Партия өкілдері Алматы облысындағы шығармашылық қауымдастық өкілдерімен басқосуында «Креативті экономика туралы» жеке заң әзірлеу ұсынылған еді. Қазір ол Құрылтайдағы партия фракциясының заң шығару жұмысы аясында қаралып жатыр.
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов саланы дамытудың үш негізгі бағыты – қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, өңірлерде креативті инфрақұрылым құру және зияткерлік меншікті қорғауды атап өтті. Оның айтуынша, авторлық туындыларды, брендтерді және шығармашылық еңбектің өзге де нәтижелерін қаржы тарту үшін пайдалануға жағдай жасау қажет. Авторлық сыйақы төлеу тетіктерін жетілдіру және қазақстандық жобалардың шетел нарығына шығуына қолдау көрсету де маңызды.
– Креативті экономиканы дамыту – «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы бағыттың бірі. Атап айтқанда, партия Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі креативті индустрияның үлесін 3%-ға жеткізуді мақсат етіп отыр, – деді ол.
Дөңгелек үстелде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли Қазақстанның креативті индустриясында 228 мыңнан астам адам еңбек ететінін, ал кәсіпкерлік субъектілерінің саны 67,5 мыңға жеткенін айтады. Креативті индустрияларды дамыту қорының төрағасы Ерлан Каналимов салаға салық жеңілдіктерін енгізуді және зияткерлік меншікті кепілге қойып қаржы алу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин креативті индустрияға жататын қызмет түрлерін нақтылау мәселесін көтерді. Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев лотерея қызметінен түсетін аударымдардың креативті индустрияға бағытталатын үлесін арттыру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді. Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов жасанды интеллект көмегімен толықметражды анимациялық фильмдер шығаруды Astana Hub-тың басым бағыттары тізіміне енгізу мәселесі пысықталып жатқанын айтты.
Бизнес өкілдерінің де бірқатар ұсынысы бар. Мәселен, салық жеңілдіктерін енгізу және кино өндірісіндегі рибейт тетігін жетілдіру, интернеттегі авторлық құқықты заңнамалық тұрғыдан қорғауды күшейту, билет сатудың цифрлық құралдарын дамыту мен кино нарығын талдау мүмкіндіктерін кеңейту жайы айтылды.
Өңірлерде креативті индустрияны дамыту мәселесі де назардан тыс қалмады. Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов креативті орталықтардың құқықтық мәртебесін айқындап, оларды ауыл тұрғындары үшін қолжетімді ету қажет екенін айтты.
Кездесуді қорытындылаған Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Гүлісхан Нахбаева «Креативті экономика туралы» заң жобасын әзірлеу жұмысы мемлекеттік органдардың, бизнес пен шығармашылық қауымдастық өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып жалғасатынын айтты. Оның сөзінше, жиында көтерілген барлық ұсыныс жүйеленіп, жан-жақты зерделенеді. Соның негізінде заң жобасын одан әрі пысықтау кезінде саланың нақты қажеттіліктері ескерілмек.
Бекбол АМАНГЕЛДІ