Байлықтың бәсі, салықтың салмағы бар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында салық салудағы әділеттілік мәселесіне арнайы тоқталып, бай-бағландарға арналған жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылайтын кез келгенін арнайылап айтқан еді.

Осыған дейін бірнеше рет сөз болып, қоғам талқысынан аспаған тақырып ақыры нақты іс-шараға ұласты. Ендігі жылдан бастап дәулеті асқан қазақстандықтар да «байлар салығын» төлеп отырады. Дегенмен сарапшылар ортасында дәулет дегеннің бәрі қолда тұрған байлық емес деген пікірлер бар. Соған қарағанда салық органдары жаңа төлем түрін әлі де жан-жақты пысықтай түсетін секілді. 

Жалпы, Мемлекет басшысы со­нау 2019 жылы-ақ бұл тақы­рып­­тың шетін шығарған. Сол уақытта айына 300 мың теңгеге дейін табатын адам шамамен 7 пайыз са­­лынып, ал халықтың басым бөлігіне же­­ке табыс салығының 10 пайыздық мөл­­шерлемесі қатысты сақталуы керек де­­ген ойын білдірген. Бұлар айына 300 мың­нан 1,5 млн теңгеге дейін табатын аза­маттарға қатысты. Ал жылына 25 млн тең­геден астам табысқа кенеліп отыр­ған­дар 10 пайыздан артық төлеуі керек де­генге меңзеді. Бірақ 15 пайыздан асыр­­­­мау­ды қатаң тапсырған еді. 

Кешегі сөзінде бұл бас­таманың түп-төркіні көлеңкелі эко­номика мен жем­қорлық сын-қатерлерін азай­тудан туын­дап отырғанын, ал жұ­мыс­ты қолға алу үшін озық тех­но­ло­гия­лар­ды, соның ішін­де жасанды интел­лек­тіні пайдалану қа­жет екенін еске сал­ған-ды. Әлбетте, ада­м­ның адалынан тап­қан дүние-мүл­кіне еш шектеу жоқ. 

28 қазанда Жолдау жарияланысымен Премьер-министр Олжас Бектенов де­реу жиын өткізіп, айтылған тапсыр­ма­лар­дың орындалу жоспарын құруға кі­ріс­ті. Соның ішінде осы салықтың жаңа түрі де бар. Соған байланысты бір ай ішін­де халықаралық тәжірибені зерттеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тә­сіл­­дері жөнінде ұсыныстар енгізуді тап­сыр­ды. 

Жалпы, әлемдік тәжірибеде бай­ларға салық салудың негізгі үш тәсілі қалыптасқан. Біріншісі – қа­таң прогрессивті салық жүйесі (Скан­ди­­­­­навия және Батыс Еуропа елдерінде қол­данылады), екіншісі – азаматтардың та­за активтеріне, яғни байлығына са­лы­натын арнайы салық, үшіншісі – са­лық­тық жеңілдіктер ұсынатын елдердегі тір­келген мөлшерлемелер мен жеңіл­де­тіл­ген салық режимдері. Әр мемлекеттің ұс­танымы әлеуметтік-экономикалық да­му үлгісі мен көздеген мақсаттарына қа­рай біршама ерекшеленеді. Мәселен, бірін­ші байлыққа салынатын тікелей салық азаматтың табысына емес, мен­ші­гіндегі барлық активінің құнына қа­тыс­ты. Оған жылжымайтын мүлік, ак­ция­лар, яхталар, банк шоттарындағы қа­ра­жат пен басқа да активтер кіреді. Са­лық көлемі активтердің жалпы құ­ны­нан қарыз міндеттемелерін шегеру ар­қы­лы есептеледі. Соңғы онжылдықтарда бай­лыққа тікелей салық салатын мем­лекеттердің саны азайғанымен, Еуропа мен Латын Америкасының кейбір елін­де бұл жүйе әлі де өзекті. Айталық, Нор­ве­гияда жеке тұлғалар таза активтерінің құ­нына қарай салық төлейді. Байлығы 1,9 млн норвег кронасынан (шамамен 170 мың доллар) асатын азаматтарға ба­­­­­залық 1 пайыздық мөлшерлеме қолда­ны­лады. Ал капиталы 21,5 млн кронадан ас­қандар үшін салық мөлшерлемесі 1,1 пайызға дейін көтеріледі. Байлыққа са­лық салудың мұндай жүйелері Испа­ния­да, Швейцарияда және Колумбияда да қолданылады.

