Binance-пен байланыс: сенімсіз жерде секем көп

Қазанның соңында Binance криптовалюта биржасына ауқымды хакерлік шабуыл жасалғаны есімізде. Әлемдік нарыққа, оның ішінде қазақстандық­тарға да жақсы таныс биржаның мұн­дай жағдайға түсуі көпшілікті алаңдатпай қоймады.

Оған бірнеше себеп бар. Қазақстан нарығында шамамен 3-4 мың криптосаудагер жүргенін осы­дан 2-3 жыл бұрын министр, депу­тат­тар айтатын. Басым көбі осы биржаның клиенті еке­ні айтпаса да, түсінікті. Оның үстіне, қара нарықтан тәркіленген криптоактивтің бәрін Қар­жы мониторингі агенттігі осы бир­жадан әмиян ашып, сонда сақтайтын. Әлемдік компанияның «ауласынан» 6 млрд доллардан ас­там мүлік ұрлан­ған соң «қазақстандық тұтынушылар қаншалықты қор­ғал­ған?», «мемлекеттік органның мем­­­лекет мүлкін мұндай әлсіз биржа­да сақтауы қанша-лық­­ты орынды?» деген сауалдар ерік­сіз ойға оралады. 

Әуелгі хабарда платформадан 3,3-3,5 млрд доллар көлеміндегі цифр­лық актив шығарылғаны, ал өзге блокчейн желілеріндегі күмәнді тран­закцияларды қосқанда 5,8 млрд долларға жетуі мүмкін екені айтылған еді. Кейінгі оқи­ғаға қатысты жаңа мәліметтер пайда бо­лып, ұрланған болуы мүмкін деген шы­ғын көлемі 6,34 млрд долларға дейін ба­ғаланды. Тек дереу қолға алынған ша­ралардың арқасында оның шамамен 2,85 млрд доллары бұғатталғаны ай­тыл­ды. Осындай қауырт жағдайдан соң Binance-тың жергілікті филиалы – Binance Kazakhstan қаражат енгізу және шығару операцияларын уақытша тоқтатып, қауіп­сіздік тексерістері аяқталғаннан кейін қызметін қалпына келтіріп, клиент­тердің қаржылық шығындарын өтейтінін мәлімдеді. 

Ертесіне, 31 қазанда АҚШ-тың Фе­дерал­дық тергеу бюросы Binance бир­жа­сы­нан 6 млрд доллардан астам цифрлық ак­тивтің ұрлануына Солтүстік Кореямен бай­ланысты хакерлік топ жауапты еке­нін мәлімдеді. Олардың дерегіне қара­ған­да, шабуылды TraderTraitor деп ата­ла­тын киберқылмыстық топ ұйымдас­тыр­ған болуы мүмкін. Ал қолды болған қа­ражаттың бір бөлігі Ethereum крип­то­валю­тасына айырбасталып, кейін орта­лық­тандырылмаған қаржы сервистері ар­қылы жылыстатылуы мүмкін дегенді де жариялады. Сала нарығы осылай дүр­мекке түсіп жатқанда Binance-тың өзі бір­ер күннен кейін, тек 3 қарашада ғана ақыры ресми мәлімдеме жасап, 29 қа­зан­да күрделі кибершабуыл болғанын рас­тады. Сөйтіп, қолданушылардың кет­­кен шығынын өз мойнына алатын бол­­ды. Компания дерегінше, 31 қазан күні-ақ зардап шеккен токендердің 98 пайызын қайта толықтырып қойған. Қалған активтерді де қалпына келтіру жұмыстары жалғасатынын жазды. 

