– Сұлтанбек мырза, сіз осыған дейін «Астана Опера» сахнасында көптеген хореографиялық композицияны, бірактілі спектакльдерді қойып, олар көрерменнің жүрегінен лайықты орын алды. Соның ішінде «Томирис» балетін сіздің алғашқы ауқымды жұмысыңыз деп атауға бола ма?
– Иә, дұрыс айтасыз. «Томирис» – менің алғашқы екі актілі қойылымым. Жасыратыны жоқ, театр тарапынан осы балетті қою туралы ұсыныс түскенде қатты толқыдым. Өйткені Томирис – өзінің батылдығымен, ақыл-парасатымен және Отанын сыртқы жаулардан қорғаудағы ерлігімен тарихта өшпес із қалдырған бірегей тұлға. Томиристі тарихи кейіпкер ретінде ғана емес, қазіргі заманда әйелдерге, жалпы қоғамға қажетті дағдылардың толық кейсі ретінде көремін. Томирис басына түскен ауыр сынаққа қарамастан, жүрегіндегі елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті, баласына деген аналық ыстық сезімді сақтай білді. Қайғы мен қиындыққа мойымай, басын тік ұстап, елін аман алып қалу және басқару – оңай шаруа емес, сондықтан тарихымызда Томиристей бірегей тұлғаның болуы – біздің үлкен бағымыз деп білемін.
Қазір алдымда ауқымды спектакльді жарыққа шығарып қана қоймай, тарихты бұрмаламай, көрерменге айна қатесіз жеткізу міндеті тұр. Бұл премьерадан күтетінім өте көп, балеттің ойдағыдай өткенін және көрермендердің ықыласына бөленгенін қалаймын. Басты мақсатымыз – аудиторияны халқымыздың тарихына бойлату, патриоттық сезімдерін арттыру. Сол үшін алдыма қойылған талаптың барлығын орындауға және спектакльдің негізгі идеясы мен тұжырымдамасын әртістерге жеткізуге тырысып бақтым. Әрі қарай бұл балеттің өмір сүруі, көрерменнің жылы қабылдауы әртістерге байланысты. Сол себепті әртістерге ең бастысы денсаулығын барынша күтіп, жақсы көңіл күйді ұстап, ырғақты сақтап қалуға кеңес беремін.
– Премьераға дайындық қалай жүріп жатыр? Осы орайда спектакльдің оқиға желісі туралы да аз-кем айта кетіңізші.
– Хореограф ретінде әртістердің әрбір қимылдың мән-мағынасын түсінуі өте маңызды. Осыған байланысты премьераның дайындығына кіріспес бұрын труппаны жинап, либреттоны түсіндіріп, өз ойыммен бөлістім. Әр әртіс тарихи оқиға мен балеттің негізгі идеясы бойынша өзін толғандырған барлық сауалға жауабын алды. негізі биді қойып жатқан кезде әуелі оның бағытын анықтасақ, әрі қарай жұмыс процесі әлдеқайда жеңіл өтеді. Оның үстіне, спектакль көрерменнің жүрегіне жетуі үшін ең алдымен орындап жатқан әртістің өзі сезінуі керек.
Оқиға желісі жайлы айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері танымал драматург Ермек Аманшаев балеттің либреттосын парсы патшасы Кирді жеңген сақ-массагет тайпаларының әйгілі патшайымы Томирис туралы ежелгі аңыздар мен тарихи деректер негізінде жазды. Біздің спектакльде оқиға желісі Томиристің кішкентай кезінен емес, ұлы Спаргапис ержетіп қалған, нақты тарихи оқиға орын алған кезден басталады. Парсы патшасы шабуылдаған кезде Спаргапис Кирді күтіп алуға өзі аттанады. Сол кезде Кир оны айламен қолға түсіріп, ұлын босату үшін Томириске өзінің шартын қояды: ол Сақ патшайымынан қолын немесе жерін беруді сұрайды. Бұған Спаргапис қарсы болады. Айта кетейін, бұл жерде Спаргапис 16-17 жастағы албырт, сабырсыз жас жігіттің бейнесінде ұсынылады. Ол өзін-өзі көрсеткісі, көп нәрсе дәлелдегісі келеді. Алайда өзінің албырт мінезінің кесірінен ақымақтыққа бой алдырады, анасына көп ауыртпашылық салады, сүйген қызынан да айырылады.
