Сонымен қатар баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдап, жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияға қатысты екі ратификациялық заңды қабылдады.
Отырыста бірінші мәселе ретінде Жоғары аудиторлық палатаның ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне және жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті аударымдары есебінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру тетігінің тиімділігіне жүргізген мемлекеттік аудитінің есебі тыңдалды.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, аудит 2021-2025 жылдар аралығындағы тоғыз негізгі нысанды және 242 млрд теңге бюджет қаражатын қамтыған.
Есепке сәйкес, қарастырылған кезеңде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығын көлемі 2,4 есеге артып, 261,5 млрд теңгеге жеткен. Алайда ғылымды қаржыландыру көлемінің ұлғаюы оның экономикадағы рөлінің сапалы өзгеруіне әлі де ықпал ете қойған жоқ. Ғылым негізінен мемлекет есебінен қаржыландырылып отыр. Атап айтқанда, ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын жалпы шығынның 74 пайызы бюджет қаражатына тиесілі.
Сонымен қатар жобалар мен олардың нәтижелерін есепке алудың бірыңғай жүйесінің болмауы, цифрландыру жұмыстарының жүйесіздігі, қол жеткізілген нәтижелер туралы ақпараттың толық қолжетімсіздігі және басқа да факторлар ғылымға жұмсалған қаражаттың тиімділігін объективті бағалауға кедергі келтіріп отыр.
Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев атап өткендей, Жоғары аудиторлық палатаның негізгі тұжырымы – ғылымды қаржыландыру көлемінің өсуі оны басқару сапасының артуымен қатар жүруге тиіс. Оның айтуынша, анықталған бұзушылықтарды жоюмен ғана шектелмей, ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мен олардың нәтижелерін өндіріске енгізудің елдің ғылыми-технологиялық дамуына жеткілікті үлес қоспауына себеп болып отырған жүйелі мәселелерді де шешу қажет.
Депутат ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде ғылым мен бизнестің өзара байланысын нығайтуды ұсынды. Бұл ретте қаржыландыру басымдықтары мен ғылыми міндеттер экономиканың нақты қажеттіліктеріне негізделуге тиіс.
– Бизнестің қатысуы міндеттерді айқындау кезеңінен басталып, сынақтан өткізу және өндіріске енгізу кезеңдерінде де жалғасуы керек. Кәсіпорындар өндірістік алаңдар ұсынып, зерттеу нәтижелерін тексеруге және тиімді жобаларды бірлесіп қаржыландыруға қатыса алады. Ол үшін Үкімет ғылым мен бизнестің бірлескен жұмыс тетіктерін айқындауы қажет. Атап айтқанда, тараптардың міндеттемелері, зияткерлік меншікті пайдалану шарттары және кәсіпорындардың ғылыми әзірлемелерді енгізуге қатысу нысандары нақтылануға тиіс, – деді Дархан Ахмедиев.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл еңбек өнімділігін арттыруға, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, ресурстарды үнемдеуге және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылы инновациялық белсенді кәсіпорындардың үлесі 11,9 пайызды құраған. Яғни шамамен 31,5 мың кәсіпорынның 3,7 мыңнан астамы инновациялық қызметпен айналысқан. Комитет төрағасының пікірінше, бұл көрсеткіш бизнестің инновациялық белсенділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік бар екенін көрсетеді.
Талқылау барысында Құрылтай депутаттары ғылымды қаржыландырудың ашықтығы мен ғылыми саланы басқару тиімділігін арттыру, зерттеу нәтижелерін бағалау жүйесін қайта қарау, ғылыми әзірлемелерге деген сұранысты талдау, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың қаржылық міндеттемелерді орындауын және ҒЗТКЖ-ға бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау мәселелерін көтерді. Сонымен қатар өңірлік жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың қаржыландыруға, зертханалық базаға және заманауи жабдықтарға қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
Талқылауды қорытындылаған Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай ғылыми саланы басқару тиімділігін арттыру, зерттеулерді қаржыландыруды экономика мен бизнестің қажеттіліктерімен тығыз байланыстыру, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді олардың практикалық тиімділігі мен азаматтардың өмір сапасына ықпалы тұрғысынан бағалау қажеттігін атап өтті.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда», – деп атап өтті. Бұл еліміздің қазіргі даму кезеңінде айрықша маңызды. Бүгін біз ғылым саласын қаржыландырудың тиімділігі мәселесін жан-жақты талқыладық. Үкіметтегі әріптестеріміз Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Депутаттар өз тарапынан Үкіметпен және ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, ғылым саласындағы заңнаманы және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін тереңдете пысықтауға дайын, – деді Айбек Дәдебай.
