Ғалымдар үшін бюрократиялық кедергілерді жою өте маңызды – профессор Сана Қабдрахманова

Бүгін Құрылтай отырысында ғылымға бөлінетін қаржы, оның орынды жұмсалуы, құжат жинаудағы бюрократия мәселесі талқыланды.

Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы  Дархан Ахмедиев Жоғары аудиторлық палатаның ғылымды дамыту саласындағы мемлекеттік аудит қорытындылары туралы есебін қарау кезінде ғылымды қаржыландыру мәселесін жүйелеу керектігін айтып бастама көтерді.

Депутаттар негізгі рәсімдердің келісілген күнтізбесін және мерзімдердің сақталуын бақылауды белгілеуді ұсынып отыр. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі «Қазақстан ғылымы» ақпараттық жүйесін құрып жатыр. Комитет өтінім беру мен сараптамадан бастап шарт жасасуға, қаржыландыруға және жобадан кейінгі мониторингке дейінгі барлық кезеңдерді автоматтандыруды ұсынады. Әр жоба үшін бірыңғай цифрлық тарихты қалыптастыру ұсынылып отыр. Оған қойылатын міндет, сараптамалық қорытындылар, қабылданған шешімдер, қаражаттың қозғалысы, мерзімдердің өзгеруі және қол жеткізілген нәтижелер кіреді. Бұл қайталанған зерттеулерді анықтауға, мерзімдердің сақталуын бақылауға, шешімдердің қадағалануын қамтамасыз етуге және мүдделер қақтығысы ықтималдығын азайтуға мүмкіндік береді.

Осы мәселеге қатысты Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры Сана Қабдрахманованың пікірін білген едік. Маманның айтуынша, ғылым – терең ой еңбегін, үздіксіз ізденіс пен шығармашылық еркіндікті талап ететін стратегиялық сала. 

«Соңғы жылдары елімізде ғылымды дамытуға үлкен ден қойылып, ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдау жаңа жолға қойылғаны белгілі. Оның дәлелі ретінде «Жас ғалым» бағдарламасы бойынша докторантураның толық курсын аяқтаған немесе ғылымға енді аяқ басқан жастардың, сонымен қатар докторлық диссертациясын қорғаған PhD – жас зерттеуші ғалымдар және жалпы кез келген ғалымдардың зерттеулерін гранттық қаржыландыру және нысаналы – бағдарламалы қаржыландыруды атап өтуге болады. Іргелі зерттеуден кейін қолданбалы зерттеу нәтижесіне қол жеткізген ғалым өзінің өнімін коммерцияландыру жобасы ретінде ұсынып, мемлекеттен қолдау ала алатындығы тағы бар», – дейді ғалым.  

Маманның айтуынша, ел экономикасының басым секторлары үшін жоғары сапалы кадрлар мен мамандар даярлау өте маңызды. 

«Мемлекеттің сапалы кадрлық резервін құру мақсатында «Болашақ» бағдарламасымен кез келген ғалым дамыған мемлекеттерінің ғылыми-зерттеу институттары, университеттерінде тағылымдамадан өтіп, білімін шыңдай алатын мүмкіншілігі де қарастырылған. Жас ғалымдардың тұрмыс тауқыметін жеңілдету үшін пәтер кілтін табыстап жатқанына  да куәміз. Әрине, алмақтың да салмағы бар. Гранттық қаржыландыру аясында ғылыми-зерттеу жұмысын орындайтын ғалым жарғақ құлағы жастыққа тимей күтілетін нәтижеге жету жолында аянбай еңбек етеді. Оның өзі ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру, оны жүргізу, алынған нәтижені ғылыми мақала түрінде жариялау, зияткерлік меншіктеу мақсатында патент ретінде рәсімдеу, барлық зерттеу нәтижесін жинақтап монография жазу сияқты жұмысты орындау арқылы жүзеге асады. Нәтижесінде, белді ғалым маңына жастар жинақталып, ғылыми мектеп қалыптасады, докторлық диссертациялар қорғалып, ғылыми-техникалық мәселелер шешімін табады. Қордаланған экономикалық мәселелер де өз орнын тауып, даму үрдісі басталады. Осы орайда, ғалымдардың арқалаған жүгін жеңілдету, кейбір бюрократиялық мәселелерді жеңілдету, әдетте кез келген ғалым үшін өте маңызды. Себебі, алтыннан қымбат уақыт үнемделіп, оны жас ғалымдарды жетелеп, ғылым иірімдерін игеруге жұмсау – игі істерге жетелейтіні анық», –  дейді ғалым профессоры Сана Қабдрахманова. 

Бұған дейін Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев Ғалымдар үшін ғылыми конкурстардың бірыңғай күнтізбесін енгізу және есептілікті қысқартуды ұсынған болатын.