Онлайн-платформалар мен масс-медиа бойынша түзетулерді қарайды

Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен бюрода алдағы Құрылтай отырысының күн тәртібі жобасы бекітіліп, бірқатар жаңа заң жобасы жұмысқа қабылданды.

Құрылтайдың алдағы отыры­сы­ның күн тәртібіне Қазақстан Рес­­публикасының кейбір заң­на­малық актілеріне онлайн-плат­фор­­­­ма­лар және масс-медиа мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы заң жо­басы, сон­дай-ақ Әкімшілік құ­қық бұзу­шылық туралы ко­декс­тің ілеспе тү­зетулері енгізілді.

Заң жобасы Президенттің он­лайн-платформаларға деструк­тив­ті контентті таратқаны үшін жүк­телетін жауапкершілікті заң­на­малық тұрғыдан бекіту, сондай-ақ балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. 

Атап айтқанда, түзетулер ая­­сын­да жедел хабарлар сервистерін қос­пағанда, он алты жасқа тол­ма­ған пайдаланушыларды әлеу­мет­тік желілерде тіркеуге тыйым салу, онлайн-платформалар өкіл­дік­терін міндетті түрде есептік тір­кеуге қою, білім беру курс­та­ры­ның авторларына қатысты же­келеген талаптар және басқа да ша­ралар қарастырылған.  

Сондай-ақ 2027-2029 жылдар­ға арналған республикалық бюд­жет туралы заң жобасын екінші оқы­лымда қарау жоспарланып отыр. Үш жылдық кезеңге арнал­ған республикалық бюджетті қа­лыптастыруды көздейтін, елдің не­гізгі қаржылық және әлеуметтік өл­шемдерін айқындайтын құжат­ты Құрылтай 14 қазанда бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Заң жобасын қарау барысында де­путаттар Президент Жолдауын­да айтылған тапсырмаларды іске асыру шеңберінде 2027 жылы бюд­жет шығыстарын ұлғайтуды көз­дейтін түзетулерді қолдаған. Олардың қатарында ең төменгі жа­лақы мөлшерін көтеру, учас­келік дәрігерлердің жалақысын 40%-ға дейін көбейту, инфра­құры­лымдық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асы­ру және басқа да мәселелер бар.

Қазақстан мен Сингапур ара­сын­дағы қылмыстық істер бойын­ша өзара құқықтық көмек ту­ралы келісім жөніндегі ратифи­ка­ция­лық заң жобасы да күн тәртібіне ен­гізілді. Бұл құжат екі елдің құ­зы­­рет­ті органдары арасындағы ын­тымақтастықты нығайтады. Қы­лмыстық істерді тергеу, тінту жүр­гізу, банк шоттары туралы ақ­парат алмасу және Қылмыстық жол­мен алынған табыстарға қа­тысты шаралар қабылдау бары­сын­да дәлелдемелер алу үшін құ­қықтық негіз қалыптастырады. 

Сондай-ақ депутаттар Түркі мем­лекеттері ұйымына мүше ел­дер арасындағы цифрлық эко­но­мика саласындағы әріптестік тура­лы келісімді ратификациялау тура­лы заң жобасын қарайды. Құ­жат электрондық сауда, цифр­лық төлемдер және киберқауіп­сіз­дік саласындағы ынтымақтас­тық­ты нығайтуға, қазақстандық тауарларды түркі елдерінің на­рық­тарына кіргізуге және сауда ке­дергілерін азайтуға бағыт­тал­ған.

Құрылтай отырысы бары­сын­да «Қазақстан Респуб­ли­касын­да­ғы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Қазақстан Рес­публикасы Конституциялық Сотының жолдауы туралы ақпа­рат­ты тыңдау да жоспарланып отыр.

Сонымен қатар бюро міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеу­меттік қамсыздандыру мә­се­лелері бойынша түзетулерді және Ислам елдерінің Стандарттау жә­не метрология институтының (SMIIC) жарғысын ратифи­кация­лау туралы заң жобасын жұ­мысқа қабылдады. Құжаттар қо­рытынды әзірлеу үшін тиісті ко­митеттерге жіберілді.