Бұл ел халқының үштен біріне жуығын құрайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Кибершабуылға Францияның мемлекеттік пошта операторы La Poste тобына қарасты Maileva платформасы ұшыраған. Аталған сервис компаниялар мен мемлекеттік мекемелерге құжаттарды электронды түрде дайындап, пошта арқылы жіберуге мүмкіндік береді.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, хакерлер жүйеге қыркүйек айында заңсыз кірген. Алайда деректердің ұрланғаны туралы ақпарат қарашада жарияланды. Қаскөйлердің қолына 22 миллион адамның аты-жөні мен пошта мекенжайы түскен.
Maileva қызметін ауруханалар, медициналық зертханалар, тұрғын үй ұйымдары және басқа да мекемелер пайдаланады. Сондықтан ұрланған ақпараттың арасында түрлі ұйымдардан хат алған азаматтардың деректері бар.
Компания өкілдері банк шоттары мен төлем карталары туралы мәліметтердің ұрланғаны анықталмағанын хабарлады. Дегенмен мамандар жеке деректердің таралуы алаяқтық әрекеттерге жол ашуы мүмкін екенін ескертеді. Қаскөйлер азаматтардың аты-жөні мен мекенжайын пайдаланып, жалған хабарлама жіберуі немесе өзін ресми мекеме қызметкері ретінде таныстыруы ықтимал.
Оқиғадан кейін компания Францияның дербес деректерді қорғау жөніндегі ұлттық комиссиясына хабар беріп, құқық қорғау органдарына шағым түсірді. Қазір кибершабуылға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.
Әзірге шабуылды кім ұйымдастырғаны және ұрланған ақпараттың қандай мақсатта пайдаланылғаны белгісіз.