Тергеу нәтижесінде қайғылы оқиғаның туындау себептері мен айыпталушылардың әрекеттері арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бары дәлелденді. Салдарынан 12 адам көз жұмған қайғылы оқиғаға байланысты сот үкімі заңды күшіне енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Қылмыстық істі тергеу барысында мамандандырылған прокурорлар өрттің қалай шыққанын, оған не себеп болғанын және адам өліміне әкелген жағдайлардың қалай қалыптасқанын жан-жақты анықтаған. Тергеу деректеріне сүйенсек, қайғылы жағдайға бірнеше адамның қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзуы себеп болған.
Атап айтқанда, жанармай құю стансасының директоры тұрмыстық газ баллонын заңсыз әрі қауіпсіздік талаптарын сақтамай толтыруға жол берген. Ал газ жеткізуші оны қабылдап алу, тасымалдау және тұтынушыға тапсыру жұмыстарын ұйымдастырған.
Өз кезегінде дәмхана басшысы газ баллонын адамдар көп жиналатын нысанда өрт және газ қауіпсіздігі талаптарын бірнеше рет бұзылуына жол берген. Осы заңбұзушылықтардың жиынтығы қайғылы жағдайға ұласқан. Салдарынан газ баллоны жарылып, жарылыс қаупі бар газ-ауа қоспасы пайда болған. Артынша өрт шығып, 12 адамның өмірі қиылды.
2026 жылғы 7 қыркүйекте Ақмола облысы Бурабай аудандық сотының үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысы 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сотталғандар жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болады. Сонымен қатар азаматтық талап-арыздар ішінара қанағаттандырылған. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енді.
Осылайша, 12 адамның өмірін қиған Щучинскідегі қайғылы өртке қатысты сот процесі аяқталды. Тергеу мен сот анықтағандай, адам өміріне төнген қауіп бір ғана жағдайдан емес, газ баллонын толтырудан бастап оны қоғамдық тамақтану орнында пайдалануға дейінгі бірнеше кезеңде жіберілген қауіпсіздік талаптарын бұзудан туындаған.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.