Отырыстың қорытындысы бойынша Құрылтай жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыным әзірледі. Атап айтқанда, Үкіметке ғылыми жобаларды іске асырудың барлық кезеңін – өтінімдерді қалыптастырудан, сараптамалық қорытындыларды келісу мен қараудан, шарттар жасасудан бастап жобалардың орындалуына мониторинг жүргізуге дейінгі процестерді толық автоматтандыру ұсынылды.
Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұлттық экономика мен бизнестің қажеттіліктерін ескере отырып, ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың басым бағыттарын айқындау және қаражатты осы бағыттардағы жобаларды іске асыруға шоғырландыру ұсынылды. Сонымен қатар ведомство ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың болжамдылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуі қажет. Ол үшін гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстарын уақытылы өткізу, өтінімдерге ғылыми сараптама жүргізу және ғылыми жобаларды іске асыратын ұйымдармен шарттар жасасу маңызды.
Отырыс барысында баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының негізгі ережелерін депутаттарға Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында электр энергиясымен қамтамасыз ету еліміздің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігінің аса маңызды шарты ретінде белгіледі. 2029 жылға қарай, оның ішінде жаңартылатын энергетиканы дамыту есебінен электр энергиясының тұрақты профицитіне қол жеткізу міндеті қойылды. Бұл міндетті шешу жаңа қуаттарды іске қосуды ғана емес, заңнаманы жетілдіруді де талап етеді, – деді Құрылтайдағы жұмыс тобының жетекшісі Сұңғат Есімханов қосымша баяндамасында.
Депутат бұл үшін инвесторларға түсінікті әрі қолайлы жағдай жасау, энергия жүйесінің сенімді жұмысын және нарық қатысушыларының тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, қаралып отырған заң жобасы осы мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған.
Атап айтқанда, «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» заңның реттеу аясын кеңейтіп, атауын «баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту ұсынылады. Сонымен қатар сутегі энергетикасы, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату және қалдық жылуды пайдалану мәселелерін заңнамалық тұрғыдан реттеу көзделген.
Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясын жинақтау жүйелерін қолдануға және оны өндірушілер мен тұтынушылар арасында тікелей екіжақты шарттар негізінде сатуға құқықтық негіз қалыптастырылады. Бұл тетіктер энергия жүйесінің икемділігін арттырып, жеке инвестициялар тартуға қосымша мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жұмыс тобы электр энергиясының көтерме сауда нарығының жұмыс істеу тетіктерін жетілдіруге және электр энергетикасы нарығына жаңа қатысушылардың мәртебесін бекітуге бағытталған түзетулер енгізді. Бұл ретте олардың құқықтары, міндеттері, жауапкершілігі және сала субъектілерімен өзара іс-қимыл шарттары айқындалады.
Талқылау барысында депутаттар электр энергиясын жинақтау жүйелерінің артықшылықтары мен экономикалық тиімділігіне, олардың энергиямен тұрақты қамтамасыз етудегі рөліне және тұтынушылар үшін беретін пайдасына қызығушылық танытты. Сондай-ақ түнгі уақытта өндірілетін электр энергиясының көлемі, оны көрші мемлекеттерге сату құны және отандық кәсіпорындарға төмен бағамен жеткізу мүмкіндігі туралы сұрақтар қойылды.
Құрылтай екі оқылымда Жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияны (ЖТШК) және оған электрондық жүкқұжатқа қатысты қосымша хаттаманы ратификациялау туралы заңдарды қабылдады. Құжаттарды депутаттарға Көлік министрінің міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаров таныстырды.
Конвенция жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шартын жасасудың, орындаудың және бұзудың бірыңғай ережелерін белгілейді. Сонымен қатар тасымалдаушының шарт талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігін айқындайды.
Бүгінде Конвенцияға 58 мемлекет, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы барлық ел қосылған.
Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Станислав Щербаков атап өткендей, Конвенцияны ратификациялау Қазақстанның оған қатысушы мемлекеттермен транзиттік-көліктік әлеуетін және сауда-экономикалық байланыстарын одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Ал Қосымша хаттама деректерді электрондық тіркеу және өңдеу әдістерін пайдалана отырып, жүкқұжаттарды электрондық форматта рәсімдеуге мүмкіндік береді. Депутаттың айтуынша, бұл экономиканы цифрлық трансформациялаудың маңызды бөлігі ретінде халықаралық автомобиль тасымалдарын цифрландыруды жеделдетуге, қалыптасып келе жатқан еуразиялық көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін арттыруға және автокөлік кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Құрылтай Асан Ескендіровті Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы лауазымына сайлады.
Отырыс қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Жоғары аудиторлық палатаның ғылымды қаржыландыру саласындағы аудит нәтижелеріне арналған брифинг өтті. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов, сондай-ақ Құрылтай депутаттары Дархан Ахмедиев пен Лаура Қарабасова журналистердің сұрақтарына жауап берді.