Нұртөре Жүсіп: Президент «Заң мен тәртіп» қағидатын берік ұстана бастады

Ол «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» компаниялары басшыларының ұсталуына қатысты пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға бағытталған ұстанымына қолдау білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол «Самұрық-Қазына» мен «Қазақстан темір жолы» компаниялары басшыларының ұсталуына қатысты пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Нұртөре Жүсіптің пікірінше, ірі компаниялардың басшыларына қатысты қабылданып жатқан шаралар Мемлекет басшысының заң үстемдігін қамтамасыз етуге басымдық беретінін көрсетеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “ Заң мен тәртіп” деген қағидатты берік ұстана бастады. Бүгін Самұрық пен ҚТЖ секілді алпауыт компания басшыларының құрыққа ілінуі - соның айқын дәлелі.

Бұрын тек шабақтар мен шортандар қармаққа ілінсе, бүгін екі бірдей акула ауға түсті. Ақ-қарасын тергеп-тексерушілер анықтай жатар. Бізді осындай қаржылық мекеме басшыларының көзсіз әрекеті ойландырады. “Самұрық-Қазына” Ұлттық қордың қаржысына иелік етеді. ҚТЖ - мемлекет ішіндегі кішігірім мемлекет тәрізді құрылым. Мұндай қадамға неліктен барды? Күнкөрісі төмен бе? Айлықтан бөлек бір ғана жылдық бонусы пәлен мұғалім мен түген дәрігердің жылдық табысын бірнеше есе орамай ма!?.

Тойымсыздық, ашкөздік, қанағатсыздық, жауапсыздық, жұлымырлық пен жемқорлық мемлекеттің іргетасын ірітіп, шірітетінін біле тұра, осындай жойқын жемқорлыққа не үшін барып жатыр? Неге тоқтам жоқ?

Ол қоғамда заң талаптарының баршаға бірдей қолданылуы маңызды екенін атап өтті.

Президент ұстанымы дұрыс. Заң бұздың ба: Арыңмен де, Барыңмен де жауап бер! Таза қоғам құру үшін тазалану керек-ақ!

Жұртқа керегі - жүйелі тәртіп!

Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын растады. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.

Қазір тергеу жүріп жатыр.