Қазақстанда азаматтар 86 500 теңгеге дейінгі әкімшілік айыппұлды өтеу кезінде жеке сот орындаушысының 25 пайыздық сыйақысын төлемей алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл мүмкіндік цифрлық сот орындаушысы жүйесі арқылы қарастырылған.
Әділет министрлігінің мәліметінше, елімізде жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізу жүйесі енгізілген. Ол мемлекет алдындағы берешегі 20 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын азаматтарға арналған. 2026 жылы бұл сома 86 500 теңгені құрайды.
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – берешекті өндіріп алу жұмыстары автоматтандырылған тәртіппен жүргізіледі. Яғни азаматтың қарызын өндіруге жеке сот орындаушысы қатыспайды. Соның арқасында борышкер қосымша 25 пайыздық сыйақы төлеуден босатылады.
Мәселен, бұрын атқарушылық іс жүргізуге өткен берешекті жеке сот орындаушысы өндірген жағдайда азамат негізгі қарызынан бөлек оның қызметіне де ақы төлеуі мүмкін еді. Ал жеңілдетілген тәртіп бойынша өндірілетін берешекке мұндай қосымша шығын қарастырылмаған.
Министрлік мәліметінше, атқарушылық әрекеттер арнайы ақпараттық жүйе арқылы онлайн жүргізіледі. Бұл берешекті өндіріп алу рәсімін жеңілдетіп, азаматтардың шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
Дегенмен жаңа тәртіп барлық берешекке бірдей қолданылмайды. Ол мемлекет пайдасына өндірілетін, мөлшері 20 АЕК-тен аспайтын және жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізу талаптарына сәйкес келетін берешекке қатысты.