2026 жылғы 10 қарашада Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде «ЮНЕСКО-ның жанды мұрасы: әйел рөлі» көрмесінің ашылуы, фестивальдің ресми альбомының тұсаукесері және ЮНЕСКО-ның THE PLANET OF ART – 2026 халықаралық жастар фестивалінің «Келісім симфониясы» VI музыкалық циклінің Гала-концерті өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Фестивальді Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтарының федерациясы және Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының федерациясы, Қазақстанның Дүниежүзілік федерацияға төрағалық етуі аясында іске асырады.
2026 жылы фестиваль «ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау мен ілгерілетудегі әйелдердің рөлі» тақырыбында өтіп, ЮНЕСКО-ның 80 жылдығына әрі Дүниежүзілік ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтары федерациясының 45 жылдығына арналған. Байқау іріктеуіне әлемнің 54 елінен 3 жастан 18 жасқа дейінгі мыңдаған бала мен жас суретші қатысты, финалға шамамен 400 қатысушы шықты. Алғаш рет фестивальдің бейнелеу өнері және музыкалық циклдері бір алаңда – ЮНЕСКО штаб-пәтерінде тоғысты.
«80 жыл бұрын ЮНЕСКО өз жолын бейбітшілікті қорғау адамдардың санасында орнығуы керек деген ойдан бастады. Бүгін ЮНЕСКО штаб-пәтерінде бұл ой музыкамен жаңғырып, әртүрлі елдерден келген жас өнерпаздар бір оркестр секілді бір сахнаға шықты. Біздің міндетіміз – өз мәдениетін бағалайтын және өзгелердің мәдениетін құрметтейтін ұрпақ тәрбиелеу. Берік бейбітшілік осыдан басталады», – деп атап өтті бейнеүндеуінде Дүниежүзілік және Қазақстандық ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтары федерацияларының президенті Болат Ақшолақов.
Жоба тек әлеуметтік сипатта: барлық қатысушылар әлеуметтік жағдайы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, тегін негізде өз талантын көрсетуге және жетекші өнер қайраткерлерімен жұмыс істеуге тең мүмкіндік алады. Бұл жобаның ресми серіктестері – BI Group мен ТенгизШевройлдың, ал бірлескен серіктестері TotalEnergies E&P Kazakhstan мен Freedom Holding Corp. компанияларының Freedom Шапағат корпоративтік қоры арқылы көрсеткен қолдауының арқасында мүмкін болды.
«Балалар мен жастар шығармашылығын қолдау – талант, мәдениет және жасампаздық қоғам дамуының негізіне айналатын болашаққа қосылған үлес. Біз әрбір баланың өз әлеуетін ашуға, өзін әлемге танытуға және үлкен халықаралық мәдени диалогтың бір бөлігі болуға мүмкіндігі болуы тиіс деп сенеміз. BI Group үшін жас таланттарға халықаралық сахнаға жол ашатын және Қазақстан мәдениетінің байлығын әлемге танытатын бастамаларды қолдау – үлкен мәртебе», – деп атап өтті BI Group холдингінің директорлар кеңесінің мүшесі, мажоритарлық акционері Асхат Омаров.
Кеш «Сегюр» залында «ЮНЕСКО-ның жанды мұрасы: әйел рөлі» көрмесінің ашылуынан басталды. Экспозицияға фестиваль финалистерінің шамамен 60 жұмысы, сондай-ақ қазақстандық суретшілер – Қазақстанның ЮНЕСКО клубтарының елшісі Айгерім Қарибаева мен Бақыт Шүкетаевтың 27 туындысы енді.
Бүгінгі көрменің басты тақырыбы – мәдени мұраны сақтаудағы әйелдердің рөлі біздің екі елімізге де жақын. Қазақстанда да, Францияда да әйелдер қоғамда әрдайым маңызды рөл атқарған. Ұлттық дәстүрлердің сақталып, келер ұрпаққа жетуі көбіне солардың арқасы. Ал бүгін балалардың өз шығармашылығы арқылы осы маңызды істі жалғастырып жатқанын көріп отырмыз. Freedom Holding үшін, 24 елде жұмыс істейтін ірі халықаралық топ ретінде, мұндай бастамаларды қолдау – әлеуметтік жауапкершілік пен ESG күн тәртібінің маңызды бөлігі. Біз бизнес мәдени мұраны сақтауға үлес қосып, жас ұрпаққа мүмкіндік жасауға тиіс деп санаймыз. Сондықтан біз білім беру және мәдени жобаларға айтарлықтай ресурстар жұмсаймыз, – деп атап өтті Freedom Holding Corp. тұрақты даму және сыртқы байланыстар жөніндегі бас директоры Баглана Мусина.
Сағат 19:00-де I залда «Келісім симфониясы» Гала-концерті басталып, фестивальдің VI музыкалық циклін аяқтады. Қонақтарға ЮНЕСКО Бас директорының мәдениет жөніндегі орынбасары Nayaef Al-Fayez құттықтау сөз сөйледі. Сахнаға 10 елден – Әзербайжан, Қазақстан, Қытай, Нидерланд, Румыния, АҚШ, Өзбекстан, Франция, Швейцария және Швециядан келген фестиваль лауреаттары шықты. Олар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының камералық симфониялық оркестрімен (дирижері – Барбара Поплавская), поп-джаз тобымен және А.Селезнёв атындағы Алматы хореография училищесінің – ЮНЕСКО клубының бишілерімен бірге өнер көрсетті.
Бағдарлама дәуірлер мен жанрларды ұштастырды: Жан-Филипп Рамоның «Құстардың үн қатысуынан» және Антонио Вивальдидің «Қысынан» бастап, Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әніне, Майя Плисецкаяға арналған «Аве Майя» хореографиялық тарту-сыйына, Ришар Гальяноның «Клодқа арналған танго» шығармасына және Леонард Коэн, Стинг, Lady Gaga мен Bruno Mars композицияларына дейін. Финалда барлық қатысушылар ЮНЕСКО клубтарының әнұранын орындады. Концертке 1 000-нан астам қонақ, соның ішінде ЮНЕСКО Хатшылығының, дипломатиялық корпустың өкілдері және француз қоғамдастығы қатысты.
Фестивальдің музыкалық циклі қарқынды өсуде: 2023 жылы оған 5 000-нан астам үміткердің арасынан іріктелген 6 елден 42 лауреат қатысса, 2025 жылы 18 елден 40 лауреат қатысты, ал Алматыдағы Гала-концертке 2 500-ден астам көрермен жиналды. «Жанды мұра: әйел рөлі» көрмесі «Сегюр» залында 2026 жылғы 16 қарашаға дейін келушілерге ашық.
Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.
Жоба серіктестері: Almaty Museum of Arts, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы және А.Селезнёв атындағы Алматы хореография училищесі – ЮНЕСКО клубы.
Ақпараттық серіктестер: “АЙҚЫН-ЛИТЕР” ЖШС, The Steppe лайфстайл басылымы, Almaty TV, Qonaev Media, Orkenlink Media және "Курсив".