Қазақтың дәстүрлі өнерінде термешіліктің алатын орны ерекше. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл өнер бүгінде де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, соңғы жылдары термешілік өнерге деген қызығушылық артып, әлеуметтік желілерде, түрлі мәдени іс-шаралар мен концерттік сахналарда кеңінен насихатталып келеді. Әсіресе, жас орындаушылардың термеге бет бұруы көңіл қуантады.
Дегенмен дәстүрлі өнердің танымал болуы оның тарихи болмысын, орындаушылық ерекшеліктерін және сабақтастық мәселелерін назардан тыс қалдырмауы тиіс. Өйткені термешілік өнер – тек сахналық орындаушылық емес, өзіндік қалыптасу жолы, аймақтық мектептері мен ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесі бар күрделі өнер. Осыған орай термешілік өнердің аға буын өкілі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ғылыми қызметкері Елікбай Исамен сұхбаттастық.
– Біздің оқып-білгеніміз бойынша, терме дегенді нақыл сөздердің арасынан теріп алған сөздер деп түсінеміз. Бұл қаншалықты дұрыс пайым? Жалпы терме деген не?
– Егер қарапайым тілмен айтсақ, терме – тәрбиелік мәні бар өлең. Бірақ оның мәнін тереңірек түсіну үшін тарихына үңілуіміз керек. Ерте заманда халқымызда «терме» деген жеке атау болмаған. Толғау болсын, арнау болсын, дастан болсын, барлығын жалпылама «жыр» деп атаған.
Ал сол жырлардың мазмұнына қарасақ, көпшілігінде діни ұғымдар мен түсініктер кездеседі. Мәселен, жыршылар сөзін «Бисмиллә», «Иә, Алла» деп бастаған. «Алпамыс батыр» жырында да:
«Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Жиделі Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде,
Байбөрі деген бай болды...» – деп келеді.
Кейін қазақ даласы Ресей империясының, одан соң Кеңес өкіметінің билігіне өткен тұста жағдай өзгерді. Әсіресе, кеңестік кезеңдегі атеистік идеология діни мазмұндағы шығармалардың еркін айтылуына ықпал етті. Соның нәтижесінде бұрын тұтас жыр ретінде айтылып келген шығармалардың ішінен адамгершілікке, тәрбиеге, өнегеге үндейтін шумақтарды жеке бөліп алып айту кең тарады. Менің пайымдауымша, «терме» деген атаудың қалыптасуын осы үдеріспен де байланыстыруға болады.
Яғни, жырдың ішінен белгілі бір ойды, тәрбиелік мәні бар шумақтарды теріп алып орындаған. «Терме» сөзінің «теру» дегеннен шығатыны да осыған байланысты. Сондықтан сіздің айтып отырған пайымыңыз орынды.
– Ай-күнін нақты айта алмайтынымыз анық. Десе де терменің жеке жанр ретінде қалыптасқан кезеңін шамамен анықтауға бола ма?
– Меніңше, бұл XIX ғасыр болса керек. Мүмкін, одан да ертерек қалыптасқан шығар. Бірақ сол XIX ғасырда өмір сүрген аталарымыздың өзі «терме» деген атауды қолданбаған болуы мүмкін. Жоғарыда айтқанымдай, ол кезде барлығын жалпылама «жыр» деп атаған. Мәселен, ақын-жырауларға «Ал, жырлап жібер!» деген. «Терме айтып бер» демеген.
Майлықожа, Бұдабай, Молда Мұса сияқты ақындарымыздың шығармашылығында бүгінгі біз терме деп атап жүрген туындылар көп кездеседі. Яғни, терменің мазмұны мен орындаушылық дәстүрі бұрыннан болғанымен, ол кезде мұндай шығармалар «жыр» деген жалпы атаумен айтылып келген. Сондықтан терменің өнер ретінде қалыптасуы мен «терме» атауының қолданысқа енуін екі бөлек мәселе ретінде қарастырған дұрыс.
– Сонда менің түсінгенімше, «терме» деген термин, яғни жанрдың өзі емес, оның атауы XX ғасырда пайда болды деп айта аламыз ба?
– XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы деп айтсақ, дұрысырақ болар еді.
– Жаңа Майлықожаны айтып қалдыңыз. Оның термелерін тыңдасақ, діни ұғымдар мен шариғатқа қатысты сөздер өте көп кездеседі. Дегенмен Кеңес дәуірінде де Майлықожаның бірқатар шығармалары баспадан жарық көргенін білеміз. Бұл қалай жүзеге асқан?
