Логиканың тарланы

Ғылым жолы – табандылықты, терең білімді, ізденісті және өз ісіне деген шынайы адалдықты талап ететін жауапты жол.

Әсіресе адамзаттың болмысы мен сана­сын, қоғам мен руханияттың күрделі мәселелерін зерделейтін іргелі ғылым саласына жататын филосо­фия бағытында еңбек ету үлкен парасат пен биік мәдениетті қажет етеді. Осындай өнегелі жолды абыроймен жүріп келе жатқан ғалымның бірі ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия саласының білікті маманы, Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымына сүбелі үлесін қосып келе жатқан Лесхан Әмірханұлы Асқарды айтар едік.

Биылғы жыл Лесхан ағайдың оқы­­тушылық-шығарма­шы­лық өмірі айтулы белеспен – 70 жылд­ық мерейтоймен қатар келіп отыр.

Лесхан ағаймен біздің танысты­ғымыз да 1992 жылы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінің филосо­фия мамандығына оқуға түсіп, сол заманда «сельхозка» деп аталатын Алматы қаласының іргесіндегі көп колхоздың бірінде қызылша, картоп секілді өнімдерді жинауға барған ауыл­шаруашылық науқанында бастау алып, одан бері уақытта беки түсті. Студенттік шақтың екпінімен жұмыс­ты жапырып істеп, кешке қос басын­да­ғы ән-күй мен қызықты әңгіме­лермен өткен 3 апталық сельхозка бір-бірімізді етене тануымызға себеп болып еді. Кешкі астан кейінгі жиі болып тұратын басқосуларда Лесхан ағайымыз адамзат тарихындағы фило­софиялық ойлар, мектептер мен ізден­істер туралы жанды баурап әкететін пікірлерімен бөлісіп отыратын. Лесхан ағайдың осындай кездесулердің бірінде айтқан «Білім алуда да, беруде де көп нәрсе өзгереді, өйткені бұрынғы жүйе жоқ, ал жаңа жүйе жаңа шешім­дерді қажет етеді. Бұл – заңдылық. Сон­дықтан сіздердің көңілдеріңізді де «Философия мамандығын неге таңда­дым, мен осы мамандыққа дұрыс түстім бе және бұл маған не береді?» деген сауалдар жиі мазалайтын бола­ды. Әрине, оған әркім өз мүмкіндігіне қарай жауап берер, біреулеріңіз мүл­дем кетулеріңіз, екіншілеріңіз басқа мамандыққа ауысуларыңыз әбден мүмкін. Алайда бір нәрсені анық айта аламын: қоғамда өмір сүріп, оның алдымызға қоятын сан түрлі сауал­дарына ой жүгіртетін адам ешқашан философиядан алыс бола алмайды. Ал өзін ғылым саласымен байланыс­тырғысы келетін адам үшін философия базалық ғылым, дүниетанымдық бағ­дар ретінде мәңгі қала береді» деген толғанысы әлі күнге дейін жадымызда.

Жалпы, 1992-1996 жылдар аралы­ғында біздің қазақ тобымызға куратор болған Лесхан Асқаров ағайымыздың орны бөлек. Лесхан ағамыз біздің тобымызға философия тарихы мен формальды логика пәндерінен дәріс беріп, зейінімізді ашқан ұстаз болуы­мен қатар өзінің кісілік қасиеті мен адамгершілік болмысымен үнемі жаны­мыздан табылатын жанашыр аға болып қалды. 

Енді қысқа түрде Лесхан аға­мыз­дың өмірбаянына тоқтала кетей­ік. Лесхан Әмірханұлы Асқаров 1956 жылғы 15 қарашада Оң­түс­тік Қазақстан облысында (қазіргі Түркіс­тан облысы) дүниеге келген. 1974 жылы Шымкент қаласындағы №12 мектеп-интернатты бітіріп, 1976-1978 жылдары кеңес армия­сы қатар­ында әскери қызметін өтеді. 1978-1983 жылдар аралығында сол кез­дегі С.Ки­ров атын­дағы Қазақ мем­лекеттік универси­тетінің Фило­софия және экономика факультетінің фило­софия бөлімін тәмамдады. 1983-1987 жылдары Алматы cәулет құрылыс институтында ұстаздық етті.

