«Арал – Каспий» магистралі: Сырда басталған стратегиялық жоба

Күрежол – экономиканың күретамыры, өңірлерді өркендетудің маңызды тетігі саналады. Сонымен қатар елдің транзиттік әлеуетін айқындайтын стратегиялық инфрақұрылым ретінде де мәні жоғары. Осы тұрғыдан қарасақ, елімізде қолға алынған «Арал – Каспий» магистралі Қазақстанның көлік-логистика жүйесінде жаңа кезеңнің басталуына негіз болады деп күтілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың биылғы Жол­дауында еліміздің көлік-логис­ти­ка саласының маңызы қоз­ғал­ды. Оның ішінде Президенттің бас­тамасымен жүзеге асып жат­қан Арал мен Каспийдің ара­лы­ғын қамтитын ауқымды жоба Ба­тыс пен Шығысты жалғап, Қы­тайдан Еуропаға бағытталған жүк тасымалының тиімділігін арт­тыруға мүмкіндік береді деп жос­парланған. Ең бастысы, бұл бас­тама Сыр өңірінің геог­ра­фия­лық орналасуын экономикалық ар­тықшылыққа айналдырып, Қы­зылорда облысының тран­зит­тік әлеуетін жаңа деңгейге кө­теру­ге жол ашады.

Транзиттік мүмкіндіктің жаңа белесі

Президент биылғы жылдың та­мыз айында өңірде бастау ал­ған үш ірі автожол құрылы­сы­ның маңызына терең тоқталып, «Бей­неу – Сексеуіл» бағытын халық­ара­лық маңызы бар жол ретінде атап өткен болатын. Соның не­гі­зін­де бұл жобаны «Арал – Кас­пий» магистралі деп атауды ұсын­ғаны көпке мәлім.

Негізінен, аталмыш жоба ар­қы­лы келешекте Қорғас пен Дос­­тық бағытынан келетін жүк ағы­ны Шымкент, Қызылорда ар­­­қылы Сексеуілге жетіп, одан әрі Бейнеу арқылы Каспий жа­ға­­лауына бағыт алатын болады деп күтіледі.

– Аталмыш көлік дәлізі елдің кө­лік инфрақұрылымын дамы­ту­дың жаңа кезеңіне жол ашады. Бұл бастамалар Қазақстанның тран­зиттік әлеуетін күшейтіп қа­на қоймай, өңірлер арасындағы бай­ланысты нығайтып, Шығыс пен Батысты жалғайтын тиімді кө­­лік жүйесін қалыптастыруға мүм­кіндік береді. Қазір «Батыс Еу­ропа – Батыс Қытай» дәлізі мен Транскаспий бағыты арқылы жүк тасымалына сұраныс артып келеді. Қорғас пен Ташкенттен басталған жүк легі Шымкент пен Қызылорда арқылы Сексеуілге то­ғысып, одан әрі Ақтау порты ар­қылы Бакуге бағытталады. Сон­­дықтан аталған жобалар ха­лық­аралық логистиканың тиім­ділігін арттыруда маңызды рөл ат­қарады. Алдын ала есеп бойын­­­ша, Қытайдан Еуропаға қа­ты­найтын жол шамамен 1000 ша­қы­рымға қысқарып, жүк жет­кізу мер­зімі үш сағаттан астам уақыт­қа үнемделеді. Сондай-ақ жүк ағы­нын 2,5 есеге арттыруға мүм­кін­дік туады, – дейді бұл жайын­да «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қы­зыл­­орда филиалы директорының орынбасары Әли Есентай.

Оның айтуынша, бұл жо­ба­лар­дың өңір үшін де маңызы зор. Атап айтқанда, өңірдегі жол­дар­дың өткізу қабілеті артып, көлік қо­з­­ғалысының қауіпсіздігі жақ­са­­рады. Сондай-ақ жүк және жо­­лаушылар тасымалының тиім­­ділігі артып, аймақтың әлеу­мет­­тік-экономикалық дамуына тың серпін береді. Бұл әсіресе ту­ризм мен кәсіпкерліктің да­муы­на жаңа мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.

Күрежол құрылысы қарқын алды

Жалпы, Сыр өңірінің негізгі ті­ре­гіне айналатын үш жоба – «Бей­неу – Сексеуіл», «Қы­зыл­орда – Сексеуіл» және «Ұлғай-сын – Сексеуіл» автомобиль жолдары саналады.

Бұл жолдардың әрқай­сы­сы­ның өзіндік атқаратын міндеті ай­қын. Бірі жаңа көлік бағытын қа­лыптастырса, екіншісі қол­да-ныстағы жолдың өткізу қабі­ле­тін арттырады, үшіншісі өңі­ра­ралық байланысты күшейтеді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қы­зыл­орда филиалының мәліметіне сәйкес, «Бейнеу – Сексеуіл» ав­томобиль жолының жалпы ұзын­дығы – 800 шақырымды құрайды. Оның 182,2 шақырымы Қызыл­орда облысының аумағынан өтеді. Жоба құны шамамен 195 миллиард теңгеге бағаланған. Екі жолақты екінші техникалық са­наттағы бұл жол құрылысы ба­ры­сында өңір аумағында 32 жол қиы­лысы, 17 кірме жол, 5 де­ма­лыс алаңы, 14 аялдама және 30 су өткізу құбыры салынады деп жоспарланған.