– Мұның қызық тарихы бар. Асқар Сүлейменовті білесіз ғой? Өте мықты, білімді адам болған. Сол кісі Майлықожаның термелерін жинақтап, кітап етіп дайындап, Мырзатай Жолдасбековке апарып беріпті. Ол кезде Мырзатай ағамыз белгілі бір мемлекеттік қызметте отырған болса керек.
Асқар Сүлейменов Майлықожаның шығармаларын жинап, «Осы кітапты шығарып беріңіз» деп өтініш жасаған екен. Мырзекең қолжазбаны қарап шықса, ішіндегі көптеген діни сөздер мен шариғатқа қатысты тұстар сол кезеңдегі кеңестік идеологияның талаптарына сәйкес келмейді. Сондықтан кітапты сол күйінде жариялау қиын болған. Содан ойлана келе, діни мазмұндағы кейбір сөздер мен шумақтарды алып тастап, жинақты қайта дайындау туралы шешім қабылданған екен. Сөйтіп, Майлықожаның термелері өңделіп, сол кездегі идеологиялық талаптарға сәйкестендірілген нұсқада кітап болып жарық көріпті.
Әрине, мұны сол кезеңнің саяси жағдайымен байланыстыра қарау керек. Өйткені ол уақытта діни мазмұндағы шығармаларды еш өзгеріссіз жариялау оңай болмаған. Тәуелсіз алғаннан кейін мұра қайта жинақталып, түпнұсқа қайта оралды.
– Майлықожаның термелері дегенде Мейрамбек Беспаевтың орындауы да еске түседі. Оның орындауындағы терме халық арасында кеңінен танымал болды.
– Әрине, Мейрамбектің сол термені көпшілікке жеткізіп, халық арасында кеңінен насихаттағанына қуанамыз. Тыңдарман да жақсы қабылдады. Ол өзінің көргенін, естігенін, үйренгенін орындап жүр. Дегенмен біздің басты мақсатымыз – дәстүрлі шығармалардың түпнұсқасын мүмкіндігінше бұзбай сақтау. Сондықтан осы ретте бір-екі мәселені айта кеткім келеді.
Біріншіден, терменің мәтінінде бір сөз өзгеріп кеткен. Мейрамбек:
«Керуен көшіп барады,
Нар менен тізіп атанын...» – деп орындайды.
Ал біздің көнекөз қариялардан естіген нұсқамызда «тізіп» емес, «жегіп» деп айтылады. Яғни:
«Керуен көшіп барады,
Нар менен жегіп атанын...»
Мұндағы «жегіп» деген сөздің өзіндік мағынасы бар. Бұрын көш кезінде нар мен атанды арбаға жеккен ғой. Сондықтан бұл жерде «жегіп» деп айтылуы қисынды. Бір қарағанда, бір ғана сөздің айырмашылығы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ дәстүрлі мұраны жеткізуде әр сөздің мағынасына мән беруіміз керек.
Екіншіден, терменің орындалу мәнерінде де өзгеріс бар. Мәселен:
«Жарық дүние аман бол,
Тең құрбы өскен қатарым...» – деген жолдарды орындағанда, соңына «ех-ей» деп қосып жібереді. Ал түпнұсқада бұл жоқ. Әуеннің ығымен әндетіп кете береді.
Әрине, мұны Мейрамбек термені дұрыс орындамайды деген мағынада айтып отырған жоқпын. Ол – өте жақсы әнші. Оның орындаушылық шеберлігіне ешқандай күмәнім жоқ. Тек Майлықожаның термесін бізге жеткен дәстүрлі нұсқасымен салыстырғанда байқалатын кейбір айырмашылықтарды айтып отырмын. Өйткені халық мұрасын насихаттаумен қатар, оның бастапқы сөзін, мазмұнын және орындаушылық ерекшеліктерін сақтау да маңызды.
– Аға, терме айту өнерінің өңірлік ерекшеліктері бар ма?
– Әрине, бар. Мысалы, Арқа, Оңтүстік және Батыс өңірлерінің терме айту дәстүрін салыстырып көрейік. Әрқайсысының өзіне тән орындаушылық мәнері қалыптасқан.
Арқаның термелері ән айтуға жақындау келеді. Орындаушылар кейде дауысқа, әуеннің әдемілігіне көбірек мән береді. Соның нәтижесінде негізгі назар сөзден сазға ауысып кететін тұстары болады. Бұл – сол өңірге тән ерекшеліктердің бірі.
