Нұрсұлтан Құрман Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметінен кетті

Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Нұрсұлтан Құрман Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметінен кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы  әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Нұрсұлтан Құрман өзіне сенім білдірген  әріптестеріне, клуб басшыларына, жаттықтырушыларға, спортшылар мен жанкүйерлерге алғыс айтты.  Сонымен қатар алда жаңа жоспарлар мен тың бастамалар күтіп тұрғанын жеткізді.

«Бүгін мен үшін маңызды кезеңдердің бірі аяқталып отыр. Қазақстан футзал қауымдастығының президенті қызметіндегі жұмысымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл қызмет мен үшін үлкен жауапкершілікпен қатар, мол тәжірибе мен ерекше естеліктерге толы кезең болды. Осы уақыт ішінде отандық футзалдың дамуы жолында бірге еңбек еткен барша әріптестеріме, клуб басшыларына, жаттықтырушыларға, спортшыларға және жанкүйерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан футбол федерациясының Президенті Марат Талғатұлына ерекше алғыс айтқым келеді. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткені және бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік жасағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Ортақ мақсат жолындағы әріптестігіміз мен үшін бағалы тәжірибе болды. Әрине, кез келген жұмыста жетістіктермен қатар, қиындықтар да болады. Дегенмен осы уақыт аралығындағы жұмсалған күш-жігер мен атқарылған еңбек мен үшін әрдайым қымбат. Қазақстан футзалының болашағы жарқын екеніне сенемін. Ұлттық құрамамызға, клубтарымызға және осы спорттың дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға сәттілік тілеймін. Алда менің де жаңа жоспарларым мен тың бастамаларым бар. Олардың әрқайсысына үлкен үмітпен қараймын. Уақыты келгенде алдағы жоспарларым туралы сіздерге арнайы бөлісетін боламын. Бұл қоштасу емес, жаңа кезеңнің бастауы. Футзалға деген жанашырлығым мен қолдауым әрдайым сақталады. Бірге болған уақыт үшін баршаңызға рақмет», - деді Нұрсұлтан Құрман.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.