«Коронавирус жұқтырды» деп жалған жазба жіберген жетісулық 7 жылға сотталуы мүмкін
«Коронавирус жұқтырды» деп жалған жазба жіберген жетісулық 7 жылға сотталуы мүмкін
WhatsApp желісі арқылы Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылының екі тұрғыны коронавирус ауруына шалдыққан деп қауесет таратқан  азаматша ұсталды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаментінің хабарлады. Нақтырақ айтқанда, өңірдегі Жамбыл ауданындағы Үмбеталы ауылының 31 жастағы «Р» есімді азаматшасы WhatsApp желісі арқылы жергілікті тұрғындар арасында Қайназар ауылы мен Ұзынағаш ауылында екі адам коронавирус жұқтырғаны туралы дыбысжазба жіберген. Бұл жалған ақпарат мессенджердің өзге топтары арасында да тез тарайды. Жалған дыбыс жазбаны мыңнан астам жергілікті тұрғын оқып қана қоймай, одан ары таратып үлгергені анықталады. Полиция да қарап қалмай, дереу тексеруге кіріскен. Жалған ақпарат таратушы бірден анықталып, ұсталды. Осылайша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын Үмбеталы ауылының 31 жастағы тұрғыны қолға түсіп, өзінің айыбын толық мойындады. Қазіргі кезде аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 274-бабының 4-бөлігі:  «Төтенше жағдай кезінде көренеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР ҚК-нің аталған бабының, жоғарыда көрсетілген бөлігі бойынша айыпталғандарға 3-тен 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Болат Абаған, Алматы облысы.