Қазақстанда 2025 жылы ресми некеде тұрмаған әйелдер 37 мыңнан астам баланы дүниеге әкелген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл елде туған әрбір тоғызыншы сәбиге жуық. Дегенмен кейінгі жылдары некесіз туған балалар саны біртіндеп азайып келеді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы елімізде некеде тұрмаған әйелдерден 41 356 бала дүниеге келген. 2024 жылы олардың саны 40 063-ке, ал 2025 жылы 37 035-ке дейін төмендеген. Осылайша, үш жылда көрсеткіш 10,4 пайызға азайған.
Өткен жылы Қазақстанда барлығы 335 мың сәби дүниеге келген. Оның шамамен 11 пайызы ресми некеде тұрмаған аналардан туған. Өңірлер арасында некесіз туған балалар саны жағынан Түркістан облысы көш бастап тұр. Мұнда 2025 жылы 4 206 сәби ресми некеде тұрмаған әйелдерден дүниеге келген. Одан кейін Алматы қаласы – 4 136 бала, Шымкент – 3 819 бала, Алматы облысы – 3 759 бала және Астана қаласы – 3 088 бала.
Аналардың жас ерекшелігіне назар аударсақ, некесіз бала туған әйелдердің арасында 30-34 жас аралығындағылар басым. 2025 жылы осы жастағы әйелдер 9 290 баланы дүниеге әкелген. Сонымен қатар ресми некесіз туған балалардың барлығы әкесіз өсіп жатыр деген тұжырым дұрыс емес. Өйткені баланың ата-анасы некесін тіркемей бірге тұруы немесе әкесі баласын ресми түрде мойындауы мүмкін.
Әділет министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы әкесі туралы мәлімет көрсетілмеген 19 241 туу туралы акт жазбасы тіркелген. 2024 жылы олардың саны 18 515 болса, 2025 жылы 16 906-ға дейін азайған. Бұл көрсеткіш әкелігі заңды түрде анықталмаған балаларға қатысты.
Осылайша, 2025 жылы ресми некесіз туған 37 035 баланың 16 906-сының туу туралы акт жазбасында әкесі туралы мәлімет болмаған.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда жалпы туу көрсеткіші де төмендеп келеді. 2023 жылы 388,4 мың сәби дүниеге келсе, 2024 жылы 365,9 мың, ал 2025 жылы 335 мың бала туған.