Бүгін ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен III Халықаралық жас ғалымдар конгресі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми жиынға әлемнің 35-тен астам елінен 1 000-нан аса зерттеуші қатысуда.
Екі тарихи белесті тоғыстырған халықаралық конгресс отандық ғылымның қалыптасу жолын, ғылыми мектептердің сабақтастығын және тәуелсіз Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамытудағы жас зерттеушілердің рөлін айқындайтын маңызды алаңға айналды. Тәуелсіздік жылдарында ұлттық ғылыми жүйе жаңа даму кезеңіне қадам басса, 80 жылдық тарихы бар Ұлттық ғылым академиясы отандық ғылымның іргесін қалаған Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдар буынының ғылыми мұрасын жалғастырып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның болашағында жас зерттеушілердің орны ерекше екенін үнемі атап келеді. 2025 жылғы мәлімет бойынша, еліміздегі ғалымдар саны 28 мыңнан астам адамды құраса, оның жартысына жуығы, яғни 48%-ы – жас ғалымдар. Бұл – Мемлекет басшысының жас ғалымдарды қолдау саясатының нәтижесі деп айтуға болады. Жастар ғылымға батыл қадам басып, өз зерттеулерімен ел алдында тұрған міндеттерді шешуге атсалысуда.
Конгрестің басты мақсаты – жас ғалымдарға ортақ алаң қалыптастыру, тәжірибелі ғалымдар мен жас зерттеушілер арасындағы байланысты нығайту, ұлттық ғылыми мектептерді дамыту және шетелдік жетекші ғалымдар мен отандық жас ғалымдардың интеграциясын дамыту. Екі күндік басқосу аясында іргелі және қолданбалы ғылымның өзекті бағыттары, жасанды интеллект пен озық технологияларды ғылыми-зерттеулерге енгізу, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру және ғылымның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін күшейту мәселелері талқылануда.
Конгрестің салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қариннің қатысушыларға арналған құттықтау хаты оқылды. Вице-президент ғылымның ел тәуелсіздігін нығайтудағы, мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы және зияткерлік әлеуетін дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтіп, ғылыми сабақтастықты сақтау, жас зерттеушілердің кәсіби қалыптасуы мен ғылымдағы жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударған. «Ұстаздан шәкіртке берілетін зерттеу мәдениеті, ойлау дербестігі және ғылыми адалдық дәстүрі әрдайым берік болуы қажет», – деп атап көрсетілген құттықтау хатында. Сонымен қатар жас ғалымдардың жаңа технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, ел дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірілді.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзінде ғылым мен технологияның экономикалық дамуды қамтамасыз етудегі және Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызына баса назар аударылды. Министр жас зерттеушілерді жүйелі қолдау, заманауи ғылыми инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейту және ғылыми нәтижелерді нақты өндіріске енгізу мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтары болып қала беретінін жеткізді.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жас ғалымдардың әлеуетін арттыру Академия қызметінің стратегиялық бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол ғылыми басымдықтарды айқындау, қолданбалы зерттеулерді дамыту, өңірлік ғылымды нығайту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, Академияның Жас ғалымдар кеңесі мен Жас зерттеушілер академиясының қызметі, жасанды интеллект негізіндегі ғылыми жобалар және жас зерттеушілерді ірі пәнаралық бағдарламаларға тарту бастамалары туралы айтты. «Ғылымның болашағы тек технологиялармен ғана анықталмайды. Ол батыл ойлай білетін, пәнаралық бағыттардың тоғысында жұмыс істейтін және ең күрделі заманауи сын-қатерлердің шешімін таба алатын жастарға байланысты», – деп атап өтті Академия президенті.
Пленарлық форумда ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың, Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтаулары оқылып, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жас ғалымдарға арнап құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми ізденістеріне табыс тіледі. Сондай-ақ отандық және шетелдік жетекші ғалымдар баяндама жасап, ғылымның өзекті бағыттары, жаңа технологиялық жетістіктер мен халықаралық зерттеу ынтымақтастығының келешегіне тоқталды.
Конгреске халықаралық ғылыми қауымдастықтың беделді өкілдері, жетекші шетелдік және қазақстандық ғалымдар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері және жас зерттеушілер қатысты. Негізгі баяндамаларда медицина мен иммунология, физика, жаңа материалдар, тарихи зерттеулер, экология және агротехнологиялар салаларындағы заманауи ғылыми ізденістер мен халықаралық ынтымақтастық тәжірибесі ұсынылды.