Екінші түрі мүліктің жекелеген түр­леріне салынады. Кей мемлекет аза­мат­тың бүкіл байлығына салық салудан бас тар­тып, оның орнына қымбат мүліктің бел­гілі бір түрлеріне арнайы салық ен­гіз­ген. Мысал ретінде, Францияны ай­ту­­ға болады. Онда ел азаматтарының бү­­кіл байлығына салынатын салық тек қым­бат жылжымайтын мүлікке қол­да­нылатын IFI салығымен алмастырылды. Егер жылжымайтын мүліктің қарыздар шегерілгеннен кейінгі таза құны 1,3 млн еуродан асса, оған 0-ден 1,5 пайызға дейін­гі прогрессивті мөлшерлеме бойын­­ша салық төлетеді. Италия, Бель­гия сынды елдерде де активтердің жеке­л­е­ген түрлеріне салық салу тетіктері қа­­­­растырылған.

Жалақы, сыйақы, дивиденд және бас­­қа да көздерден тұрақты түрде жо­ға­ры табыс табатын миллионерлер үшін та­быс салығының ең жоғары мөлшер­ле­­­­месін қолданатын елдер де бар. Ха­лық­­аралық зерттеу компанияларының де­ректеріне қарағанда, топ-менеджерлер мен бизнес иелерінің табысына салы­на­тын прогрессивті салықтың ең жоғары мөл­шерлемелері Дания, Финляндия, Жа­пония, Аустрия және Швецияда тір­кел­ген. Бұл елдерде табыс салығының жо­ғарғы мөлшерлемелері шамамен 50-60 пайыз аралығында.

Ал үшінші түрі – тіркелген мөлшер­ле­мелер және салықтан босату режим­де­рі. Бірқатар мемлекет шетелдік ка­пи­тал мен ауқатты инвесторларды тарту мақ­сатында оларға арнайы салықтық жеңілдіктер ұсынады. Мәселен, Италия мен Грекия елге жаңадан қоныстанатын ау­қатты азаматтарға тіркелген мөл­шер­дегі салық төлеу мүмкіндігін қарас­тыр­ған. Мұндай жүйе бойынша инвестор жыл сайын 100 мыңнан 300 мың еуроға дейін белгіленген салық құнын төлеп, арнайы режим қамтитын табыстарына қа­тысты өзге салықтардан босатылады.

Байлар дегенде біздің елде алды­мен көзге түсетін Forbes тізімін­де­гі қалталы азаматтар екені белгілі. Forbes Kazakhstan басылымының мә­лі­ме­тінше, 2026 жылы Қазақстанның ең бай он кәсіпкерінің қатарына Вячеслав Ким, Владимир Ким, Тимур Құлыбаев, Динара Құлыбаева, Болат Өтемұратов, Тимур Турлов, Ибрагимовтер отбасы, Нұр­лан Смағұлов, Айдын Рахымбаев жә­не Сәрсеновтер отбасы енген. Көп жыл­дан бері өзгере қоймаған, көз үй­рен­ген көрініс. Оның үстіне, Қазақ­стан­ның жалпы байлығының жартысына (55 пайы­зына) небәрі 162 адам иелік ететі­нін білеміз. Бұл дерек алғаш 2019 жылы KPMG зерттеу компаниясының дерек­терін­де айтылды да кейін Президент оны 2022 жылғы 21 қаңтарда қайталады. Бұл статистика бүгінге дейін тағы арта түс­ті десек қателеспеспіз. Ең ірі деген к­әсіпкерлер осылай жүздеп саналып жат­қан тұста «байлық салығының» бюд­жетті біраз толықтырары сөзсіз. 

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің сө­зінше, прогрессивті салық жүйесі – ха­лық­аралық тәжірибеде кеңінен қол­да­нылатын тәсіл. Мұндай жүйе Фран­ция­да, Германияда және басқа да көптеген мем­лекетте бар. Ауқатты адамдардың мем­лекет ұсынатын қоғамдық игілік­тер­ді пайдалануға мүмкіндігі де, қажеттілігі де көбірек. Тіпті мәселені барынша праг­матикалық тұрғыдан қарастырсақ, тұ­рақты мемлекет бай адамдардың дәу­летін қоғамдағы наразылықтан, қыз­ға­ныш­тан және өзге де қауіп-қатерлерден қор­­ғайды. Сондықтан ауқатты азаматтар өз­деріне қолайлы жағдай жасап отырған мемлекеттің тұрақтылығын сақтау үшін көбірек салық төлей алар еді. Дегенмен Қа­зақстанда салық мөлшерлемесін Е­уропадағыдай 45 пайызға дейін көтеру мә­селесі қарастырылып отыр деуге негіз жоқ. Болжам бойынша, елімізде әлде­қай­да жұмсақ прогрессивті салық жүйесі қолданылуы мүмкін деп топшылайды. 

