Әсіресе еңбек күші шоғырланған оңтүстік өңірлерден жұмыс қолына сұраныс жоғары солтүстік және шығыс аймақтарға азаматтарды ерікті түрде қоныстандыру мәселесі бүгінде мемлекеттік саясаттың өзекті міндеттерінің бірі саналады. Бұл бағытта халықтың көші-қон белсенділігі жоғары Шымкент қаласы да маңызды рөл атқарып отыр.
Шымкент – қоныс аудару үдерісіндегі маңызды орталық
Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде халықтың тығыздығы мен еңбек ресурстарының шоғырлануы жоғары болса, солтүстік және шығыс аймақтарда бірқатар салада мамандар мен жұмыс күшіне қажеттілік бар. Осындай айырмашылықтарды ескере отырып, мемлекет ерікті қоныс аудару тетіктерін іске асыруда. Оның түпкі мақсаты – бір өңірдегі еңбек әлеуетін екінші өңірдің экономикалық сұранысымен ұштастыру.
Халық санының өсуі, еңбек ресурстарының молдығы және ішкі көші-қон ағынының қарқындылығы Шымкент қаласын елдегі көші-қон үдерістерінің маңызды орталықтарының біріне айналдырып отыр. Қалада азаматтарды ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасына қатыстыру, қандастарды қолдау және оларға қатысты әлеуметтік мәселелерді үйлестіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы он айының қорытындысы бойынша қаладан солтүстік және шығыс өңірлерге 196 отбасы немесе 817 адам қоныс аударған. Олардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарын таңдаған. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысына 81 отбасы (375 адам), Павлодар облысына 53 отбасы (192 адам), Шығыс Қазақстан облысына 33 отбасы (121 адам) көшіп барған. Сонымен қатар Қостанай облысына 16 отбасы (62 адам), Абай облысына 7 отбасы (37 адам), Қарағанды облысына 3 отбасы (16 адам), Ұлытау облысына 3 отбасы (14 адам) қоныстанған.
Бұл көрсеткіштер оңтүстік өңір тұрғындарының мемлекеттік қоныс аудару бағдарламасына қызығушылығы бар екенін аңғартады. Әсіресе Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына бағытталған көші-қон ағыны аталған өңірлердегі еңбек ресурстарына деген қажеттілікпен де сабақтас. Қоныс аударған азаматтардың әлеуметтік және жас ерекшеліктеріне назар аударсақ, 817 адамның 473-і – балалар, 234-і – еңбекке қабілетті азаматтар, ал 110-ы – үй шаруасымен айналысатын тұрғындар. Яғни көшіп барғандардың жартысынан астамын балалар құрайды. Бұл бағдарламаның тек еңбек нарығына ғана емес, өңірлердің демографиялық ахуалына да ықпал ететінін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Отбасылардың тұтасымен қоныс аударуы жаңа өңірлердегі мектептердің оқушы контингентін толықтыруға, әлеуметтік ортаның жандануына және ұзақмерзімді демографиялық тұрақтылыққа алғышарт қалыптастырады. Дегенмен бұл әлеуеттің нақты нәтижеге айналуы үшін көшіп барған отбасылардың тұрғын үй, білім беру, медициналық қызмет және жұмыспен қамту мәселелері кешенді түрде шешілуі қажет.
Қандастарды қолдау – көші-қон саясатының маңызды бағыты
Көші-қон саясатының тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – тарихи Отанына оралған қандастарды қолдау және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау. Бұл бағытта да Шымкент қаласында тиісті жұмыстар атқарылуда. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы қаңтар-ақпан айларында 68 отбасы немесе 142 адам «қандас» мәртебесін алған. Сонымен қатар төрт азаматтың мәртебесі алты ай мерзімге ұзартылған.
Қолданыстағы тәртіп бойынша қандас мәртебесі Үкімет айқындаған қоныстандыру өңірлеріне көшу шартымен бес жыл мерзімге беріледі. Ал Шымкент қаласы қандастарды қабылдайтын өңірлер тізіміне кірмейтіндіктен, мұнда аталған мәртебе берілмейді. Осыған байланысты тарихи Отанына оралған азаматтардың белгіленген өңірлерге қоныстануы мемлекеттік көші-қон саясатының басымдықтарына сәйкес жүзеге асырылады.
Қандастарды елге қабылдау мен оларды өңірлерге орналастыру ұлттық демографиялық әлеуетті арттырумен қатар, адами капиталды толықтыруға мүмкіндік беретін маңызды бағыт. Алайда бұл үдерістің нәтижелі болуы үшін азаматтардың кәсіби біліктілігін ескеру, еңбек нарығына бейімдеу, құжаттандыру және әлеуметтік қолдау шаралары өзара үйлесімді жүргізілуге тиіс.
Өңірлік даму міндеттері
Үкімет белгілеген қоныстандыру өңірлерінің қатарына Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ұлытау және Қарағанды облыстары кіреді. Бұл аймақтарда еңбек ресурстарын толықтыру, өндірістік қуаттарды дамыту, ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлікті өркендету тұрғысынан қоныс аударушылардың әлеуетіне сұраныс бар.
Әр өңірдің экономикалық құрылымы мен еңбек нарығындағы қажеттілігі әртүрлі. Мәселен, ауыл шаруашылығы басым аймақтарда аграрлық мамандар мен маусымдық еңбек күшіне сұраныс болса, өнеркәсіптік өңірлерде техникалық және өндірістік мамандық иелеріне қажеттілік жоғары. Сондықтан қоныс аударушыларды орналастыру барысында тек өңірді таңдау емес, азаматтардың мамандығы, кәсіби тәжірибесі және отбасының әлеуметтік жағдайы да ескерілуі керек. Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі қоныс аударған отбасылардың санымен ғана өлшенбеуге тиіс. Ең бастысы, олардың жаңа мекенде тұрақтап қалуы, тұрақты табыс табуы, балалардың білім алуына жағдай жасалуы және әлеуметтік ортаға толыққанды кірігуі. Егер осы мәселелер жүйелі шешілсе, көші-қон бағдарламасы өңірлік дамудың нақты драйверіне айнала алады.
Қалай алғанда да ерікті көші-қон – ортақ ұлттық мүддеге қызмет ететін жемісті саясаттың бағыты. Қазақстан үшін көші-қон саясатының стратегиялық маңызы алдағы жылдары да арта түспек. Өйткені өңірлердің экономикалық әлеуеті, халықтың орналасу тығыздығы, еңбек нарығындағы сұраныс және демографиялық өзгерістер өзара тығыз байланысты. Осы факторларды ескере отырып, ішкі көші-қонды тиімді басқару мемлекеттің орнықты дамуының маңызды шарттарының бірі болып қала береді. Шымкенттен 2026 жылдың он айында 196 отбасының солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударуы – осы бағыттағы жұмыстың нақты көрсеткіштерінің бірі. Оның артында жаңа өмір бастауға бел буған азаматтардың таңдауы, еңбек етуге деген ұмтылысы және тұтас отбасылардың болашағына қатысты шешімі тұр. Әрине, көрсеткіш мұнымен тоқтап қалмасы анық. Қоныс аударушылардың көші әлі де молайып, ел аумағындағы тұтастық пен орнықтылықты нығайта берері даусыз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы