Қазақстанда шулы көліктерді арнайы камералар арқылы анықтау ұсынылды

Қазақстанда түнгі уақытта қатты шу шығаратын көліктерді арнайы камералар арқылы анықтау ұсынылды.

Ішкі істер министрлігі бұл бастаманы қолдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Құрылтай депутаты,«Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Кендебай Адамбек қала көшелерінде заңсыз жарыс ұйымдастыратын жүргізушілер мен қатты дыбыс шығаратын көліктер мәселесін көтерген.

Депутаттың айтуынша, түнгі уақытта мотоциклдер мен қозғалтқышы өзгертілген автомобильдердің шуы тұрғындардың тыныштығын бұзады. Әсіресе мұндай жағдайлар көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан көшелерде жиі кездеседі.

Осыған байланысты депутат шу деңгейін автоматты түрде өлшейтін акустикалық камераларды енгізуді ұсынған. Мұндай құрылғылар көлік қозғалған кезде шыққан дыбысты тіркеп, оның белгіленген нормадан асқан-аспағанын анықтауға мүмкіндік береді.

Ішкі істер министрлігі бұл ұсынысты қолдап, акустикалық камераларды пилоттық режимде енгізу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін білдірді.

Жаңа технологияны қолдану арқылы түнгі тыныштықты бұзатын жүргізушілерді анықтау және жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылау көзделіп отыр.

Дегенмен акустикалық камералардың нақты қай қалаларда және қашан орнатылатыны әзірге белгісіз. Сондай-ақ мұндай құрылғылар тіркеген құқықбұзушылықтар үшін айыппұл салу тәртібі де нақтылануы тиіс.

Қазір Қазақстанда түнгі тыныштықты бұзғаны және көлік құралын заңсыз қайта жабдықтағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал жаңа бастама осы құқықбұзушылықтарды анықтау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.