«Жауынгер 2.0»: әскерден кейін армандаған мамандыққа жол ашады

Әскери қызмет – Отан алдындағы борышты өтеу ғана емес, болашаққа жол ашатын мүмкіндік. «Жауынгер 2.0» платформасы арқылы жауынгерлік даярлығы мен әскери тәртібі жоғары бағаланған сарбаздар ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарының білім грантын иелене алады.

Арқалықтан шыққан Әли Мұхамеджан – осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, бүгінде Еуразия ұлттық университетінің 4-курсында білім алып жүрген жастың бірі. Ол әскердегі бір жылдық қызметі мен грантқа қол жеткізу тәжірибесімен бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Бүгінде әскери қызметін аяқтаған сарбаздар өздерінің армандаған мамандықты меңгеріп, еліміздегі жоғары оқу орындарының білім грантын иелене алады. Ол үшін жауынгерлік даярлық нәтижесі, әскери тәртіп деңгейі, қызметтік міндетін орындау сапасы, психологиялық даярлығы мен тестілеуі қорытындысы жоғары бағалануы тиіс. Осы талаптарға сай болған сарбаз ғана  «Жауыргер 2.0» платформасы арқылы іріктеуге қатысып, іріктеуден өтіп, мемлекеттік грантты иелене алады. Биылдың өзінде конкурстық іріктеуге 160 әскери бөлімнен 8 823 әскери қызметші қатысып, жеңімпаздарға сертификат табыстады.

Сондай жеңімпаздардың бірі – Әли Мұхамеджан. Арқалықтың тумасы бүгінде Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті.

Айтуынша, IT мамандығы бойынша білім алып жатыр.

 – 2022 жылы 1.22 шақырылыммен Ақмола ауылында №44813 әскери бөлімінде бір жыл бойы өз борышымды өтедім. 2023 жылы өзім қалаған жоғары оқу орнына түсіп, бұйыртса келесі жылы оқуымды бітіріп, дипломды қолыма аламын, – деді ол.

Әли Мұхамеджан әуелде «Срочник 2.0» платформасы арқылы оқуға түсуге, әрі грант ұтып алу мүмкіндігі барынан бейхабар болған.

– Негізі, бұл бағдарлама 2022 жылы әскерге шақырылған сарбаздардан, яғни бізден басталған болатын. «Өздерің қалаған оқу орнын таңдаңдар, әскери борышты өткеріп болып, үйлеріңе қайтқан соң соған түсе аласыңдар» деп командирлер айта бастады. Соның өзінде оған қатысу ойыма келмеген. Шыны керек, ол орындалады деп сенбедім, –   дейді Әли Мұхамеджан.

4-курс студенті бұл гранттың өзі жайдан-жай берілмегінен айтты. Оның сөзінше, әскердегі тәртібің, оқу-жаттығуын, қаруды пайдаланудан, дәлдікпен атудан үздік болуы керек екен.

– Бәрінен үздік атану аздық еді, ең үлкен баға – рота командирінің мінездемесі. Егер ол сенің еңбегіңді жоғары бағаламаса, сынақтан өтпегенің. Құдай оңдап, талаптың бәрін орындап, өзімді көрсете алдым. Міне, соның арқасында осы грантты жеңіп алдым. Меніңше, жастарға мұндай мүмкіндіктің берілгенін қос қолдап қолдаймын. Өйткені әр азамат болашағына деген жауаптылықты сезініп қана қоймай, өзі қалаған оқуына түсуге, үй ішіне салмақ салмауға мүмкіндік алады.  Сонымен қатар бірыңғай ұлттық тестті тапсыруға міндеттелмейді, – деді Әли Мұхамеджан.

Жас жігіттің ендігі арманы – өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, елге қызмет ету.

Айта кетейік, биыл Астанада 2025 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылған мерзімді әскери қызметшілерге арналған мыңнан астам мемлекеттік білім беру гранты бөлінген. Бұл сарбаздарға өздері таңдаған жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік береді.

Мәлімет бойынша,  еліміздің азаматтық және ведомстволық жоғары оқу орындарында барлығы 1 040 орын бөлінген. Оның ішінде Ғылым және жоғары білім министрлігі  тарапынан 800-і мемлекеттік білім беру гранты болса, 240 орын күштік құрылымдардың жоғары оқу орындары ұсынған.