«Заң мен тәртіп»: Қазақстан шетелден 20 миллион доллардың активін анықтады

Қатысушылар қатарында Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері, Құрылтай депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрі, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Ресей Федерациясы Прокуратура университетінің ректоры, Түркия Әділет академиясының президенті, сондай-ақ сот жүйесінің, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен шетелдік білім беру мекемелерінің өкілдері, еліміздің құқық қорғау және өзге де жоғары оқу орындарының ректорлары, жетекші заңгер-ғалымдар бар.

Бас Прокурор Берік Асылов «Қазіргі құқықтық жүйедегі «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидаты: сын-қатерлер, инновациялар мен шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны ашты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Конференцияға қатысушыларға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы Алексей Рогов және БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік өкілі Оливер Штольпе құттықтау сөз сөйледі.

Қатысушылар қатарында Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері, Құрылтай депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрі, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Ресей Федерациясы Прокуратура университетінің ректоры, Түркия Әділет академиясының президенті, сондай-ақ сот жүйесінің, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен шетелдік білім беру мекемелерінің өкілдері, еліміздің құқық қорғау және өзге де жоғары оқу орындарының ректорлары, жетекші заңгер-ғалымдар бар.

Конференцияның мақсаты - халықаралық тәжірибе алмасу, заңнама мен құқық қолдану практикасын жетілдіру, заманауи сын-қатерлер жағдайында құқықтық тәртіпті нығайту жөнінде практикалық ұсынымдар әзірлеу.

Пленарлық отырысты аша отырып, Берік Асылов жаңа Конституцияның қабылдануы еліміздің одан әрі дамуына, мемлекеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқықтық жүйені жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашқанын атап өтті.

«Заң мен Тәртіп» идеологиясы Конституцияның преамбуласында және негізгі қағидаттарында бекітілген. Ол мемлекеттік органдар тарапынан заңдылықты нығайту мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ғана емес, әрбір азаматтың құқықтық санасын арттыруды және құқықтық тәртіпті сақтаудағы жауапкершілігін күшейтуді де көздейді. Бұл идеологияны ілгерілетуде прокуратура органдары маңызды рөл атқарады. Барлық құқық қорғау және осы бағытқа мүдделі өзге де мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру - жұмыстың табысты болуының кепілі.

Аталған қағидатты іске асыру лауазымды адамдар тарапынан жасалған құқық бұзушылықтарды қоса алғанда, заңға қайшы әрекеттердің кез келген көрінісін дәйекті әрі ымырасыз түрде тыю арқылы қамтамасыз етіледі. Заң баршаға ортақ, ал жауаптылықтың бұлтартпастығы қағидаты атқаратын лауазымы мен қоғамдағы жағдайына қарамастан барлығына бірдей қолданылады.

Сонымен қатар ол Мемлекет басшысының жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізу басымдықтарын стратегиялық міндеттер ретінде белгілегенін атап өтті. Сондықтан біз заманауи технологияларға, талдамалық жүйелерге және тәуекелдерді болжауға басымдық беруіміз қажет.

Конференцияда прокуратура органдары мен отандық компаниялардың IT-өнімдері таныстырылды. Оларды енгізу нәтижесінде арнайы прокурорлар биыл шетелдік юрисдикциялардағы жалпы сомасы 20 млн АҚШ долларын құрайтын активтердің орналасқан жерін анықтап, олардың едәуір бөлігі криптовалюта түрінде болғанын анықтады. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген залал өтелді.

Конференция барысында әртүрлі елдердің құқық қорғау органдары арасындағы бірлескен жұмыс, ақпарат алмасу және күш-жігерді үйлестіру тетіктері талқыланды. Осы бағыттағы ынтымақтастықты дамыту Құқық қорғау органдары академиясы мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ОАӨАҮО) арасында Өзара түсіністік туралы келісімге қол қою арқылы бекітілді.

Конференция аясында Құқық қорғау органдары академиясы мен Еуропалық жария құқық ұйымы (EPLO), сондай-ақ Академия мен Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.