Жүздеген миллиард доллар тұратын деректер орталықтары жаңа қаржы дағдарысын туғыза ала ма?

ЖИ-ге арналған деректерді өңдеу орталықтарының құрылысы әлем бойынша қарқын алды. Бұл үрдіс Қазақ елінде де байқалады. Дәл осы кезде сарапшылар жүздеген миллиард долларлық инвестицияның ақталмай қалуынан қорқуда.

BBC Science Focus басылымының материалын талдаған Aikyn.kz жасанды интеллект инфрақұрылымына жұмсалып жатқан орасан зор қаржының экономикалық тәуекелдерін болжайды.

Деректерді өңдеу орталықтары (ДӨО) – жасанды интеллект жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін негізгі инфрақұрылым. Олар тәулік бойы электр энергиясын тұтынып, салқындату үшін үлкен көлемде су пайдаланады. 2023 жылы АҚШ-тағы дата-орталықтар шамамен 67 млрд литр су тұтынған. Ал 2025 жылдың соңына қарай елде жалпы қуаты 50 ГГВт-қа жуық 4 000-нан астам осындай нысан болған. Бірақ басты қауіп табиғи ресурстардың тапшылығымен шектелмеуде.

Экономистер Джонатан және Джессика Вахтердің есептеуінше, ірі технологиялық компаниялардың АҚШ-тағы жаңа инфрақұрылым мен жабдықтарға жоспарлаған инвестициясы 2026 жылдың соңына қарай 750 млрд доллардан асып түспекші. Ал 2027 жылы жылдық шығын көлемі 1 трлн долларға жетеді деп күтілуде. 

Инвесторлар салған капиталынан 15% табыс күтсе, бұндай орталықтардың экономикалық тиімділігі 2,7 есе артуы қажет деген есеп келтірілген.

Мәселе салынған қаржының қайтарылуында. Жасанды интеллект қызметтерінен түсетін табыс осы инвестицияны өтей ала ма? Компаниялар құрылысты тек өз қаражатымен емес, қарыз есебінен де қаржыландырып жатыр. Егер күткен табыс аз болса, олар пайдасыз қымбат инфрақұрылымды не істейді? Ірі қарыздан қалай құтылады?

Экономикалық тарихшы Лиакат Ахамед қазіргі ЖИ дүрбелеңін XIX ғасырдағы америкалық теміржол құрылысының қарқынды өсуімен салыстырады. Азамат соғысынан кейін АҚШ-та теміржол желісі небәрі 7 жылда екі еселенген.

Алайда қарызға негізделген инвестициялық қарбалас 1873 жылы қаржы дағдарысына ұласып, бүкіл экономикаға ауыр зардап әкелді. Сол кезде теміржол құрылысына жұмсалған инвестициялар АҚШ экономикасының шамамен 2,5%-ына тең болған. Қазір де ЖИ инфрақұрылымына құйылып жатқан инвестициялар 2,8%-ға жетеді деп болжануда.Бұл міндетті түрде жаңа дағдарыс болады дегенді білдірмейді. Бірақ технологиялық компаниялардың қаржылық қиындықтары банктерге, инвесторларға және басқа салаларға таралуы ықтимал.

Калифорния университетінің профессоры Карл Боэттигердің айтуынша, компьютерлік чиптердің өнімділігі жылдам өсіп, ЖИ модельдері ықшамдалып келеді. Бүгінде қуатты серверлерді қажет ететін кейбір тапсырмалар болашақта қарапайым ноутбуктер мен смартфондарда орындалуы мүмкін.

Мичиган университетінің зерттеушісі Бен Грин де күнделікті тапсырмалардың көпшілігін шағын әрі арзан модельдер атқара алатынын айтады. Егер тұтынушылар сондай нұсқаларға жаппай көшсе, қазіргі салынып жатқан алып орталықтарға сұраныс азаятыны анық. Керісінше, болуы да мүмкін. Онда ЖИ арзандаған сайын оны пайдаланушылар көбейіп, есептеу қуатына жалпы сұраныс артады.

Бүгінгі ЖИ инфрақұрылымындағы басты белгісіздік – технологияның болашағы емес, оған салынып жатқан инвестицияның қаншалықты тиімді болатыны. Егер нарық күткен қарқынмен дамымаса, технологиялық серпіліс қаржылық дағдарысқа ұрындырады. Экономикалық заңдылық – осындай.