Шоқанның ауылынан шыққан академик

Адамның мінез-құлқы, мақсат-мұраты өскен ортасы, көрген тәрбиесі, үлгі тұтар тұлғалардың өнегесімен байланыста қалыптасады. Түптеп келгенде, бала алдында тұрған асқар таудай әкесіне, анасына немесе елінің атақты адамдарына қарап, соларға ұқсап бағуға тырысады, солардан өнеге алады, яғни жоғарыдағы нақыл сөздің астарлы мағынасы осыған саяды демекпіз.

Осы тұрғыдан келгенде  мақала кейіпкері Сәрсенбай  Әбдірах­ма­новтың өмірде жолы болған адам демекпіз. Өйткені оның туып-өс­кен жері, қазақтың әйгілі әнші-композиторы, ақын Ақан сері Қорамсаұлы «Ауылым қонған Сы­рым­бет саласына, Ғашық бол­дым ақ сұңқар баласына...» деген елге белгілі өлеңіндегі, әсем таби­ғаты Сәкен Сейфуллин жырлаған «Көкшетау» поэмасындағы өлең жолдарындағы «Сексен көл Көк­ше­таудың саясында, Әрқайсы алтын кесе аясында. Ауасы дертке дауа, жұпар иісті, Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?» деп келетін, Бурабай мен Көкшетау өңірінің табиғатын, оның сұлулығы мен шипалы ауасын ерекше суреттеген әйгілі өлке. Одан бөлек, халқы­мыздың небір ығай мен сығайлары шыққан құнарлы топырақ...

Сәрсенбай Қадырұлы 1966 жылы 14 қарашада Көкшетау облысы Володар ауданы Сырымбет ауылында (бүгінгі Солтүстік Қа­зақ­стан облысы Айыртау ауданы Сырымбет ауылы) дүниеге келген. Бұл жерде ұлы ғалым, ағартушы әрі саяхатшы Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен. ХІХ ғасырда Уәли ханның жесірі, Шоқан Уәли­хановтың дана әрі көреген әжесі  Айғаным ханымға Ресей патша­лығы тұратын ғимараттар салып бергені  белгілі. Қазір ауыл іргесін­дегі бұл қоныста ханымның тұрғын үйі, мешіт, медресе, диірмен және шаруашылық құрылыстары кіретін Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық музей-усадьбасы орналасқан. 

Сәрсенбай осындай киелі орындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте оқыды. Бұл – та­рихы тереңге кететін мектеп. Келесі жылы ашылғанына 100 жыл толады екен. Заманында аудандағы ірі мектептің бірі болған. Мұғалім­д­ері де сайдың тасындай педагогтар болыпты. Содан да болар, бұл мектепте білім алған небір айтулы тұлға жетерлік. Солардың арасы­нан Шота Уәлиханов – сәулетші, Қазақстан сәулетшілер одағы бас­қармасының төрағасы, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері, бір­неше ірі ғимараттардың, 20 мо­ну­мент пен ескерткіштің (бас­қа­лармен бірге) авторы, оның ішінде Тоқаш Бокин, Шоқан Уә­ли­ханов ескерткіштері, Алматы­дағы Тәуелсіздік монументі (1996), Қазақстан елтаңбасының дизайны (1996); Қажахмет Балахметов – Қазақ КСР Оқу-ағарту министрі (1974-1987 жылдар); Кәкімбек Салықов – көрнекті ақын, Қара­қал­пақ облыстық партия комите­тінің бірінші хатшысы, Кеңестер Одағы Жоғарғы кеңесі экология комитетінің төрағасы, Жоғарғы кеңестің Президиум мүшесі; Аман­ол­ла Рамазанов – Шымкент және Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы; Абай Байкенжин – медицина ғы­лымдарының докторы, профессор, Астанадағы «Ұлттық ғылыми меди­циналық орталығы» АҚ (ҰҒМО) бас директоры; Марат Нұр­ғо­жин – техника ғылымдары­ның докторы, профессор, «Қазақ­стан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ Пре­зиденті  Қорғаныс және аэро­ғарыш өнеркәсібі вице-министрі, Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ Бас­қармасының төрағасы; Кен­же­болат Хаиров – «ҚазМұнайГаз-Сервис» ЖШС бас директоры, «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ бас директорының орынбасары (2006 жылдан) және тағы басқа халқы­мыздың көптеген ардақты ұл-қыз­дары шыққан.

