Негізі, аталған жүйе Smart City жобасы аясында 2021 жылдан бастап Тараз қаласына қойыла бастаған. Алайда кейінгі бес жылдың бедерінде осы SOS дабыл түймесі арқылы қылмыскердің ұсталғанын естімедік. Жамбыл облыстық Полиция департаменті берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінде Тараз қаласына мұндай 10 дабыл батырмасы орнатылған екен.
– Қазір шаһардағы 10 батырманың 8-і жұмыс істеп тұр. Ал қалған екеуі түрлі ақауға байланысты істен шыққан. Алайда қазір жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізі, аталған батырмалар саябақтарға, халық көп жиналатын жерлерге және көше қиылыстарына қойылған. SOS батырмасының ерекшелігі – дабыл түймесін басу арқылы тұрғындар полициямен байланысып қана қоймай, қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық туралы хабар бере алады, – деді департаменттің баспасөз қызметі.
Әрине, бұл – құп көретін жоба. Бірақ дабыл батырмалары іске қосылған 5 жылдың бедерінде SOS арқылы полицияға бірде-бір шақырту түспепті.
– Негізі, халық аталған батырмаларды күнделікті көргенімен, оған жүгінгісі келмейтін секілді. Департамент тарапынан қанша түсіндірме жұмыстары жүргізілсе де, тұрғындардан шақырту түспеді. Бұл – қылмыстық әрекеттер жоқ деген сөз емес. Турасы, халықтың әлі де болса цифрлық сауаттылығы төмен болып тұр, – дейді департамент мамандары.
Қала тұрғыны Нұрбек Досболовтың айтуынша, жергілікті полиция қызметі тарапынан ақпараттық түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегендіктен тұрғындар дабыл батырмасын көргенімен, оның қызметін мүлде білмейді.
– Бұрын осындай жедел көмек шақыруға арналған құрылғылардың дамыған елдерде болатынын еститінбіз. Кейін өзімізде де орнатылып жатқанын көріп қуанғанмын. Әрине, халық көп жиналатын орындарда ұрлық, бұзақылық сынды қылмыстар болып жатады. Өзім де сол құрылғыны 3-4 жерден көрдім. Алайда оның қызметіне жүгініп, пайдаланып көрейік дейтіндерді байқаған емеспін. Тіпті кей адамдар қалада осындай батырмалардың бар екенін білмейтін де болуы ықтимал. Мұның басты себебі – құқық қорғау қызметкерлерінің ақпараттық түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбеуінде, – дейді қала тұрғыны.
Ал шаһар тұрғыны Алдияр Аспанбеков SOS батырмасының қызметін өзі тексеріп көріп, көңілі толмағанын айтады.
– Қаладағы бұзақылықтар мен қылмыстардың алдын алу үшін осындай құрылғылардың орнатылып жатқанын өте қолдаймын. Алайда бұл батырмалар туралы көп адам біле бермейді. Одан бөлек, дабыл түймелерінің жеделдігі де аса көңіл көншітпейді. Бұған батырмаларға өзім жүргізіп көрген сынақ тәжірибесі барысында көзім жетті. Мәселен, түймені басқан сәтте орталыққа қоңырау шалынғанымен, дауыс біресе жаңғырып, біресе қарлығып жөнді естілмейді. Содан соң оператор байланысушы азаматтың жеке деректерін тәптіштеп, қайта-қайта сұрай береді. Сөйтіп тұрғанда, кемінде 3-5 минут уақытың өтіп кетеді. Шынымен, батырмалардың тиімділігін көргіміз келсе, оларды кеңінен насихаттап, жұмысының жылдамдығын да жүйелі жолға қойғанымыз жөн, – дейді Алдияр.
Бұған қатысты Полиция департаменті өкілдерінің айтар өз уәжі бар.
– Аталған құрылғы бойынша жұртшылыққа жергілікті телеарналар және Instagram, Facebook әлеуметтік желілері арқылы толықтай түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ олардың жұмысы да ұдайы зерделеніп, ақаулары да дер кезінде жөнделуде, – дейді департамент мамандары.
Әрине, тұрғындар неғұрлым өздерін қауіпсіз сезінсе, соғұрлым қолайлы орта қалыптасатыны анық. Алайда бес жылдың ішінде SOS батырмасы арқылы полиция бөліміне бірде-бір шақырту түспегені ойландырады. Сондай-ақ тұрғындар дабыл батырмасы мен дауыстық хабарлама жіберетін түймеге балалардың бойы жетпейтіндігін айтып та шағымданады. Сондықтан құзырлы сала мамандары құрылғының жұмысын жұртшылыққа жіті түсіндіріп, батырма түймелерін де оңтайлы еткендері абзал. Әйтпесе, бұл миллиондаған теңгенің желге ұшқанымен пара-пар.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы