«Алтын алуды мақсат еттік»: жасөспірімдер Олимпиадасының жүлдегерлері өкінішін жасырмады

Ақнұр Тұрсынғали (57 келі) мен Бибарыс Әшірбай (70 келі) күмістен алқа тақса, Марал Төлепберген (54 келі) жарыста қола жүлдеге ие болды.

Қазақстан құрамасы бокстан Дакарда (Сенегал) өткен жазғы жасөспірімдер Олимпиадасын үш медальмен аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ақнұр Тұрсынғали (57 келі) мен Бибарыс Әшірбай (70 келі) күмістен алқа тақса, Марал Төлепберген (54 келі) жарыста қола жүлдеге ие болды. Отандастарымыз жарыстан кейін Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, көрсеткен өнерлеріне баға берді.

Бибарыс Әшірбай бір айдың көлемінде екі бірдей ірі додаға қатысты. Қазан айында өткен U19 әлем чемпионатында екінші орын алса, Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында да күміс жүлдегер атанды. 

"Екі жарыстың арасы өте қысқа болды. Соған қарамастан, біз бапкерлермен бірге екі додаға да физикалық және психологиялық тұрғыдан тыңғылықты дайындалдық.

Әр жарыста алтын медаль жеңіп алып, еліміздің әнұранын шырқатуды мақсат етеміз. Әлем чемпионатындағы күміс жүлде мен үшін үлкен тәжірибе болды. Жасөспірімдер Олимпиадасына да чемпион боламын деген ниетпен келген едім. Алайда финалдық кездесуде жеңіліп қалдым. Бұл - өз қателігім. Енді сол олқылықтардың орнын толтыру үшін жұмыс істейміз.

Финал басталмас бұрын бәрі жақсы еді. Бірақ шаршы алаңда бапкерлерімнің берген тактикалық тапсырмаларын толық орындай алмадым.

Жасөспірімдер Олимпиадасы біз үшін ұзақ жолдың бастауы деп білемін. Алдағы уақытта осы жарыста жіберген қателіктерімізді түзеп, бұдан да биік белестерді бағындыруға күш саламыз", - деді Бибарыс Әшірбай.

Сондай-ақ Ақнұр Тұрсынғали қыздар арасында 57 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілді.

"Жасөспірімдер Олимпиадасы жылдың басты додасы болғандықтан, бар күшімді салдым.

Бұл жарысқа үлкен дайындықпен келдік. Бабымда болдым деп айта аламын. Осындай ірі додада финалға дейін жетіп, барымды салғаныма қуаныштымын. Алтын медаль алуды мақсат еттік. Дегенмен күміс медаль алған соң, іште бір өкініш бар. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым", - деді боксшы.

Сондай-ақ Ақнұр Тұрсынғали финалдағы жекпе-жек туралы айтып берді. Бұдан бөлек, алдағы мақсатымен де бөлісті.

"Басқа жекпе-жектерге қарағанда ақтық сын қиынырақ болды. Финалда бразилиялық Сара Кампоспен қолғап түйістірдім. Жекпе-жек кезінде аға бапкерлерімнің және жеке жаттықтырушымның айтқан әдіс-тәсілдерін қолдануға тырыстым. Шынымды айтсам, қолымнан келгеннің бәрін істедім. Дегенмен финал болған соң, психологиялық тұрғыдан қиын болды.

Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алдағы уақытта әйелдер арасында Олимпиадада алтыннан алқа тағып, әнұранымызды шырқатқым келеді", - деді Ақнұр Тұрсынғали.

Қазақстан қоржынына қола жүлдені Марал Төлепберген салды. Бұрымды боксшымыз 54 келіге дейінгі салмақтың жартылай финалына дейін жетті.

"Ең алдымен рақмет! Бұл жарыс мен үшін өте ерекше әрі есте қаларлықтай өтті. Себебі жасөспірімдер арасындағы Олимпиада әр спортшының арманы. Осындай үлкен додада елімнің намысын қорғап, қола жүлдеге ие болғаныма қуаныштымын. Жарыс жоғары деңгейде өтті, әлемнің үздік боксшыларымен бақ сынадық. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды.

Әрине Олимпиада жүлдегері атану үлкен жетістік. Бірақ шынымды айтсам, мақсатым алтын медаль болатын. Сондықтан қола жүлдеме қуанғаныммен ішімде әлі де орындалмаған арман бар. Дегенмен бұл нәтижені алдағы жеңістерімнің бастауы деп қабылдаймын. Себебі мен бұдан да жоғары нәтижеге жете алатыныма сенемін", - деді Марал.

Маралдың айтуынша, жасөспірімдер Олимпиадасындағы жарыс оған оңайға соқпаған. Әсіресе, жартылай финалдағы кездесу тартысты өтіп, спортшыға психологиялық тұрғыдан да салмақ салған.

"Жартылай финалдағы жекпе-жек өте тартысты өтті. Қарсыласым да осал емес еді. Олимпиада болғандықтан, психологиялық қысымды сезіндім. Жарыстың атмосферасы да ауыр болды. Бапкерлерімнің берген тапсырмасы мен тактикасын толық орындай алмадым. Мұны өзімнің үлкен қателігім деп есептеймін. Дегенмен, осы кездесу маған қай бағытта жұмыс істеу керектігін көрсетті.

Бұл медаль – тоғыз жыл бойы төккен терім мен тынымсыз еңбегімнің, бапкерлерімнің және маған сенім артқан жандардың қолдауының жемісі. Мұнымен тоқтап қалмай, алда әлі талай биікті бағындырғым келеді. Алдағы мақсатым – жастар және ересектер арасында әлемдік додаларда өзімді дәлелдеу. Ең үлкен арманым - болашақта Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанның көк туын биікте желбірету", - деді Марал Төлепберген.