«Томирис» балетінің премьерасына дайындықтан бөлек, труппа басқа да репертуарлық спектакльдерге дайындалып жатыр. Соның бірі - хореограф Кирилл Радев театрымыздың сахнасында алғаш рет қойған «Чарли мен Ирэн» балеті. Әртістеріміз сонда өнер көрсетті. Уақыттың тығыздығына қарамастан «Томиристі» қойылымына дайындық жұмысы жақсы өтуде. Спектакліміз екі акті, төрт көріністен тұрады. Бірінші акті сондай бір мерекелік атмосферада басталады. Кейіпкерлер Көрісу күні – Амал мерекесін тойлап жатады. Бұл көріністе күн мен түннің теңелуі, Наурыз мерекесін қарсы алу дәстүрі көрсетіледі. Бірінші актіде махаббатқа көңіл бөлетін тұстары бар. Спаргапис пен Арнаваның арасындағы жылы қарым-қатынасты: яғни махаббат үшін адамның неге баратыны, одан бөлек ана мен баланың арасындағы махаббат, ел мен жерге деген махаббат баяндалады. Сондай-ақ қазіргі қоғамды толғандырған мәселелерге де сілтемелер болады. Біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда орын алған тарихи оқиғаны сахнада қайта жандандыра отырып, қазіргі кезде де өзекті мәселелерді қозғаймыз. Осылайша спектакльде бірқатар маңызды тақырыптармен қатар әйел бейнесі де қамтылады. Дана халқымыз «әйелдің қырық жаны бар» дейді ғой, сондықтан әйел адамның қаншама ауыртпашылықты, қиыншылықты бастан өткерсе де, қайсарлықпен алға ұмтылуын, қазақ халқында әйелдердің сол дәуірден бері қандай еркін, төзімді, мықты болғанын көрсетеміз. Қойылымымызды осындай бірнеше бағытты ұстана отырып жасауға тырысудамыз.
– Хореографияның ерекшелігі неде? Әртістерге хореографияға қатысты қандай да бір талап қоясыз ба, әлде көбінесе еркіндік бересіз бе?
– Бұл балетті нақты бір бағытқа жатқыза алмаймын, онда түрлі стильдер қамтылған. Заманауи хореография да, қазақ биінің элементтері де, классикалық би элементтері де кездеседі. Осыған дейін қойған балеттерімдегі секілді мұнда да солистерге еркіндік бердім. Өйткені адам мінезі, болмысы мен дене бітімі жағынан әртүрлі болып келеді. Бір бишіге келетін қимыл екіншісінің табиғатына үйлеспеуі мүмкін. Кім қалай сезінсе, сол жағынан еркіндік беріледі. Ал негізінде ең бірінші қоятын талабым – балеттің не туралы екенін түсіну және физикалық дайындықтың болуы. Бұл спектакльде қарқынды билер, көпшілік сахналар өте көп, осы орайда кордебалеттің атқаратын жұмысы орасан зор болмақ. «Томирис» жауынгерлік балет болғаннан кейін спектакльдің басынан аяғына дейін шыдап шығу үшін кордебалет әртістеріне көп дайындалуға тура келуде.
– Труппаның жаңа балетті үйренуге деген ынтасы мен қызығушылығы қалай?
– Әртістердің құлшынысы өте жоғары, барлығы премьераға жауапкершілікпен келуде, өздеріне тапсырылған рөлдерді шеберлікпен орындауға тырысуда. Қазір олардың алдарында тұрған маңызды міндет – хореографияны қысқа мерзімде тез меңгеру. Премьера күндері Томиристің басты партиясын София Әділханова мен Торғын Лебен орындайды. Спаргаписті Досхан Зәйдін мен Ислам Қайыпбай таныстырады. Кирді Айдан Қалжан мен Жақсылық Сауқымбеков ұсынады (сондай-ақ ол бірінші күні Томиристің күйеуі Рустам баһадүрдің партиясын орындайды, екінші күні бұл бейнеде Амир Хван өнер көрсетеді). Амазонкалардың қолбасшысы Арнаваны таныстыруға Алина Зырянова мен Лимара Айдарова дайындалуда. Одан бөлек бізде Марту есімді абстрактілі кейіпкер бар, ол – өлім періштесі, бұл рөлді бізде Лимара Айдарова мен Амина Кисембаева жүзеге асырады. Сондай-ақ спектакльге шамандар қатысады, оларды жас әртістеріміз Ерсұлтан Тойғұлов, Нұрлытаң Руслан, Абай Юсупов сомдайды.