«Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президентіне мемлекетаралық іздеу жарияланды

Қазақстан Республикасының құқық қорғау және қаржылық мониторинг органдары «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы президентіне ресми түрде мемлекетаралық іздеу жариялады.

ҚМА Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті мемлекетаралық іздеу жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Іздеуде жүрген азамат Лория Григорий Отарович 1954 жылғы 18 наурызда туған, Қазақстан Республикасының азаматы, «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы» ЖШС-ның бұрынғы президенті.

Ол жалпы сомасы 414 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген.

2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген.

Тергеу дерегіне сай, күдікті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған, қаражаттың жеке шоттарға негізсіз аударылуын ұйымдастырған. Сондай-ақ бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтердің енгізілуін қамтамасыз еткен.

Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген.

Егер іздеуде жүрген азаматтың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлауыңызды сұраймыз, – делінген  агенттіктің жедел ақпаратында.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.