Мемлекетіміздегі жарияланған төтенше жағдай бойынша сақтық шаралар негізінде Түркістан облысының туристік нысандарына саяхат жасау уақытша тоқтатылды.
Індеттің кең таралмауының алдын алу мақсатында демалушылар мен саяхатшыларға арналған жайлар және басқа да халықтың көп шоғырланатын, туристік сервис ұсынылатын орындарда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Коммуникациялар қызметі мәлімдегендей, бұл ең алдымен халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау және вирустың таралуының алдын алу үшін жасалып отырған шара.
Түркістан облысы – республика бойынша тарихи-мәдени орынға бай өңірлердің бірі. Мұнда 1600-ден аса тарихи және мәдени ескерткіштер бар.
Мұнан өзге, өңірдегі тарихи нысандармен қатар, тылсым табиғатқа ие жерлерде жетерлік.
Қаратау және Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорықтары, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи паркі, Сырдария-Түркістан табиғи аумақтық паркі экотуризмнің басты нысаны ғана емес, ерекше қорғауға алынған.
Тельман БЕЙСЕНОВ, Түркістан облысы