Air Astana әуе компаниялар тобы 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 1,29 миллиард доллар түсім түсіргенімен, есепті кезеңді 2,7 миллион доллар таза шығынмен аяқтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Компания жариялаған қаржылық есепке сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында түсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,9 пайызға артқан. Бірақ шығындардың көбеюі компанияның қаржылық нәтижесіне кері әсер еткен. Былтыр осы кезеңде Air Astana 31,2 миллион доллар таза пайда тапқан еді.
Тоғыз айда компанияның пайыздар, салықтар, амортизация және әуе кемелерін жалға алу шығындары шегерілгенге дейінгі пайдасы (EBITDAR) 5,7 пайызға төмендеп, 247,3 миллион долларды құрады. Ал осы көрсеткіш бойынша табыстылық деңгейі 23,9 пайыздан 19,1 пайызға дейін азайды.
Қаржылық нәтижеге операциялық шығындардың табыстан жылдам өсуі әсер еткен. Атап айтқанда, бір қолжетімді орын-километрге шаққандағы түсім 15,9 пайызға артса, тасымалдың өзіндік құны 21,3 пайызға өскен. Бұған Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты техникалық мәселелер, ұшақтарға қызмет көрсету, қызметкерлердің еңбекақысы мен жанармай шығындарының артуы себеп болған. Әсіресе үшінші тоқсанда шетелден сатып алынатын авиаотын бағасы бір жыл ішінде 47 пайызға қымбаттаған.
Сонымен қатар компания тасымалдаған жолаушылар саны 1,1 пайызға азайып, 7,44 миллион адамды құрады. Қолда бар ақша қаражаты 539,6 миллион доллардан 511,5 миллион долларға дейін қысқарған. Ал таза қарыздың EBITDAR көрсеткішіне қатынасы 1,3-тен 1,9 есеге дейін өскен.
Дегенмен үшінші тоқсанда компанияның қаржылық нәтижесі біршама жақсарған. Шілде-қыркүйек аралығында түсім 20,6 пайызға өсіп, 529,1 миллион долларға жетті. EBITDAR көрсеткіші 105,6 миллион долларды құраса, таза пайда 18,5 миллион доллар болды. Алайда бұл өткен жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда 10,3 пайызға төмен.