«Дубай сияқты өмір сүрер едік»: Жангелді Шымшық Қазақстанның экономикасын сынға алды

Оның пікірінше, ел экономикасы шетелдік инвестицияға тәуелді болып, отандық өндірісті дамыту мәселесі екінші орынға ысырылған.

Экономист Жангелді Шымшық Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің өсуі халықтың әл-ауқаты жақсарғанын білдірмейтінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның пікірінше, ел экономикасы шетелдік инвестицияға тәуелді болып, отандық өндірісті дамыту мәселесі екінші орынға ысырылған.

Бұл туралы экономист Qasqa Jol YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. Ол Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайына тоқталып, жалпы ішкі өнім көрсеткішін елдің нақты жетістігі ретінде бағалауға болмайтынын жеткізді.

– Жалпы ішкі өнім едәуір өсті деп жатыр. Өсімнің екі түрі бар. Біріншісі – жалпы ұлттық өнім. Жалпы ішкі өнім – бізде нағыз құрметті көрсеткіш. Жалпы ұлттық өнім дегеніміз – біздің отандық өндіріс. Ал жалпы ішкі өнім – кім көрінгеннің өндіріп жатқан жалпы көрсеткіші. Одан бізге түсетіні тек салық. Біреудің шаруасына мәз болып отырған жағдай, – деді Жангелді Шымшық.

Экономистің пікірінше, Қазақстанда өндірілген өнім көлемінің артуы оның табысы толықтай ел ішінде қалады деген сөз емес. Себебі елімізде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың өндірісі де жалпы ішкі өнімге есептеледі. Сондықтан ол экономиканың дамуын бағалағанда отандық кәсіпорындардың үлесіне және ел ішінде қалатын табысқа көбірек назар аудару қажет деп есептейді.

Сарапшы Қазақстанның шетелдік капиталға тәуелділігін де сынға алды. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында сырттан инвестиция тартуға басымдық берілгенімен, отандық өндірісті дамытуға жеткілікті көңіл бөлінбеген.

Осы орайда ол көршілес Өзбекстанды мысалға келтірді. Экономистің бағалауынша, Өзбекстан Кеңес Одағы кезеңінен қалған өндірістік әлеуетін сақтап, оны дамытуға күш салған. Ал Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға көбірек мән берген.

Сұхбат барысында Жангелді Шымшық елдің табиғи байлығынан түсетін табыс мәселесін де көтерді. Оның пікірінше, Қазақстанның экономикалық мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болғанымен, табиғи ресурстарды игеруден халыққа тиетін пайда жеткіліксіз.

– Бұрын Назарбаев уәде беріп еді ғой, Кувейт, Дубай сияқты өмір сүреміз деп. Шынында да, өмір сүретін едік, егер осылай тоналып жатпасақ. Қашағаннан 2-ақ пайыз табыс түседі. Бұл деген масқара ғой, – деді экономист.

Сонымен қатар сарапшы елдегі қымбатшылықпен күресу үшін нарықтағы бәсекелестікті күшейту қажет екенін айтты. Оның пікірінше, монополияға қарсы бақылау тиімді жүргізілмейінше, бағаның өсуін тежеу қиын.

Жангелді Шымшық Қазақстан экономикасының болашағы тек шетелдік инвестицияға емес, отандық өндірістің дамуына және табиғи ресурстардан түсетін табыстың ел игілігіне жұмсалуына байланысты екенін жеткізді.