Қазақстандық киберспортшы жүлде қоры 1 миллион доллар болатын турнирде жеңіске жетті

Бұл FURIA командасының соңғы бір айдағы үшінші ірі жеңісі.

Қазақстандық киберспортшы Данил Голубенко (molodoy) Гонконгта өткен BLAST Rivals 2026 Season 2 халықаралық турнирінің чемпионы атанды.

Қазақстандық ойыншы өнер көрсететін бразилиялық FURIA командасы финалда Team Spirit ұжымын 3:0 есебімен жеңді. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион долларды құрады. Ал жеңімпаз команда 250 мың доллар (шамамен 111 миллион теңге) сыйақы алды.

Голубенко финалдық кездесуді 1,30 рейтингпен аяқтап, турнирдің үздік ойыншыларының қатарына енді. Ал ең құнды ойыншы (MVP) атағы оның командаласы Кайке Сератоға бұйырды.

Бұл FURIA командасының соңғы бір айдағы үшінші ірі жеңісі. Бұған дейін ұжым Мальта мен Румынияда өткен халықаралық турнирлерде чемпион атанған.