%-дан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 30,6%-ға дейін өсті. Қазақстан 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40%-ға жеткізуді көздеп отыр.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін елімізде қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта жалпы құны шамамен 1 млрд доллар болатын жобалар портфелі қалыптастырылған. Оларды іске асыру қайта өңдеу қуатын арттыруға және бес мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қалдықтардың жекелеген түрлерін жинап, қайта өңдейтін кәсіпорындарға қаржылай қолдау көрсететін EcoQolday цифрлық бағдарламасы жұмыс істейді. 2024 жылғы тамыздан бері бағдарлама қатысушыларына төленген қаражат көлемі 13 млн долларды құрады.
Сөзінің соңында «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы циркулярлық экономиканы дамытудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті. Бұл ретте технологиялар мен тәжірибе алмасуға, инвестиция тартуға, сондай-ақ Орталық Азия елдері және халықаралық әріптестермен бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше мән беріледі.
Мұндай әріптестік қайта өңдеу өнеркәсібінің мүмкіндіктерін кеңейтуге, ресурстарды тиімді пайдалануға және өңірде жаңа өндірістік байланыстар орнатуға ықпал етеді.