Сонымен қатар «Қызылорда – Сексеуіл» бағыты бойынша 462 ша­қырым автомобиль жолын қай­та жаңғырту да көзделген. Бұл жобаның жалпы құны 832,8 мил­лиард теңгеге бағаланып отыр. Төрт жолақты бірінші «Б» тех­никалық санаттағы жол Қы­зыл­орда облысына қарасты Сыр­да­рия, Жалағаш, Қармақшы, Қа­залы және Арал аудандарының ау­мағын қамтиды. Жоба аясында 9 жол айырығы, 14 көпір және жол бойындағы сервистік ай­мақ­тар қарастырылған.

Ал «Ұлғайсын – Сексеуіл» ав­­­­томобиль жолының жалпы ұзын­дығы 312 шақырымға тең. Оның 97 шақырымы Қызылорда об­лысына тиесілі. Өңір аума­ғын­дағы құрылыс құны шамамен 234 мил­лиард теңгені құрайды. Не­гізінен, бұл жол төрт жолақты бі­­рін­ші «Б» техникалық санатқа жат­­қызылады.

– ­Қазір аталған жобалар бо­йын­­ша құрылыс жұмыстары ке­зең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Ма­мандар жобалық шешімдерді нақ­тылап, құрылыс алаңдарында то­пырақ құрамын зерттеу жұ­мыс­тарын қолға алған. Бұл – бо­лашақ жолдың сапасы мен берік­тігін қамтамасыз етудегі маңызды кезең. Сонымен қатар жолшылар же­келеген учаскелерде то­пы­рақ­тың үстіңгі қабатын алып, жол­дың негізін қалыптастыру жұ­мыс­тарына кірісті. Бүгінде үш ны­сандағы құрылыс жұ­мыс­та­ры­на барлығы 535 техника мен 792 адам жұмылдырылған. Құ­ры­лыс алаңдарында арнайы тех­ни­ка­лар үздіксіз жұмыс істеп, жер тө­семін дайындау жұмыстары қар­қынды жүргізілуде. Бүгінге дейін болашақ автожолдың жер тө­семін қалыптастыру үшін ша­ма­мен 1 миллион текше метр то­пырақ төселді, – дейді Әли Есен­тай.

Әрине, мұндай ауқымды инф­рақұрылымдық жобаларды жү­зеге асыру бірінші кезекте үл­кен ұйымдастырушылық жұ­мыс­ты және сапаға ерекше мән бе­ру­ді талап етеді. Сондықтан құ­­рылыс барысында жобалық та­­лаптардың сақталуына, жол­дың бе­ріктігі мен ұзақмерзімді пай­да­ланылуына басымдық беріліп отыр. Алдағы уақытта негізгі құ­рылыс кезеңдері жалғасып, жо­балар белгіленген жоспарға сәй­кес жүзеге асырылады деп кү­тілуде дейді сала маманы.

Өңір үшін де пайдасы орасан

Ауқымды жобаның тиімділігі тек халықаралық жүк тасы­ма­лы­ның көлемімен өлшенбейтіні бел­гілі. Бұл ретте өңір тұрғын­да­ры­ның күнделікті өміріне, кәсіп­кер­лікке, туризмге және әлеу­мет­тік-экономикалық дамуға да пай­дасы ұшан-теңіз.

Осы тұрғыдан алып қарағанда бұл жобалардың Қазалы мен Арал аудандары үшін маңызы ерек­ше деп айтуға болады. Қос өңір­­дің географиялық орналасуы мен табиғи-туристік әлеуетін ес­кер­сек, жаңа жолдар кәсіп­кер­лік­­ті да­мытуға, қызмет көрсету са­ла­сын кеңейтуге және туристік ба­­ғыттарды жандандыруға ық­па­лы зор болатынын айта кеткен аб­зал.

Атап айтқанда, бұл жобалар ая­сында аталмыш аудандардың жол бойындағы сервистік ор­та­лық­тары, демалыс орындары, жа­нармай құю бекеттері мен қо­ғам­дық тамақтану нысандары жаңа кәсіпкерлік бастамаларға жол ашатыны аңғарылады. Ал бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орын­дарының құрылуына және жер­гілікті халықтың табысының артуына әсер етері сөзсіз.

Жалпы стратегиялық жобаға жүктелген жауапкершілік жүгі же­ңіл емес.  Ең бастысы, Мем­ле­кет басшысы жобаларды белгі­лен­ген мерзімде аяқтауды тап­сыр­ды. Яғни жоспар бойынша қ­ұрылыс жұмыстары 2029 жыл­дан кешіктірілмеуге тиіс. Бұл – мер­дігерлер мен жауапты меке­ме­лерге жүктелген үлкен міндет.

Қорыта айтқанда, Сырдан бастау алған стратегиялық жоба Қа­зақстанның халықаралық ло­гистика нарығындағы бәсекеге қа­білеттілігін арттыратын маңыз­ды қадам ретінде баға­ла­нып отыр. Күрежол Транскаспий халықаралық көлік бағытының мүмкіндігін кеңейтіп, еліміздің Еуразия кеңістігіндегі транзиттік рөлін күшейтеді деп күтілуде. Ал Сыр өңірі үшін бұл жоба тран­зит­тік әлеуетті экономикалық та­бысқа айналдырудың, ауда­на­ралық байланысты жақсартудың және жаңа кәсіпкерлік мүм­кін­діктерін қалыптастырудың жолы ретінде жоғары маңызға ие.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы