Ескі 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттармен не істеу керек – Ұлттық Банк түсіндірді

Қазақстанда ескі үлгідегі 2 000 және 5 000 теңгелік банкноттардың айналымда жүру мерзімі аяқталды.

Дегенмен азаматтар қолындағы ақшасын жаңа банкноттарға айырбастай алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ұлттық Банктің мәліметінше, 2026 жылғы 24 маусымда ескі үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттардың айналымда жүру мерзімі аяқталды. Ал 5 000 теңгелік банкноттар 2025 жылғы 24 қыркүйектен бастап айналымнан алынды. Бұл аталған ақшалардың құны жойылды дегенді білдірмейді.

Азаматтар ескі банкноттарды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде үш жыл ішінде айырбастай алады. Ал Ұлттық Банктің филиалдарында мұндай айырбастауға мерзімдік шектеу қойылмаған.

Сонымен қатар ескі үлгідегі 10 000 теңгелік банкноттарды пайдалану мерзімі 2027 жылғы 27 маусымға дейін ұзартылды. Демек, азаматтар бұл ақшамен дүкендерде есеп айырысып, тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады.

Ескі үлгідегі 1 000 теңгелік банкноттар 2027 жылғы 27 наурызға дейін, ал 500 теңгелік банкноттар 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін жаңа үлгідегі ақшамен қатар айналымда болады.

Ұлттық Банк ескі банкноттарды айырбастау үшін асығудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Айналымнан алынған ақша белгілері белгіленген тәртіппен номиналдық құны бойынша айырбасталады.