1987-1990 жылдар аралығында М.Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетінде филосо­фия мамандығы бойынша аспиран­турада оқып, сол жерде «Ұлтаралық қатынастардағы идеологиялық үдеріс­терді реттеу мәселелері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты.

1992 жылдың қаңтар айынан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультетінде доценттік қызмет атқарып келеді.

1992-1993 жылдары Түркия Респуб­ликасының Ыстамбұл универ­сите­тінде біліктілігін жетілдірді.

Ғылыми-оқытушылық салада ло­ги­ка, түркі мәдениеті мен филосо­фиясы, қазақ философиясы, ғылым тарихы мен философиясы, сыни ойлау тақырыптарына баса көңіл бөледі. Ұзақ жылғы оқытушылық, шығарма­шылық жұмыстары мен ғылыми ізденісінің нәтижесінде 200-ден астам ғылыми мақалалар, оқулықтар, оқу құралдары мен монографиялары жарық көрді.

Лесхан ағамыз философия ғылым­ының іргелі бағытын құрайтын логика саласындағы ғылыми ізденісінде Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың логика іліміне қосқан үлесін талдап, салыс­тырмалы зерттеулер жасады. Атап айтқанда, 2014 жылы жарық көрген «Логика как феномен культуры мыш­ле­ния в контексте истории филосо­фии» атты монографиялық еңбегінде логика ғылымының тарихына сарап­тама жасап, батыстық және шығыстық ғалымдардың логика туралы ізден­істері мен идеяларын талдап көрсете келе, жұмыстың үшінші тарауының екінші бөлімінде әл-Кинди,  әл-Фара­би және Ибн Сина логикасының ерек­шелігін антика дәуіріндегі ой­шыл­дардың дүниетанымдарымен сал­ыс­тыра талдап, олардың логика саласына қосқан өзіндік үлесін толық түсіндіріп бере алды.

Лесхан Әмірханұлы 2019 жылы жарық көрген «Фарабитану» атты оқу құралындағы ұжымдық ең­бек­те және 2015 жылғы баспадан шық­қан «Өрісті логика» атты еңбегінде әл-Фарабидің таным теориясы мен логикалық трактаттары туралы еңбек­теріне терең пайымдағы түсіндірмелер беріп, өз зерттеулерінің нәтижесі мен төлтума тұжырымдарын ғылыми ортаға паш етті.

Философ ғалымның басты ерек­­ше­лігі – дайын жауапты ұсынудан бұрын, адамды ойлануға жетелеу. Осы тұрғы­дан алғанда,  Лесхан Әмірханұлы – өзі білім алған қара шаңырақтың қабыр­ғасында дәріс оқып, жас ұрпақтың санасына білім нәрін  беріп жүрген ұлағатты ұстаздық­тың үлгісін  көрсетіп жүрген жан. Өйткені қай дәуірде де ұстаз алдынан өткен әрбір шәкірт үшін өнегелі тұлғаның айтқан сөзі, берген бағыты мен ғылыми ізденіске бағдарлаған ұстанымы өмірде басшы­лыққа алатын ұстын болып қала берері хақ.

Сондықтан біздің тобымыз үшін Лесхан Әмірханұлының тұл­ғасы – ғылым мен білімге деген ынтызар­лық­тың, өз шәкірттеріне барын беремін деген ұстаздықтың жарқын үлгісі.

Алдымызда жүрген ағамыз, білім берген ұстазымыз және бүгінгі күні қара шаңырақтағы төл факультетімізде әріптесіміз ретінде жанымызда жүрген Лесхан ағайымыздың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз және ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көре беруіне тілектеспіз!

Қанат НҰРҒАЛИЕВ,

әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ, Философия кафедрасының

аға оқытушысы