Ал Оңтүстікте сөздің анық айтылуына, оның мағынасының тыңдаушыға дұрыс жетуіне ерекше көңіл бөлінеді. Домбыра да сөзге бағынып, соған сәйкес сүйемелденеді. Мәселен, аспапты қолдану да өз ретімен. Кейбір жерлерінде сөздерін айтып, домбыраны тоқтатып қояды. Күтеді. Содан кейін қайта жалғастырады. Мұның бәрі сөздің салмағын арттырып, тыңдаушының назарын айтылған ойға аудару үшін жасалады.
Батыс өңірінде сөз бен домбыра сүйемелі қатар өріледі. Ол жақтағы күйшілік дәстүрдің ерекшеліктері терме орындау мәнерінен де байқалады. Домбыраның қағысы, ырғақтық қозғалысы мен сөздің айтылуы өзара үйлесіп жатады.
– Яғни, әр өңірдің терме орындау дәстүрінде өзіндік стильдік ерекшелігінде күйшілік өнердің де әсері бар ғой?
– Дәл солай. Оның үстіне әр өңірде қалыптасқан күйшілік дәстүр де терменің мақамына әсер етеді. Сондықтан терменің өңірлік ерекшеліктерін қарастырғанда, сол жердегі домбыра тарту мәнерін де ескеру қажет.
– Мақам туралы айтып қалдыңыз. Қазіргі кезде байырғы мақамдардың қаншасы сақталған? Ал жаңа мақам шығару үрдісі қалай жүріп жатыр?
– Мысалы, Майлықожаның қанша термесі болса да, біз оларды негізінен төрт-ақ мақаммен орындаймыз. Оның өзінде сол мақамдардың бәрі бірдей толық сақталған деп айта алмаймыз. Өзге ақындардың шығармаларында да осындай жағдай кездеседі. Термелердің мәтіндері көбірек жеткенімен, олардың бастапқы мақамдары әлдеқайда аз сақталған.
Сондықтан қазіргі орындаушылар кейбір термелерге өздері жаңа мақам шығарып айтып жүр. Әркім өзінің білгеніне, орындаушылық тәжірибесіне сүйенеді. Кейбіреулер сөздің мазмұнына сай келетін әдемі мақам тауып, екеуін жақсы үйлестіреді. Ал енді біреулерде мақам бір жақта, сөз бір жақта кетеді. Яғни, әуен мен мәтіннің арасында үйлесім болмайды. Мұндай айырмашылықты термені түсініп тыңдайтын адам бірден байқайды.
Жаңа мақам демекші, өзіміздің де жиырмадан астам авторлық термеміз бар. Олардың тақырыптары әртүрлі. Бірақ термеге сөз жазу бір бөлек те, оған лайықты мақам шығару бір бөлек. Жаңа мақамның негізінде байырғы сарын жатуы керек. Сонымен бірге бұрыннан бар мақамды сол күйінде қайталамаған жөн. Сондықтан әр терменің сөзін қалай жеткіземіз, оған қандай мақам лайық, екеуін қалай үйлестіреміз деген мәселелер үнемі ойымызда жүреді.
– Осыдан он бес жыл бұрынғы термешілік өнердің жай-күйі әлі есімізде. Жас болсақ та, оның сол кездегі деңгейін көрдік. Қазір бұл өнердің қалай өзгеріп, дамып келе жатқанын да байқап жүрміз. Ал сіз термешілік өнердің болашағын қалай елестетесіз? Жалпы, осы өнерге қатысты арман-мақсатыңыз қандай?
– Мен термешілік өнердің болашағынан көп үміт күтемін. Әсіресе, бұл өнерді тек орындаушылық тұрғыдан ғана емес, теориялық және ғылыми тұрғыдан да тереңірек зерттеу қажет деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстардың ілгерілейтініне сенімдімін.
Өз басым шамамыз келгенше осы мақсатқа қызмет етіп жүрміз. Бұрынғы ақын-жыраулардың мұрасын жинақтап, ұмыт қалған дүниелерді қайта жаңғыртуға күш салып келеміз. Үлкенді-кішілі сахналарда терме орындап, халыққа жеткізуге тырысамыз. Қазір әлеуметтік желілердің де мүмкіндігі мол. Жастардың қызығушылығын арттыру үшін сол жерлерде де терме айтып, өнерімізді насихаттап жүрміз. Бұл жұмысымыз бір сәтке де тоқтаған емес.
Менің арманым – осы өнердің бізден кейін де жалғасуы. Бұрынғы жыраулардан жеткен мұраны жоғалтпай, келер ұрпаққа жеткізу. Оның тарихы да, мақамдары да, орындаушылық ерекшеліктері де зерттеліп, жүйеленсе деймін.
Жалпы, болашақтан үмітім көп. Сол үмітіміз ақталып, бұйырса, осы өнерді кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырармыз.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.