Ұлттық валютаға 33 жыл: теңге туралы не білеміз?

Алғашқы қазақстандық банкноттар Ұлыбританияда басылып шықты. Олардың бетінде қазақ халқының көрнекті тарихи тұлғалары бейнеленді.

Бүгін, 15 қарашада Қазақстанда Ұлттық валюта күні және қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтіледі. Биыл теңгенің айналымға енгеніне 33 жыл толды. Осы уақыт ішінде ұлттық валютаның бірнеше үлгісі шығарылып, банкноттардың дизайны мен қорғаныш белгілері өзгерді.

Aikyn.kz сайты теңгенің қалыптасу тарихына шолу жасады.

Қазақстанның ұлттық валютасы 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді. Бұған дейін елімізде кеңестік рубль қолданылып келген еді. Тәуелсіз мемлекет ретінде дербес ақша-несие саясатын жүргізу қажеттілігі ұлттық валютаны шығаруға негіз болды. Теңгені айналымға енгізу туралы Жарлыққа 1993 жылғы 12 қарашада қол қойылды. Үш күннен кейін ел аумағында жаңа ақша қолданыла бастады. Сол кездегі айырбастау бағамы бойынша бір теңге 500 рубльге тең болды.

Алғашқы қазақстандық банкноттар Ұлыбританияда басылып шықты. Олардың бетінде қазақ халқының көрнекті тарихи тұлғалары бейнеленді. Атап айтқанда, бір теңгелік банкнотқа әл-Фарабидің, үш теңгелікке Сүйінбай Аронұлының, бес теңгелікке Құрманғазы Сағырбайұлының, он теңгелікке Шоқан Уәлихановтың, жиырма теңгелікке Абай Құнанбайұлының, елу теңгелікке Әбілқайыр ханның, жүз теңгелікке Абылай ханның бейнесі орналастырылды.

1995 жылы Қазақстанда Банкнот фабрикасы ашылып, қағаз ақша ел ішінде шығарыла бастады. Кейін ұлттық валютаның жаңа үлгілері әзірленіп, олардың қорғаныш белгілері жетілдірілді. 2006 жылы банкноттардың дизайны түбегейлі өзгерді. Ал 2023 жылы Ұлттық Банк «Сақ стилі» деп аталатын жаңа банкноттар сериясын таныстырды. Бұл серияның дизайнында сақ дәуірінің мәдени мұрасы мен ұлттық ою-өрнек элементтері пайдаланылған.

Теңге тарихында мерейтойлық және коллекциялық монеталардың да орны ерекше. Қазақстанның теңге сарайында тарихи оқиғаларға, белгілі тұлғаларға, ұлттық мәдениет пен табиғатқа арналған монеталар шығарылады. Олардың бір бөлігі айналымға арналса, енді бірі коллекциялық мақсатта дайындалады.

Ұлттық валютаның енгізілуі Қазақстанға дербес ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Бүгінде теңге елдегі барлық қаржылық есеп айырысудың негізі саналады. Оның тұрақтылығына инфляция, сыртқы нарықтағы өзгерістер, мұнай бағасы және басқа да экономикалық факторлар әсер етеді.

Айта кеткен жөн, 15 қараша – қаржы жүйесі қызметкерлерінің де кәсіби мерекесі. Бұл күні банк, сақтандыру, салық, қазынашылық және қаржы саласының өзге де қызметкерлерінің еңбегі атап өтіледі.