Жемқорлыққа қатысты ештеңені жасырмаймыз, ешкімді «өзіміздікі» деп бөлмейміз – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында жемқорлыққа қатысты барлық мәлімет халықтан жасырылмайтынын және түрлі деңгейдегі басшылардың заңсыз әрекеттері мұқият тексерілетінін айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі екенін айтып, құқықбұзушылыққа қатысы бар лауазымды тұлғалардың ешқайсысына жеңілдік жасалмайтынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында жемқорлыққа қатысты барлық мәлімет халықтан жасырылмайтынын және түрлі деңгейдегі басшылардың заңсыз әрекеттері мұқият тексерілетінін айтты.

«Тек соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқықбұзушылық анықталды, соның ішінде 2 165 құқықбұзушылықты мемлекеттік қызметшілер жасаған, ал қалғанын басқа да тұлғалар, атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы – 248,2 миллиард теңгеден асады.

Осы жылдың 10 айы ішінде 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, соның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-ін өзге де тұлғалар жасаған, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар.

Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз.

Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз.

Сол себепті түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқықбұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді.

«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлдем жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек», – деді ол.