Әлемдік нарықта мықты деген алып­тардың тосын жайға тап болуы бірінші рет емес. Естеріңізде болса, 2022 жыл­дың қарашасында сол уақыттағы әлем­дегі ең ірі криптовалюта биржаларының бірі – FTX аяқ астынан күйреп, крипто­валю­та нарығын үлкен дағдарысқа ұшы­ратқан еді. Оған дейін жаһандағы ең сенімді әрі қарқынды дамып келе жат­қан биржалардың бірі саналып, нарық­тық құны 32 млрд долларға бағаланып тұр­ды. Алайда негізін қалаушы Сэм Бэн­к­ман-Фридтің қаржылық опера­ция­ла­рына қатысты күмәнді мәліметтер жа­рияланғаннан кейін инвесторлар жап­пай қаражатын шығара бастады. Сөй­тіп, айналасы бірнеше күн ішінде бир­жа өтімділік қабілетінен айырылып, оның арты сол жылы 11 қарашада бан­крот­тыққа өтініш берумен бітті.

Кейінгі тергеу барысында біраз бы­лық­тың беті ашылды. FTX клиенттерінің шамамен 8 млрд доллары мақсатсыз пай­даланылған болып шық­ты. Ол құй­тұрқылықтың басында ком­па­нияның негізін қалаған Бэнкман-Фрид­тің өзі тұр. Ақырында екі жылдан кейін өзі 25 жылға сотталды. Ал бир­жа­ның күйреуі криптовалюта нарығын дүр­ліктіріп, Bitcoin мен басқа да цифр­лық актив­тер­дің бағасы түсіп кетті, мил­лиондаған пай­даланушы өз қара­жа­тына қол жеткізе алмай қалды. Сөйтіп, бұл оқиға крип­товалю­та индустрия­сын­дағы ең ірі қар­жылық алаяқтықтардың бірі ретінде та­рихта қалды. 

Одан бертінде Bybit-тің де былтыр осындай жағдайға түскені бар. Ақпанда олар да хакерлік шабуылға ұшырап, ша­мамен 1,46 млрд долларлық Ethereum ак­­тивтерінен айырылды. Көлемді ұр­лық­тың алғашқы жарқын мысалы бо­лып, осы жайт алпауыт биржалардың қауіпсіздігіне кепілдік жоқ деген ойды алға шығарды. АҚШ-тың Федералдық тер­геу бюросы бұл шабуылға да Сол­түстік Корея билігімен байланысы бар деген хакерлердің қатысы болғанын мә­лімдеген болатын. Ол шақта бұл оқиға криптовалюта индустриясы тари­хын­да­ғы ең ірі ұрлық ретінде бағаланған-ды. Мі­некей, араға екі жыл салып дәл сон­дай жағдай Binance-тың басына түсіп отыр. Бір қызығы, Федералдық тергеу бю­­ро­сы екі жағдайда да бір хакерлік топ­­ты күдікке алып отыр әрі ол топты Сол­­түстік Кореямен байланысы бар деп есеп­тейді.

Биржалардың басындағы бұл жағ­дайлар біздің нарыққа кесірін ти­гізбей қоймаған сияқты. Алдымен мы­на мәселеге назар аударайық. Елі­міз­де Президент тапсырмасымен Ұлттық крипторезерв құрылып жатқаны белгілі. Ол шаруамен негізінен Ұлттық банк айналысып жатыр. Жоспарға сай, жаңа қор Ұлттық инвестициялық корпорация мен Орталық депозитарий базасында құрылады. Ұлттық резервті толтыру жол­дары да белгілі, майнерлермен келі­сімге келу арқылы өндірген активтерінің бір бөлігін осында салып отырмақ. Сот­тал­ған азаматтардың крипто­мү­лік­терін де осында алдыру ойларында бар. Бірақ осыған дейін Қаржылық мониторинг агент­тігінің қолында болып келген крип­­тоәмиянның тағдыры не болатыны бел­гісіз. Агенттік бірнеше жылдан бері заң­сыз нарықтан тәркіленген цифрлық активтерді Binance жаһандық биржа­сы­ның дербес әмиянында сақтап келеді. Анығында, әлемдік компания өз алдына жекеменшік коммерциялық ұйым бол­ған­дықтан, алдымен ашық байқау, Агент­тікпен арадағы келісім шарттары түгел жариялы жүруге тиіс еді. Меморган оны өз бетінше шешкен екен, хош. Бірақ қан­дай шарттармен сақталып отыр? 

