Бизнеске арналған лицензиялар мен рұқсаттар енді тез беріледі

Бұрын жекелеген лицензиялар мен рұқсаттарды алу 15-тен 30 күнтізбелік күнге дейін созылатын.

Цифрландырудың практикалық нәтижелерінің бірі – бизнеске арналған лицензиялар мен рұқсаттарды автоматты түрде беру. Мемлекеттік деректер базаларын интеграциялау және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету нәтижесінде ақпараттық жүйелер енді қажетті мәліметтерді өздігінен тексеріп, бұрын бірнеше апта уақытты қажет еткен шешімдерді қабылдайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл – электрондық үкіметтен цифрлық мемлекетке көшудің нақты мысалдарының бірі. Мұндай жағдайда өтініш беру процесі ғана емес, шешім қабылдау процесінің өзі де цифрландырылады.

Бұрын жекелеген лицензиялар мен рұқсаттарды алу 15-тен 30 күнтізбелік күнге дейін созылатын. Кәсіпкер құжаттарды жинап, оларды мемлекеттік органға тапсырып, тексеру мен шешім қабылдауды күтуі қажет болатын.

Енді автоматтандырылған қызметтер бойынша электрондық өтініш беру жеткілікті. Жүйе қажетті мәліметтерді мемлекеттік деректер базаларынан өздігінен алады, олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді және барлық шарт орындалған жағдайда оң шешім қалыптастырады.

Нәтижесінде, бұрын бірнеше аптаға созылған рәсім енді тез орындалады. Бұл ретте шешім мемлекеттік орган қызметкерінің қатысуынсыз, алдын ала белгіленген бірыңғай қағидалар негізінде қабылданады.

Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін әкімшілік рәсімдерді қайта қарау, артық талаптарды жою, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау және шешім қабылдау қағидаларын цифрлық форматқа көшіру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді.

Мұнда бюрократиялық рәсімдерді жай ғана электрондық форматқа көшіру туралы сөз болып отырған жоқ. Алдымен процестің өзі жеңілдетіліп, артық кезеңдер жойылады, содан кейін ғана автоматтандыру енгізіледі. Дәл осындай тәсіл бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимыл жасау логикасын өзгертеді.

Кәсіпкерлер үшін бұл жаңа мүмкіндіктерді білдіреді: қызметін жылдам бастауға, әкімшілік рәсімдерге аз уақыт жұмсауға және объективті әрі ашық өлшемшарттар негізінде шешімдер алуға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл адами фактордың ықпалын азайтып, артық әкімшілік кедергілерді жояды.

«Цифрландырудың нәтижесі енгізілген ақпараттық жүйелердің санымен емес, азаматтар мен бизнес үшін болған нақты өзгерістермен өлшенуі тиіс. Біздің міндетіміз – кәсіпкер мемлекетте бар мәліметтерді қайта жинап, қолмен тексеруді күтуге мәжбүр болмайтын мемлекеттік қызметтер моделін қалыптастыру. Егер шешімді шынайы цифрлық деректер мен нақты талаптар негізінде қабылдауға болса, ол автоматты түрде қабылдануы тиіс. Бұл – қызмет көрсетуді жай ғана жеделдету емес, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейі», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитетінің төрайымы Айнұр Юсупова.

Шешімдерді автоматты түрде қабылдау тетігі қазірдің өзінде құрылыс, ауыл шаруашылығы, сыртқы сауда, өнеркәсіптік қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және басқа да салаларда қолданылады.

Бұл тәсілдің ауқымы көрсетілген қызметтердің санымен расталады. 2024 жылдан бастап eLicense.kz порталы арқылы өтініштерді қолмен қараусыз, тексеру және шешім қабылдау автоматты түрде жүзеге асырылатын 87 088 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бүгінде мұндай тетік бизнеске арналған 12 мемлекеттік қызмет бойынша қолданылады.

Алдағы уақытта бұл қағидат шешімдерді цифрлық деректер мен белгіленген талаптар негізінде қабылдауға болатын басқа да мемлекеттік қызметтерге кезең-кезеңімен енгізіледі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.