Қазақстан Халық Кеңесі агросыныптарды мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізуді ұсынды

Бүгін Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің жұмыс тобының отырысы өтті.

Қазақстанда ауыл шаруашылығы бағытындағы білім беруді мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізу ұсынылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл мәселе Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитеті жұмыс тобының отырысында көтерілді.

Қазір еліміздің үш өңірінде 10–11-сынып оқушыларына арналған агросыныптар жұмыс істейді. Жоба 2026–2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында қолға алынған. Атап айтқанда, Ақмола облысының үш мектебінде жеті агросынып ашылған. Қостанай облысында алты мектепте агросыныптар мен агростудиялар жұмыс істесе, Солтүстік Қазақстан облысында жоба жеті ауданды қамтыған.

Дегенмен жиынға қатысушылар ауыл шаруашылығы саласындағы маман тапшылығын шешу үшін бұл шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті. Сондықтан аграрлық бағыттағы білім беруді факультативтік сабақ деңгейінде қалдырмай, мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізу ұсынылды. Ол үшін тиісті заңнамалық өзгерістер әзірлеу қажет.

Бастама авторы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченконың айтуынша, агросыныптар ауыл оқушыларына мектеп қабырғасында жүріп-ақ болашақ мамандығына қажетті тәжірибелік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

– Балалар ересек өмірге дайын болуы керек. Олардың күнделікті өмірде нақты пайдасын тигізетін, болашақта қажет болатын дағдылары болуы маңызды. Бұл бастаманың тәрбиелік мәні де зор. Ол балаларды еңбекке баулып, еңбекқорлыққа тәрбиелейді, дұрыс құндылықтарды қалыптастырады. Сондай-ақ белгілі бір мамандықтың маңызын, қоғамға қажеттілігі мен пайдасын түсінуге жол ашады, – деді Геннадий Зенченко.

Отырыста агросынып түлектеріне жұмысшы мамандығын меңгергенін растайтын құжат беру, аграрлық жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер қарастыру мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар оқушыларға ауыл шаруашылығы техникасын басқаруды үйрету ұсынылды.

Жиын қорытындысында ведомствоаралық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Ол агросыныптардың жұмысын біріздендіруге арналған заңнамалық түзетулерді әзірлеп, кейін Құрылтайдың қарауына ұсынады.