«Қауіпсіз шотқа аударыңыз!»: полиция алаяқтардың жаңа айласы туралы ескертті

Жыл басынан бері ҚР ІІМ интернет-алаяқтардың 90 миллион қоңырауын бұғаттаған.

Цифрлық технологиялар дамыған сайын киберқылмыстың да сипаты өзгеріп келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты astanatv.kz сайтына сілтеме жасап.

Қаскөйлер телефон, әлеуметтік желі, мессенджер және жалған интернет платформалар, жасанды интеллект арқылы азаматтардың қаржысын иемденудің түрлі тәсілін сәт сайын жаңартуда. Соған қарамастан, елімізде интернеттегі қылмыстың саны 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға  азайды. Тіркелген қылмыс саны 19 мыңнан 15 мыңға түскен. Ал ашылмай қалған алаяқтық іс 12 пайызға қысқарды. Ішкі істер министрлігі жыл ішінде өзгенің қаржысына қол сұғуды мақсат еткен 90 миллионнан астам алаяқтық қоңырауды бұғаттаған. Бұл – қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ведомствоаралық ынтымақтастықтың маңызды көрсеткіші.

Қазақстанда киберқылмысқа қарсы күрес жүргізетін Ұлттық Антифрод-орталық бар. 2024 жылы құрылған орталыққа қазір 270-тен астам ұйым мүше.  Бірыңғай жүйеге банктер, микроқаржы ұйымдары, мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары мен байланыс операторлары біріккен.  Олар күдікті қаржылық операциялар туралы нақты уақыт режимінде өзара деректер алмасады. Нәтижесінде, ұйым құрылғалы бері 132 миллиард теңге көлеміндегі алаяқтық әрекеттердің жолы кесілген. Астана қалалық Полиция департаменті биыл осы жүйені тиімді пайдаланып, қаржы ұйымдарымен тығыз жұмыс істеген мекеме атанды. Елордалық киберполицейлер 10 айдың ішінде 3033 интернет-алаяқтық әрекетін тіркеген. Қылмысты ашу көрсеткіші  29 пайызға артқан.

«Интернет-алаяқтық барлық қылмыстардың ішінде алдыңғы қатарға шықты. Ең қиын тұсы – жәбірленуші қылмыскерді көрмейді. Антифрод-орталықтың арқасында істі жүргізу жеделдеді. Бұрын арызданып келген азаматтың ақша аударған шоттарын тексеру үшін банктерден 10 күндей жауап күтетінбіз. Қазір дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік бар. Кибершабуылдың құрбаны болған азаматтар уақыт ұттырмай банкке бару керек. Екіншіден, қылмыстың іздерін өшіріп тастамай, барынша оны сақтауға тырысу тиіс. Хабарласқан нөмір, жазған хабарламалар, скриншот, сілтеме деген секілді айғақтарды жинастырып, полицияға арыздану кезек күттірмейтін іс», – деді Астана қаласы ПД Есіл ауданы  полиция басқармасы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы Бағдәулет Оспанбаев. Интернет-алаяқтар азаматтардың ақшасынан бұрын сенімін пайдаланады. Телефонның ар жағынан психологиялық қысым көрсету, адамның үрейін туғызу, асығыс шешім қабылдату арқылы әрекет етеді. Атына несие рәсімделіп жатқаны немесе банк шотындағы қаражатқа қауіп төніп тұрғаны туралы естіген адам абдырап қалады. Мамандар сол сәтте азаматтардың мәселені жан-жақты тексеруге уақыт бөлмей, алаяқтың айтқанын орындауға бейім болатынын айтады. Сондықтан халықтың құқықтық және қаржылық сауаттылығымен қатар, ақпаратты сыни тұрғыдан бағалау қабілетін дамыту маңызды.

«Тез баюды қалайтын азаматтар да алаяқтардың құрбаны болады. Түрлі акция, лотереядан жүлде ұттыңыз немесе өте табысты инвестициялық құрал ұсынамыз деген баяғыдан келе жатқан жалған ақпараттарға сенетіндер бар.  Тіпті, жеңілдікпен тауар аламын деп көріп-білмеген, мекенжайы жоқ онлайн дүкендермен байланысатындар да баршылық», – дейді психолог Лимана Қойшиева.