Конгрестің маңызды бөлігі «AI for Science: ғылыми жаңалықтардың жаңа дәуірі» тақырыбындағы пленарлық форумға ұласты. Отандық және шетелдік сарапшылар жасанды интеллектінің ғылыми-зерттеулерді жүргізу тәсілдерін өзгерту мүмкіндіктерін, үлкен деректерді талдауды, медицина мен жоғары білім саласындағы цифрлық трансформацияны, ғарыштық технологияларды және инновациялық шешімдерді талқылады. Сонымен қатар жасанды интеллектінің ғылыми нәтижелердің сапасына, зерттеу әдіснамасына және ғалымның кәсіби жауапкершілік ықпалына назар аударылды.
Форум барысында ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев Ұлттық ғылым академиясының AI for Science бағытын дамыту жөніндегі бастамаларын таныстырды. Атап айтқанда, Қытай және Кореяның жетекші ғылыми ұйымдарымен бірлескен жобалары, жасанды интеллект негізіндегі ғылыми платформаларды қалыптастыру, ғарыштық деректерді зерттеу мақсатында пайдалану және су қауіпсіздігіне қатысты болжамдық зерттеулерді дамыту мәселелеріне тоқталды. Бұл бастамалар қазақстандық ғалымдардың заманауи зерттеу инфрақұрылымына қолжетімділігін кеңейтуге және отандық ғылымның технологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған.
Халықаралық жиын аясында жас ғалымдар мен жасөспірім зерттеушілердің ғылыми және инновациялық әзірлемелерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде жас зерттеушілердің ғылыми ізденістерінің нәтижелері, жаңа технологиялық шешімдер мен практикалық маңызы бар жобалар таныстырылды. Бұл алаң ғылыми идеяларды қолданбалы нәтижелерге айналдыру және жас таланттардың зерттеушілік әлеуетін көрсету тұрғысынан ерекше маңызға ие болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы әлемдік Web of Science деректер базасында еңбектеріне ең көп сілтеме жасалған отандық жас ғалымдарды қолдау мақсатында «Қазақ ғылымының үміті» атты арнайы марапат тағайындады. Аталған марапат ғылымның бес бағыты бойынша үздік шыққан жас ғалымдарға табысталды:
– Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар бағыты бойынша – Жидебекқызы Ақнұр, Алматы менеджмент университетінің зерттеуші-профессоры, PhD, қауымдастырылған профессор;
– Медицина ғылымдары мен денсаулық сақтау саласы бойынша – Қайырлықызы Айым, Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana мекемесі Биоинженерия және регенеративті медицина зертханасының ғылыми қызметкері;
– Ауыл шаруашылығы ғылымдары бағыты бойынша – Аманжан Нұржан Ғалымжанұлы, Nanjing Normal University постдокторанты;
– Техникалық ғылымдар бағыты бойынша – Ментбаева Алмагүл Әбдіғалымқызы, Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессоры;
– Жаратылыстану ғылымдары саласы бойынша – Сәрсенбекұлы Бауыржан, Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығы мен Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған конгресс тарихи ғылыми мұра мен жаңа буынның зияткерлік әлеуетін тоғыстырып, Қазақстан ғылымының болашақ даму бағдарларын талқылаған маңызды халықаралық алаң болды.
Конгресс жұмысы 13 қарашада Алматы қаласындағы алты жоғары оқу орнының базасында ұйымдастырылатын тақырыптық ғылыми конференциялармен жалғасады. Ғылыми талқылаулар жаратылыстану ғылымдары, Жер, ғарыш және коммуникациялар, агробиоресурстар мен экология, өмір және денсаулық, білім және азаматтық қоғам бағыттарын қамтиды. Сонымен қатар ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға арналған дөңгелек үстел, шеберлік сабақтары мен ғылыми пікірталастар өткізіледі. Бұл іс-шаралар жас зерттеушілердің тәжірибе алмасуына, халықаралық ғылыми байланыстарын кеңейтуіне және бірлескен жобаларды дамытуына мүмкіндік береді.
III Халықаралық жас ғалымдар конгресі жұмысының нәтижесі ретінде қарар қабылданып, онда шара барысында талқыланған отандық ғылымды дамыту, шетелдік үздік технологияларды трансферлеу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын коммерцияландыру бойынша маңызды ұсыныстар мен шешімдер тіркеліп, құзырлы органдарға және ҚР Құрылтайының депутаттарына жолданатын болады. Конференциялар мен пленарлық форум баяндамаларының қорытындысы бойынша, III Халықаралық жас ғалымдар конгресінің абстрактілер жинағы жарияланады.