Трактор астында жаншылып, көз жұмды: Ақмола облысындағы қайғылы оқиғадан кейін жұмыс беруші үнсіз қалған

Ақмола облысының Зеренді ауданында ауыр қайғылы оқиға болды. Елікті ауылының маңында К-700 маркалы трактор аударылып, жүргізушісі ауыр техниканың астында қалып, оқиға орнында көз жұмды. Алайда қайғылы жағдайдың өзі ғана емес, одан кейінгі тағы бір жайт назар аудартады.

Жұмыс беруші өндірістегі жазатайым оқиға туралы мемлекеттік еңбек инспекциясына мүлде хабарламаған болып шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

14 қарашада Зеренді ауданына қарасты Елікті ауылының маңында К-700 маркалы трактор белгісіз себептермен аударылып кеткен. Ауыр техниканың кабинасында болған жүргізуші трактордың астында қалып, алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында қайтыс болған.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның мән-жайын анықтап, қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Бұған қоса, оқиғаға қатысты еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы да назарға ілінді. Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, жұмыс беруші тарапынан жазатайым оқиға туралы ресми хабарлама да түспеген.

- Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Жұмыс берушінің жазатайым оқиға фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар жұмыс берушіге жазатайым оқиға туралы хабарлама беру жөнінде тиісті нұсқаманы орындау міндеті жүктеледі, – дейді Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінен.

Осылайша, қайғылы оқиға бойынша тергеу жалғасып жатқанымен, жұмыс берушінің мемлекеттік еңбек инспекциясына хабарламау фактісі де заң аясында қаралатын болды.

Бір адамның өмірін жалмаған бұл оқиға өндірістегі қауіпсіздік талаптарын сақтаудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте еске салды. Енді тергеу нәтижесінде апаттың нақты себебі, оған қандай жағдайлар түрткі болғаны және жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.