Алаяқтар бірінен соң бірі түрлі ұйым қызметкерінің рөлінде хабарласады. Алаяқтардың айласына алданбаймын деп ойлайтын азаматтардың өзі дәл осындай схемадан соң құрыққа түсіп қалады. Яғни, олар  сіздің ақшаңызды иемденіп алды, енді біз көмектесеміз деген желеумен сенім ұялатады. «Қауіпсіз шотқа аударыңыз» деген ұсыныстың өзі – алаяқтықтың айқын белгісі, – дейді мамандар. Мұндай сәтте бірден әңгімені тоқтатып, жауапты ұйымдардың ресми нөмірі арқылы ақпарат алып, тексеру керек.

«Ойлаңызшы, күніне елдегі банк ұйымдарының арасында 40-42 млн рет ақша аударымдары жүргізіледі. Оның қайсы бірін банк өз бетінше бұғаттап отырады? Сондықтан компьютердің ар жағындағы қылмыскерлерге жем болмау үшін SMS-кодын, банк картасының деректерін немесе жеке мәліметтерді өзгелерге бермеу керек. Кибершабуылдардың басым бөлігі шетелдерден жасалатынын байқаймыз. Ел ішіндегі ақша аударымдарын зерттеу оңайырақ. Ал өзге елдегі хакерлердің ізін кесуге уақыт керек», – деді Бағдәулет Оспанбаев.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі биыл шетелдік  құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп, ондаған трансұлттық алаяқтық колл-орталықтың қызметін тоқтатты. Нәтижесінде, 3,5 млрд теңге бұғатталып, 5,6 млрд теңге жәбірленушілерге қайтарылған. Еліміз әлеуметтік желідегі ірі платформалармен де серіктестікті нығайтып, жеке деректердің сақталуын қатаң бақылауға алып отыр.

«Тағы бір назар аударатын мәселе – алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарды қайтадан алдау әрекеттері. Кейінгі уақытта өзін заңгер, құқық қорғау органының өкілі немесе қаражатты қайтаруға көмектесетін маман ретінде таныстыратын адамдар жәбірленушілермен қайта байланысуға тырысады.  Олар жоғалған ақшаны қайтаруға уәде беріп, қосымша төлем талап етеді. Сондықтан азаматтар мұндай ұсыныстарға да сақтықпен қарауы қажет», – деп ескертеді  заңгер Нұрсұлтан Орынбек.

Біліп-білмей интернет-алаяқтық ісінің қатысушысы атану – кең таралған мәселенің бірі. Яғни, есепшотын бөтен адамдардың ақша шығарып алуына беру. Бұл – дропперлік деп аталады. Біреулер мұндай әрекетке ақша алып, пайда табу үшін барады. Кейбір азаматтар бұл үшін бір тиын алмай-ақ, қылмыскер болып шығады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды.  Қазақстанда дропперлік үшін Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Құқықбұзушылықтың сипатына қарай айыппұлдан бастап, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

«Интернет-алаяқтықпен күрестің ең тиімді жолы – халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыру. Бұл жұмыс тек мемлекеттік органдардың ақпараттық науқандарымен шектелмеуі керек. Мектептерде, жоғары оқу орындарында, еңбек ұжымдарында және қоғамдық ұйымдарда тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілгені маңызды. Балалар мен жастарға интернеттегі қауіпсіздік ережелерін үйретумен қатар, егде жастағы азаматтарға да алаяқтықтың жаңа тәсілдерін түсіндіру қажет», – деді Астана қаласы ПД Есіл ауданы  Полиция басқармасы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы Бағдәулет Оспанбаев.

Киберқауіпсіздік сарапшылары алдағы уақытта интернеттегі тәуекелдерді ерте анықтауға күш салып отыр. Жұртшылық материалдық шығынға ұшырамас бұрын алаяқтық операциялардың жолын кесетін құралдарды дамыту – басты назарда. Яғни, қылмыстың салдарымен емес, алаяқтардан бір қадам алда жүру әлдеқайда тиімді.