Іс-шараны «Қазпошта» АҚ ұйымдастырып, 3 000-нан астам баспа өнімін таныстырып, жазылу науқанының барысы жайлы мәліметтер берді.
«Жазылушылар күні» дейтін ресми атау берілген мұндай іс-шараны «Қазпошта» АҚ жыл сайын ұйымдастырады. Әдетте іс-шараға мерзімді басылым өкілдері, пошта қызметкерлері, жазылушылар қатысады әрі «Жазылушылар күні» аясында үздік пошташыларға кәдесый табыс етілетіні бар.
Осы жолы да мерзімді басылым өкілдері бұл үрдістен жаңылған жоқ. Дегенмен биылғы «Жазылушылар күні» басылымдарды тарату қызметіне қатысты өзекті мәселелерді талқылаумен де ерекшеленді. Басылым жетекшілері баспасөздің қазіргі жай-күйі, даму бағыты және пошта қызметімен тізе қоса жұмыс істеудің ерекшеліктеріне тоқталды.
AIQYN газетінің бас редакторы Амангелді Құрмет өз сөзінде газет-журнал оқу «Кітап оқитын ұлт» бастамасымен үндес екенін, интернет пен жасанды интеллект қанша дамыса да мерзімді басылымдардың өз міндеті бар екеніне тоқталды.
«Мерзімді басылымдар қазір мемлекеттің, ұлттың шежіресі жазылатын, тарихи жадты сақтайтын құралға айналды. Атақты «Қазақ» газетінің сандары бізге ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының бейнесін тану мүмкіндігін берсе, одан бергі жылдардағы басылымдар Қазақстанның төңкеріс, қуғын-сүргін, Екінші дүниежүзілік соғыс, тың игеру жылдарының, одан кейінгі кезеңдердің шежіресінен сыр шертеді. Сондықтан бүгінгі басылымдардың да осындай қызмет атқаратынын ескеру керек.
«AIQYN газеті – қоғамдық-саяси тақырыптарды назардан тыс қалдырмайтын, 20 жылдан астам тарихы бар белді басылым. Интернет пен әлеуметтік желілердің орасан зор ықпалы жүріп тұрған заманда сараптама, шолу, мәселені кеңінен қаузау біздің басты ұстанымымызға айналды. Мемлекеттік саясатты бұқараға түсіндіру, ел ішіндегі өзекті мәселелерді билік институттарының құлағына жеткізу – басылым жұмысының басым бағыттарының бірі. Мұны оқырмандарымыз да біледі. Ал кез келген редакцияның тірегі оқырман екенін, олардың сұранысына жауап беру өзекті екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан оқырман мен редакцияны байланыстыратын пошта қызметкерлеріне алғыс білдіремін. Әрі оқырмандарды AIQYN газетіне жазылуға шақырамын», – деді Амангелді Құрмет.
Еске сала кетейік, қазір елімізде газет-журналдарға жазылу науқаны жүріп жатыр. Халықаралық TÚRKISTAN басылымына, республикалық AIQYN мен LITER газеттеріне поштаға бармай-ақ, онлайн жазылуға болады.