Бұлай дейтініміз, бір жағынан мұн­дай активтердің құны өте құбылмалы әрі псевдоанонимді криптовалюталар кез­де­седі. Жасалған транзакцияны кері қай­тару мүмкін емес. Сондықтан тех­ни­ка­лық қателік немесе жемқорлық орны тол­­мас шығынға әкелуі мүмкін. Сала ма­­мандары мысал ретінде АҚШ тәжіри­бесін келтіреді. Онда тәркіленген крип­тоактивтердің қозғалысын кез келген адам блокчейн арқылы бақылап отыра алады. Ол үшін ресми әмиянның мекен­жайын білсе жеткілікті. Транзакцияның уа­қыты, құны мен қайда аударылғаны ашық көрсетіледі. Осындай жағдаймен отырғанда Binance биржасының ха­кер­лік шабуылға ұшырауы күмән-күдікті одан әрі үдетіп жіберді. Мемлекет мүлкі сақ­талып отырған жер қылмыстық топ­тардың шабуылына осал болса, мұны қа­лай түсінуге болады? 

Хакерлік шабуылдан кейін плат­форма қолданушылары аз-кем дүдамал күйге түсті. Саудасын уақытылы жасай алмай, ақшасын шығара алмай қал­ғандар жағдайдың толық қалпына келуін сарылып күтті де қалды. Қалыпқа келуі дегеннің өзі қателіктің түзелгені емес, биржаның миллиардтаған шығын­ды өз есебінен жапқанын ұмытпайық. 

Екінші жағынан, сала сарапшысы Дәу­рен Қарашевтің айтуынша, мем­ле­кет­тік бюджет кірісін толықтыру және шұ­ғыл қажеттіліктерді қаржыландыру мақ­сатында тәркіленген цифрлық ак­тив­т­ерді жедел сатуға қатысты өтетін кеңес отырысы аяқасты өтпей қалған. Се­бебі қарапайым секілді, мемлекет тәр­кілеген цифрлық активтердің бір бө­лігі сақталған Binance биржасы ха­керлік шабуылға байланысты қаражат шы­ғару операцияларын уақытша тоқ­татып қойды. Соның салдарынан мем­ле­кет өз меншігіндегі активтерге дәл қа­­жет кезінде иелік етіп, оларды еркін пайдалану мүмкіндігінен айырылып отыр­ған болуы мүмкін. Сайып келгенде, мем­лекет стратегиялық маңызы бар ше­шім қабылдағанымен, оның орындалуы шет­елдік коммерциялық крипто­бир­жа­ның мүмкіндігіне тәуелді болып шы­ғады. Мұндай жағдайда мемлекет өзіне тие­сілі мүлікті пайдалану үшін өзге елде тір­келген жеке компанияның бір функ­ция­сын қайта іске қосуын күтуге мәж­бүр.

Қазақстан нарығында көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан крип­то­на­рық­тағы коммерциялық нысандардың ішін­де тап сол Binance пен Bybit-ке қа­тыс­­ты түйіні шешілмеген түйткілдер көп еке­ні белгілі. Жаһандық сауда алаң­да­ры­ның ел аумағында лицензиясыз жұ­мыс істеуі салдарынан тәуелсіз сарап­шы­лар мен ресми органдар ұстанымы бір арнаға тоғыспай-ақ қойды. Егер пі­кір қайшылығы деңгейіндегі мәселе бол­са, бұл жағдайға қалыпты қарауға да бо­латын шығар. Алайда өзі елде, әмияны шет­елде болып шығатын заңсыз сауда жа­саушылар құзырлы органдарды қан­ша уақыттан бері әуреге салып келеді. Бұл жағдайда да құқық қорғау органдары бүкіл мәліметті алдыру үшін әлемдік ком­панияның жылы көзқарасына арқа сүйеп келеді. Әйтпесе лицензия жоқ жер­де міндеттеменің де болмайтыны бе­л­гілі. Соның ақыры, аталған агент­тік­тің өз әмиянына қол жеткізе алмай қалуы да осы олқылықтың салдары бол­са керек. 

Ербол ТҰРЫМБЕТ