Экономист Алмас Чукин мәселе­нің тағы бір қырын еске салады. Мә­селен, стартаптың негізін қалаған кә­­­сіпкер қарызға батып жүріп кәсібін бас­тайды, сосын компаниясының үлес­тер­ін инвесторларға сатады. Уақыт өте келе, компаниясы өсіп, табысты бизнес­ке айналады. Соның нәтижесінде кәсіп­кер­дің компаниядағы үлесінің құны мил­лиард доллардан асады. Қағаз жүзін­де ол аса бай адамдардың қатарына қо­сы­­лады. Енді оған сол миллиардтың 5 пайы­зын, яғни 50 млн долларды бюд­жетке төлеу міндеттеледі. Бірақ оның қо­­­­лында ондай ақша жоқ. Өйткені ком­пания ұзақ уақыт нақты пайда әкелмеуі мүм­кін. Оның байлығы – банк шотында жат­қан ақша емес, компания үлесінің на­рықтық бағасы ғана. Демек, салықты тө­леу үшін кәсіпкер өз үлесінің бір бө­лігін сатуға мәжбүр болады. Бұл – өзі құр­ған бизнесті бақылаудан айырылу де­ген сөз. АҚШ-та осындай кереғар жағ­дайдан құтылу үшін көптеген кә­сіпкерлердің басқа штатқа көшуге мәж­бүр болатынын мысал етіп келтіреді. Ал ең қиыны, кәсіпкер салықты төлегеннен кейін бір жылдан соң стартап банкротқа ұшыраса не болады? Ондай жағдайда бар байлығынан айырылудан бөлек, қарызға батқан күйі қалуы мүмкін. 

Тура сондай жағдай мұрагерлік жағ­дайында да болуы мүмкін. Әкеден қал­ған кәсіп балаларына тигенде біреуі сол істі жалғастырып әкетеді де, қалғандары үле­сін­ алып бөлек кетуі мүмкін. Шаруа­шы­лықты қолға алған баласы бауыр­лары­ның еншісін де, жоғары салықты да төлеуі керек. Ал шаруашылық не кә­сіп дегенің тұнып тұрған ақша емес, әл­гінде айтқандай, нарықтық құны ғана «бай» деген атақ береді. Ал мойнына осын­ша ауыртпалық түскен адамның ақы­рында кәсібі тұралап, ол да барынан айы­рылып қалуы мүмкін. Демек, «бай­лар салығы» дегенде кімнің бай, кімнің кәсіпкер екенін нақты ажырататындай тетіктер қарастырылуы керек. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің мә­ліметінше, алдағы жылдан бастап қа­зақстандықтардың табысының басым бө­лігіне прогрессивті салық шкаласы бойынша салық салынады. Жеке табыс са­лығының мөлшерлемесі азаматтардың жыл­дық табысына қарай 10 немесе 15 пайыз болады. Егер жылдық жиынтық табыс 36 млн теңгеден асса, белгіленген шек­тен асқан бөлігіне жоғары мөл­шер­леме қолданылады.

Оның ішінде бірнеше жерден та­быс табатын азаматтар жылдық жиын­тық кірісінің мөлшерін өздері ба­қылауға тиіс. Егер декларация тап­сыр­­ғаннан кейін табысы белгіленген шек­тен асып кеткені анықталса, шектен ас­қан құны үшін қосымша 5 пайыз са­лық төлеуі қажет болады.

Сонымен қатар жаңа Салық кодек­сін­де оңайлатылған салық режиміне қа­­тысты да бірқатар өзгеріс қарас­ты­рыл­ған. Қазір оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі қол­данылып келеді. Бұған дейін осы режим бойын­ша жылдық табыстың ең жоғары шегі 48 мың айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құраса, жаңа Салық кодексінде бұл меже 600 мың АЕК-ке дейін ұлғай­тыл­ған. Бұл қазіргі межемен шамамен 2,5 млрд теңгеге тең.

Ербол ТҰРЫМБЕТ