Теміржолшылармен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында еліміздің қуатты әлеуетін инфрақұрылымды жаңғыртуға, еліміздің әр аймағын көркейтуге бағыттау қажет екенін атап өктен болатын.

Ал  Сыр өңірі – еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын байланыстыратын маңызды көлік инфрақұрылымы жасақталған аймақтардың  бірі. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту және тасымал тиімділігін арттыру – экономикалық өсімнің маңызды алғышарты. Осы мәселелер «Әділет» партиясының Қызылорда қалалық филиалы ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдерінің кезекті кездесуінде талқыланды.

Партияның ақпараттық-түсіндіру тобының  өкілдері Руслан Рүстемұлы, Әлібек Жаппасбаев, Асхат Шәукенбаев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінде»  өткен кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айқындалған көлік-логистика саласын дамытудың негізгі бағыттарын түсіндірді. 

Бүгінде өңірден өтетін магистралды теміржол желісінің ұзындығы 1051,7 шақырымды құрайды. Облыс аумағы арқылы жолаушылар пойыздары тұрақты қатынап, Қызылорда қаласынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан бағыттарына жүретін мүмкіндігі бар. Теміржол желісі аудан орталықтары мен елді мекендердің көлік қатынасын қамтамасыз етуде де маңызды қызмет атқарады. Сонымен қатар Сыр өңірінің теміржол әлеуеті жолаушылар тасымалымен ғана шектелмейді. Аймақта өндірілетін күріш, тұз, мұнай өнімдері, құрылыс материалдары мен өзге де тауар­ларды еліміздің басқа өңірлеріне және сыртқы нарықтарға жеткізуде темір­жолдың орны ерекше. Жүк тасы­малының қолжетімді әрі тиімді болуы жергілікті кәсіпорын­дардың өндіріс көлемін ұлғайтуына, логистикалық шығындарды азайтуына және жаңа нарықтарға шығуына мүмкіндік береді. Сондықтан теміржол инфрақұры­лымын дамыту – өңірге инвестиция тартудың, жаңа өндіріс орындарын ашудың және кәсіпкерлік белсенділікті арттырудың да маңызды тетігі. 

Ал ақпараттық топ өкілі Әлібек Жап­пасбаев көлік саласын дамытумен қатар, адами капиталды нығайту, еңбек өнімділігін арттыру және заманауи техно­логияларды енгізу мәселелеріне назар аударды. Ол теміржол саласының тұрақты жұмыс істеуі білікті мамандарға, олардың кәсіби дайын­дығына және еңбек қауіпсіздігінің сақталуына тікелей байланысты екенін атап өтті. Сонымен бірге цифрлық шешімдерді енгізу, тасымал процестерін автоматтандыру, жүк қозға­лысын бақылау жүйелерін жетілдіру қызмет көрсету сапасын арттырып, уақыт пен ресурсты тиімді пайдалануға жол ашатынын жеткізді.

Кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген инфрақұрылымдық жобалар да сөз болды. Соңғы бес жылда елімізде 911 шақырым жаңа теміржол салынса, қазір тағы 800 шақырым теміржол құрылысы жүргізіліп, қолданыстағы 2,6 мың шақырым желіні жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы Қазақстанның Қытаймен көлік қатынасын кеңейтіп, транзиттік жүк тасымалының мүмкіндігін арттыруға бағытталған.

Жиын барысында теміржол саласының өзекті мәселелері де назардан тыс қалмады. Сала мамандары инфрақұрылымның жай-күйі, тасымал сапасы, еңбек жағдайы мен алдағы даму бағыттарына қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Қатысу­шылар саладағы мәселелерді жүйелі шешу, өндірістік әлеуетті арттыру және маман­дардың кәсіби мүмкіндіктерін қолдау қажеттігін атап өтті.

Бекбол АМАНГЕЛДІ