Міне, осындай республика, қала берді шетелдерге танымал тұлғалар шыққан мектепте оқып жүргенде-ақ Сәрсенбай өзінің алғырлығымен көзге түседі. Мұ­ның бір мәнісі мынада. 1979-1985 жылдар аралығында мектеп дирек­торы З.Атығаеваның ұйым­дас­тыру­­шылық қабілеті арқасында мектеп жанынан құрылған оқу­шы­лардың өндірістік бригадасына бөлінген жер аумағы 5 гектардан 50-ге дейін жеткізіледі. Ол кісінің табандылығымен шаруашылық тарапынан 3 трактор бекітіліп, мектептің қарамағына КАВЗ авто­бусы беріледі. Осы жағдайлар ба­ры­сында ауыл жанындағы Құмды­көл жағалауынан жазғы еңбек және демалыс лагері  ұйымдас­ты­рылып, типтік үлгідегі ғимараттар салынады. Оны көп жыл маши­на­тану пәнінің мұғалімі С.Мұхан­бет­алин басқарыпты. Серік Нұр­мұ­хан­ұлы былай деген еді: «Жазғы еңбек лагерінде 3 мұғалім-тәрбие­ші кезекшілік атқарып, 2 аспазшы мен бір күзетші еңбек етті. 8-10-­класс балаларынан құрылған бри­гадалар өз алқаптары мен жыл­ы­жайларында картоп, қырық­қабат, қызылша, сәбіз, қияр, қызанақ және пияз өсірді. Өнімнің барлығы мемлекетке, сондай-ақ жергілікті қоғамдық тамақтандыру және азық-түлік қызметі кәсіп­орын­дарына жөнелтілді. Одан бөлек, бір табын тайынша мен бір отар тоқтыны бағып-күтіп, олар­дың жүнін қырқу, купкаға түсіру оқу­шылардың мойнында болды. 

Тағы бір айтпағым, лагерьде жүргенде Сәрсенбайдың тағы да көзге түскені бар. Жоғарыда айт­қандай, олардың қарамағындағы бір табын тайынша мен бір отар тоқтыны бағып-күтіп, жақсы жет­іс­тіктері үшін 1983 жылы оқу­шы­лардың еңбек бірлестіктерінің  облыстық слетіне қатысып, еңбегі еленіп 2-орын алды. Міне, Сәрсен­байдың сол заманнан қалыптасқан еңбекқорлығы, малға деген көз­қа­ра­сы кейін оның мал дәрігерлік мамандығын таңдауына әсер еткен болар деп ойлаймын».

Расында, үйдегі ірі қара мен ұсақ малды бала кезінен күтіп-бағу­ға машықтанған, оның ара­сын­да жазғы еңбек және демалыс лагерінде де кәнігі мал өсіруші­лердің «мектебінен» өткен талапты жас, 1984 жылы мектепті бітірген соң ата-анасының рұқсатын алып, Целиноград қаласына келіп, ауыл шаруашылығы институтындағы мал дәрігерлігі мамандығына құ­жат­тарын тапсырады. Сол жылы қабылдау комиссиясы талапкер­лерге «жеңілдік» жасап, тәжірибе ретінде аттестаттағы орташа баға­сы 4,5 болған студенттерге төрт пәннің орнына екі сабақтан ғана емтихан тапсыруға мүмкіндік беріп, біреуінен 5, екіншісінен 4 алса, яғни 9 балл жинаса, студент­тер қатарына қабылдайтын ереже енгізеді. Мұндай сынақ Сәрсен­байдың оң жамбасына дөп келіп, қиналмай-ақ тапсырып, студент атанады. Алайда көп ұзамай, келесі жылы оны Кеңес Армиясы қата­рына шақырып, әскери борышын өтеуге аттанады. Алдымен сер­жант­тар мектебінде оқып, әрі қа­рай әскери қызметін Моңғолия­д­а жалғастырып, 1987 жылы елге оралды. 

Студенттер қатарына қайта оралған ол оқуға құлшына кіріседі. Институт оқытушылары да сайдың тасындай еді. Оған, әсіресе, ве­те­ри­нария ғылымдарының докторы, профессор, паразитолог ғалым Н.Қадыров, анатомия және гис­то­логия кафедрасының оқытушысы Т.Боранова, микробиология кафе­драсының оқытушылары А. Дми­т­риев, М. Никишова жүргізген сабақтар қызықты әрі мазмұнды бола­тын. Ветеринариялық микро­биология, вирусология, эпизоо­тология бойынша сабақтар да көңі­лінен шығатын. 3 курстан ми­кро­биология және вирусология пәндері бойынша студенттік үйір­меге қатысып, институттың ғы­лы­ми конференцияларында баян­дама жасады. Сәрсенбайдың ғы­лымға деген бейімділігін байқа­ғандықтан, Ұлттық биотехнология орталығы базасында жүргізілген «Бұзаулардың эшерихиозын» зерттеу жобасы бойынша орын­дау­шысы болды. Сонымен бірге Б.Шах­манов, Э. Ушакова, А. Тан­раев, Р.Ибрагимов және басқа оқытушылардың сабақтары да мазмұнды және қызықты өтетін. 1991 жылы бес жылда артта қалып, институтты үздік бітірген С.Әбді­рах­мановты эпизоотология және паразитология кафедрасының ассистенті қызметіне қабылдайды.

