Kyzdar.net ісі: миллиардтаған табыс тапқан қылмыстық топтың тағы бір мүшесі Қазақстанға жеткізілді

Тергеу барысында әйелдің қылмыстық топтың басқа мүшелерімен бірге Kyzdar.net сайтында жарияланған хабарландыруларды ақылы түрде ілгерілетуге қатысқаны анықталған.

Жезөкшелік қызметтерін жарнамалаған Kyzdar.net сайтына қатысты қылмыстық іс бойынша халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы Грузиядан Қазақстанға жеткізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әйел трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне қатысқан деген күдікке ілінген.

Бас прокуратураның мәліметінше, күдіктіні елге жеткізуге ведомство қызметкерлері, Ішкі істер министрлігінің Интерпол өкілдері және Қазақстанның Грузиядағы елшілігі атсалысқан.

Тергеу барысында әйелдің қылмыстық топтың басқа мүшелерімен бірге Kyzdar.net сайтында жарияланған хабарландыруларды ақылы түрде ілгерілетуге қатысқаны анықталған. Ол жыныстық қызмет көрсететін адамдардан сайттағы сауалнамаларының шотын толықтыруға өтінімдер қабылдаған. Түскен қаражаттың бір бөлігін топ мүшелері комиссия ретінде алып, қалғанын сайт ұйымдастырушыларына аударып отырған. Осылайша, жезөкшелікке "жеңгетайлық жасауға" негізделген заңсыз жүйенің жұмысын қамтамасыз еткен.

Қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін сотталған. Ал кейбір күдіктілер тергеуден бой тасалап, халықаралық іздеуге жарияланған. Солардың бірі биыл шілдеде Грузияда ұсталып, Қазақстанның сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазір әйел тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған айыптар дәлелденсе, мүлкін тәркілеумен қатар, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Kyzdar.net сайтына қатысты қылмыстық іс бірнеше жылдан бері тергеліп келеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы маусымда сайттың жұмысын ұйымдастырған және оның серверлік инфрақұрылымына иелік еткен күдіктілер ұсталған. Тергеу кезінде интернет-ресурста жыныстық қызмет көрсетуге қатысты 9 мыңға жуық сауалнама орналастырылғаны анықталған.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, сайтты ұйымдастырушылардың заңсыз табысы 2 миллиард теңгеден асқан. Күдіктілердің атына сегіз компания, бес пәтер, алты коммерциялық нысан, алты коттедж, он жер телімі, алты автотұрақ орны және қымбат маркалы 11 автокөлік тіркелген.

2026 жылғы шілдеде Петропавлда осы қылмыстық топтың алты мүшесіне сот үкімі шығарылды. Ұйымдастырушы 10 жылға, ал негізгі бес менеджердің әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім жарияланған кезде оның заңды күшіне енбегені хабарланған. Құқық қорғау органдары Kyzdar.net сайтының қызметіне қатысы бар өзге адамдарды анықтау жұмысын жалғастырып жатыр.