Димаш Құдайбергеннің әр концертінің бағдарламасында қазақ тіліндегі танымал әндерге арнайы бөлім беріледі. Осылайша әнші туған елінің ұлттық өнерін таныстыра отырып, Қазақстанның мәдениеті, қазақ тілі мен ұлттық дәстүрлерін әлемге жеткізеді. Музыкалық продюсер ретінде Димаш әр әнді дәстүрдің терең мазмұнын сақтай отырып, бүгінгі тыңдарманның талғамына сай заманауи үлгіде әзірлеген. Бұл туралы dimashnews.com жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Димаштың әлемнің түкпір-түкпіріндегі жанкүйерлері осы әндерді бірге шырқап, қазақ тілін үйреніп, сүйікті әншісіне үнемі қолдау көрсетіп келеді. Меридадағы концертте де бұл үрдіс жалғасын тапты. Dears «Aqerke» әніне арнайы ақ түсті қатпарлы қағаздан жүрекшелер дайындап, оларды әуен ырғағымен тербетіп, ерекше қолдау көрсетті.
«Тіпті айтарға сөз таба алмай тұрмын, сіздерге мың алғыс! Бүгін менің үлкен армандарымның бірі орындалған күн. Бала кезімде Латын Америкасына келуді армандайтынмын. Арада жылдар өткенде Жаратқан маған осындай мүмкіндік берді. Бүгінгі концерт, ең алдымен, сіздердің арқаларыңызда өтті. Өзімді өте бақытты жан санаймын, өйткені менің осындай тыңдарманым бар. Қазақстанға келіңіздер, қонағым болыңыздар», — деп Димаш концертте өзінің ақжарма тілегін білдірді.
Келесі орындалған «TAU ISHSINDE» әні 2025 жылдың жазында алғаш премьерасы өткеннен бастап дүниежүзіндегі Dears қауымының ортақ әніне айналып үлгерді. Жанкүйерлер бұл әнді әр концертте Димашпен бірге орындап, дәстүрге айналдырды. Ән аяқталғаннан кейін де көрермендер әншіні сахнадан жібергісі келмей, бүкіл зал болып әнді хормен жалғастырады.
Дәстүрлі туындылармен қатар, Димаштың әртүрлі музыкалық стильде жазған қазақ тіліндегі авторлық әндері де әлем тыңдармандарының ықыласына бөленіп келеді. DIMENSIONS гастрольдік турының бағдарламасында оның ана тіліндегі «Dimensions», «Omir», «SAMGAU», «Moonlight». «ZHANA KUN» атты композиторлық туындылары орындалады.
Бүгін Меридада ұмытылмас күн туралы әнін орындау кезінде Димаш көрермендердің қолдауына ризашылығын білдіріп, екі елдің ынтымақтастығының нышаны ретінде Мексика мен Қазақстанның туларын аспанға көтеріп, желбіретті. Ал мыңдаған көрермен жиналған зал «Пай-пай, шіркін, ұмытылмас күн» деген жолдарды өз ана тілінде айтқандай жаңылмай шырқады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.