Бір жыл оқытушылықпен айналысқан Сәрсенбай Қадырұлы ғылым жолына бет бұрып, 1992 жыл­дың қазанынан 1999 жылдың мамырына дейін Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский кен­тіндегі Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне қарасты биологиялық қауіпсіздік пробемалары ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді (аға зертханашы, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер). Бұл ғы­лыми мекемедегі оның негізгі қызметі жасаушы өсінділермен, вирустармен коректі орталармен, вакциналық препараттарды дай­ын­дау және бақылау техноло­гия­сымен жұмыс істеу болады. Осы нституттағы аспирантураны сырт­тай оқып, бітірген соң 1997 жылы С.Әбдірахманов «Ауески ауруына қарсы жоғары белсенді вирус вакцинасын дайындау тех­но­ло­гиясын жасау және оны жан­уар­­ларды иммунизациялау үшін қолдану» тақырыбында канди­даттық диссертация қорғады.

1999 жылдан бастап Сәрсенбай Қадырұлы өзі білім алған С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агротех­никалық университетіне келіп, аға оқытушы, доцент, 2004 жылдан кафедра меңгерушісі, 2018 жылдан декан болып жұмыс істеді. 2009 жылы «Шошқаның классикалық обасы мен Ауески ауруының эпи­зоотологиялық мониторингі және иммунопрофилактикасы» тақыры­бында ветеринарлық ғылымының докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

Профессор С.Әбдірахманов 2004-2018 жылдар аралығында 15 жыл кафедра меңгерушісі, 2018 жылдан 2025 - 2026 оқу жылына дейін декан, соңғы жарты жыл­ын­да университеттің «Жануарлар ғылымы және ветеринария» инс­ти­тутының директоры болып қыз­мет атқарды. Осы кезеңде кафедра мен факультетте барлық мамандық бойынша магистратура мен док­торантура ашылды.

С.Әбдірахманов «ЖОО-ның үз­дік оқытушысы-2011» мемле­кеттік грантының және «Үздік ғы­лыми қызметкер-2021» мем­лекеттік сыйлығының, сондай-ақ 2024 жылғы жетекші ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның  иегері болды. 2011 жылы оған «профессор» ғылыми атағы берілді. Оның жетекшілі­гімен 3 кандидаттық және 3 PhD диссертациясы қорғалды және 30 ғылым магистрі дайындалды.

Профессор С.Әбдірахманов 335 ғылыми еңбектің авторы, оның ішінде импакт-факторы бар 42 мақала, Қазақстанның өнер табыстарына берілген 21 авторлық куәлік, 7 монография, 27 оқулық пен оқу құралы бар. Хирша индексі – 10.

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу уни­вер­ситеті» КеАҚ Ветеринариялық са­ни­тария кафедрасының мең­геру­шісі (2004-2018 жж.) және Мал шаруашылығы ветеринариясы және технологиясы факультетінің деканы (2018-2023 жж.) лауазы­мында жұмыс істеген жылдары бірнеше нәтижеге қол жеткізді. Кафедра мен факультетте 30-дан астам гранттық жоба, 4 бағдар­ла­малық-нысаналы қаржыландыру, 3 халықаралық жоба, сондай-ақ шаруашылық жүргізуші 3 шаруа­шылық келісімшарттық тақырып іске асырылуда. 

Оның басшылығымен 2018 жылы Қазақстан-Қытай биоло­гиялық қауіпсіздік жөніндегі бірлескен зертханасы құрылды. Зертхана қажетті жабдықтармен жабдықталған және BSL-2 қауіп­сіздік стандарты негізінде жұмыс істейді.

Ғалым 2019-2020 жылдары «Агро­өнеркәсіптік кешенді орнық­ты дамыту және ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің қауіпсіздігі» басым бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы болды.  Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жобасының форсайт сарапшысы (2023), 2001 жылдан бастап Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының сарапшысы, 2014 жылдан бастап Тәуелсіз аккре­диттеу және рейтинг агенттігінің сарапшысы, 2012-2018 жылдары Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің сарапшысы қызметін атқарды. 2025 жылдан бастап С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «8D091 Ветерина­рия» мамандығы бойынша доктор­лық диссертацияларды қорғау жөніндегі диссертациялық кеңесі­нің төрағасы атанды.

2026 жыл да ол үшін табысты болды. Наурыз айынан бастап Басқарма мүшесі – зерттеу қызметі жөніндегі проректор лауазымына тағайындалса, көп ұзамай  Пре­зи­дент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды. Сөйтіп, ғалымдықтың биік шыңына баланатын академик атақты Сәрсенбай Әбдірахманов С.Сейфуллин университеті түлек­тері арасында бірінші болып қол жеткізді. Бұл оның ғылым сала­сындағы көпжылғы қажырлы еңбе­гіне берілген лайықты баға демекпіз.

Сөз соңында бүгінде нағыз кемел шағына келген, тарлан ға­лым, ұлағатты ұстаз Сәрсенбай Қадырұлындай парасатты азамат­тың Қазақстанның білімі мен ғылымын дамытудағы асқаралы жолында алатын асуы көп, жарқын күндері мол, қызметі жемісті бола береріне сенім зор.

Өмірзақ СҰЛТАНОВ,

Журналистер одағының мүшесі, 

С.Бердіқұлов атындағы

сыйлықтың лауреаты